Ұлытау облысын дамытуға 2026 жылға дейін 1,4 трлн теңге көлемінде инвестициялар тартылады — Берік Әбдіғалиұлы

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баспасөз мәслихатын өткізді.

Аймақты дамытудағы басым бағыттардың бірі – тұрғын үй мәселесі. Әкімнің сөзінше, облыста 6 арендалық (Жезқазған – 1, Жаңаарқа ауданы – 5), 4 кредиттік (Жезқазған – 1, Сәтбаев – 3) және 17 коммерциялық үй (Жезқазған – 11, Сәтбаев – 2, Жаңаарқа ауданы – 2, Ұлытау ауданы – 1) салынады. Бұл шамамен 3 мың пәтер. Үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 998,4 млн теңгеге 100-ден астам пәтер сатып алынады.

«Сонымен қатар жастарды қолдау үшін «Ulytau Zhastary» бағдарламасы қабылдадық. Отбасы банкімен бірлесіп жеңілдетілген кредиттеу аясында жыл соңына дейін 40-тан астам жастар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, оған облыстық бюджеттен жыл сайын 500 млн теңге бөлу жоспарлануда», — деді өңір басшысы.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, облыста қарқынды үй құрылысын жүргізуге жылудың жетіспеуі кедергі болып отыр. Мысалы, былтыр 34 пәтерлі үй пайдалануға тапсырылмады. Өйткені жаңа үйлерді жылыту жүйесіне қосқан жағдайда, қасындағы үйлерге жылудың жетпей қалу қаупі болған. Десе де биыл жылу құбыры тартылып жатыр. Әкім сөзінше, өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық қарқынды. Жезқазған ЖЭО-дағы 6 қазандық агрегаттарында жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.  Жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге 2-ші және 3-ші кезектегі Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта жаңарту жалғасуда, cондай-ақ 1,6 км жылу магистральдық желілері жөнделді. Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта жаңарту 2-ші кезек (РБ1,7 млрд теңге), Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта жаңарту 3-ші кезек (РБ 0,1 млрд теңге) басталған. Сондай-ақ Сәтбаев қаласының №3 магистральдық жылу желісі мен №1, №2, №3 учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы 2023-2024 жылдарға облыс бойынша 15,7 шақырым жылу желілері салынып, жаңғыртылатын болады деп мәлімдеді аймақ басшысы. 

Былтыр облысты дамыту бойынша 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспар қабылданған. Жоспар аясында 1,4 трлн теңге көлемінде әр көзден инвестициялар тартылады. Бүгінгі таңда Кешенді жоспар бойынша 85,7 млрд теңгеден астам қаржы салынып, (РБ 4,4 млрд теңге, ЖБ1,8 млрд теңге, ЖИ 79,5 млрд теңге) құны 5,3 млрд теңге болатын 6 жоба іске қосылып, 430 жаңа жұмыс орны құрылған.

«Аймақты дамытудағы келесі басым бағыт – экономиканы әртараптандыру. Кешенді жоспар аясында 2026 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 140 млрд теңгеге 14 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Жаңа жоба ретінде мұнай өндіру зауытының жобасын көздеп отырмыз», — деді Берік Әбдіғалиұлы.

Өңірде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тек 3 түрі (1-ші сұрыпты ұн, 1-ші сұрыпты нан және сиыр еті) өндіріледі. Қалған 16 позиция (картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы, макарон, сүт, сүзбе, айран, тұз, май, жұмыртқа, тауық еті) сырттан әкелінеді. Сол себепті өнімнің жекелеген түрлеріне бағаның айтарлықтай өсуі байқалады. Өткен жылдың желтоқсан айында тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында 4,5 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар өнімін сатып алуға Үкімет резервінен 1,0 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 994,6 тонна өнімнің көлемінде тауарлық интервенциялар жүргізілді (пияз – 288,3 тонна, картоп – 31,2 тонна, қырыққабат – 16 тонна, сәбіз – 23 тонна, бірінші сортты ұн – 510 тонна, қарақұмық – 9 тонна, күнбағыс майы – 10,1 тонна, күріш – 107 тонна). Тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында ӘКК үш өндірушімен 2023 жылғы күзгі егінге қосымша келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта 2 ауылшаруашылық тауарын өндірушімен форвардтық қаржыландыру келісімшарттарын жасау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ облыс әкімінің сөзінше, 2026 жылға дейін жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық агрожобаларды іске асыру жоспарланған.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарға 2,5 пайыздық несиемен жалпы сомасы 573 млн теңгеге микрокредит беру іске қосылды. Жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеге 581 микрокредит мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, техника мен жабдықтар сатып алуға берілетін болады, оның ішінде 1,2 млрд теңгеге «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша 50 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынады», — деді ол.

Бұдан бөлек, Берік Әбдіғалиұлы ағымдағы жылы пайдаланылмай жатқан жердің 86 мың гектары қайтарылғанын (жоспар бойынша 250 мың гектар), сондай-ақ жыл соңына дейін мемлекет меншігіне 163,3 мың гектар қайтарылатынын айтты.

Сонымен қатар облыс әкімі денсаулық сақтау саласы бойынша өңірдегі жобалар туралы баяндады. Оның сөзінше, Жезқазған қаласында алдыңғы қатарлы медициналық техникамен жарақтандырылатын заманауи перинаталдық орталықтың ЖСҚ әзірленіп жатыр. Шілде айында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 4 ФАП құрылысы аяқталады (Ұлытау ауданы Сарысу, Бозтұмсық ауылдарында, Жаңаарқа ауданы Атасу, Бидайық ауылдарында). Тағы да 5 фельдшерлік-акушерлік пункт (Ұлытау ауданы, Жетікоңыр, Байқоңыр, Қоскөл, Терісаққан ауылдарында, Жаңаарқа ауданы Ынталы ауылында) құрылысы, ал Ұлытау ауылында аудандық аурухана құрылысы басталады.

Бұдан бөлек, өңір басшысы канадалық жоғары оқу орындарымен серіктестікте Ұлытау техникалық университетін ашу жоспарланып отырғанын айтты. Қос дипломды білім беру (double-degree) бағдарламаларын тау-кен-металлургия, IT, инженерлік технологиялар, экология және т. б. саладағы әріптес жоғары оқу орындарымен бірлесіп іске асыру көзделген. Сондай-ақ Жезқазған қаласының Қабанбай батыр шағын ауданында 300 орындық мектеп салынады. Жоба сомасы – 1,1 млрд теңге.

«Жезқазған қаласында 320 орындық және 280 орындық екі балабақша, Сәтбаев қаласында 320 орындық балабақша салынады. Сәтбаевта үш балабақшаны күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленіп, Оқушылар сарайының құрылысы аяқталады», — деді Берік Әбдіғалиұлы.

Сонымен қатар Абай атындағы мектеп-интернат үшін 200 орындық жатақхана салу (1,4 млрд теңге), 10 мектеп автобусын сатып алу (462 млн теңге), 41 пәндік кабинет (411 млн теңге) және 8 робототехника кабинетін (28,8 млн теңге) жарақтандыру жоспарланған.

Облыс Қазақстанның орталық бөлігінде орналасқанына қарамастан көлік тұйығында тұр. Аймақ басшысының айтуынша, күзде логистиканы дамыту үшін ұзындығы 208 шақырым «Қызылорда – Жезқазған» автожолын қайта жаңарту бойынша жұмыстар басталады. Солтүстік бағытта жалпы сомасы 771 млн теңгеге ұзындығы 30 шақырым «Ұлытау – Арқалық» автожолына орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы облыс бойынша 2023 жылы барлығы 7,5 млрд теңгеге 48 шақырым республикалық және 35 шақырым облыстық маңызы бар автожол жөндеуден өтеді. Сондай-ақ 137,7 шақырым қалаішілік және кентішілік жолдар салынады, реконструкцияланады және жөнделеді. Тек Жезқазған қаласының өзінде 3.1 млрд тенге бөлініп, былтырғы жылмен салыстырғанда 2.5 есе көп жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деп мәлімдеді облыс әкімі.

Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысында Үйтас-Айдос су қабылдағышы қайта жаңартылады деді. Биыл Ұлытау облысының әкімшілік орталығында су құбырын шаруашылық-ауыз су тазарту құрылысына дейін салумен бірге Үйтас-Айдос су қабылдағышының 2-ші көтергішін реконструкциялау көзделген. Жоба сомасы – 4,2 млрд теңгеден астам. Жалпы өңір басшысы атап өткендей, 2023 жылы 79,9 шақырым сумен жабдықтау желілерін салу және қайта жаңарту жоспарланған. Инвестиция көлемі – 10 млрд теңге.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу