Ұлытау облысында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 2 жыл ішінде 6 мектеп салынады – Берік Әбдіғалиұлы

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.

Бірінші кезекте өңір басшысы облыстың дамуындағы негізгі өзгерістерге тоқталды. Статистикалық мәліметтерге сай, Ұлытау облысы экономикасының даму векторын өнеркәсіп саласы айқындайды, оның Жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) үлесі 60%-дан асады (еліміз бойынша – 30%). Жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі саналады (4-орын) және 3,4 млн теңгені құрайды, бұл орташа республикалық деңгейден 29,6%-ға жоғары.

«Жыл қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы көлем 7,5 млн теңге болады деп күтілуде. Мұның бір себебі – облыста халық саны өте төмен», — деді Берік Әбдіғалиұлы.

Сонымен қатар 10 ай ішінде Ұлытау облысының өнеркәсіптік өндірісі 3,4%-ға төмендеген, бұл тамыз айында Жезқазған мыс балқыту зауытының кен-термиялық пешін күрделі жөндеуге тоқтатуымен тікелей байланысты. Жалпы Жезқазған мыс балқыту зауытының үлесі барлық өнеркәсіп өндірісінің шамамен 63%-ын құрайды. Ал «Қазақмыс» компаниялар тобы өңірдің барлық өнеркәсіп өндірісінің 72%-ын құрайды.

Оған қоса жауын-шашынның ұзаққа созылуы нәтижесінен ауыл шаруашылығында да (4,1%-ға) төмендеу байқалды, бұл негізінен егін шаруашылығы көлемінің кемуіне байланысты. 

Басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру 54%-ға, негізгі капиталға тартылған инвестициялар 22%-ға, көлік пен сауданың тиісінше 4%-ға өсуі байқалады. Орташа айлық жалақы 471 300 теңгеге дейін өсті, бұл орташа республикалық деңгейден 1,3 есе жоғары, республика бойынша – 3-орын.

«Жалпы жыл қорытындысы бойынша бізде негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика күтілуде», — деді Б. Әбдіғалиұлы.

Ұлытау облысы әкімінің айтуынша, алға қойылған міндеттерге қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі – өңірдің қаржылық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз етуі. Бүгінгі таңда облыстық бюджет 144,5 млрд теңгені құрайды. Салық базасын кеңейту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы көрсеткіштер бастапқы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28%-ға өсті. Бұл ретте жыл басынан бері өңір кірістері 36 млрд теңгеден 46,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Жыл басынан бері «Қазақмыс» компаниялар тобынан шоғырландырылған бюджетке түсетін түсімдер 116 млрд теңгеден астам соманы құрады, жыл бойынша шамамен 140 млрд теңге түседі деп болжануда. Бұл ретте осы соманың 71%-ы республикалық бюджетке түседі.

Облыстық бюджет қаражатынан басқа, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражаты есебінен облыс аумағында осы жыл ішінде 10,8 млрд теңге сомасына, ал келесі жылы шамамен 80 млрд теңге сомасына (Жезқазған – Қызылорда, Жезқазған – Қарағанды, Үйтас – Айдос) жобалар іске асып жатыр.

Ал 2024 жылға арналған бюджет жобасы нысаналы трансферттерді (бағалау) ескере отырып, 146 млрд теңге көлемінде қалыптастырылды, бұл биылға бастапқы бекітілген бюджеттен 1,3 есе артық.

«Әрине, республикалық ауқымда біздің халқымыздың саны көп емес. Мысалы, біздің бюджетіміз еліміздегі ең аз бюджет және Қарағанды облысының бюджетінен 4 есе дерлік, Жетісу облысынан 3 есе және Абай облысынан 2 есе аз. Алайда жан басына шаққандағы көрсеткіштер негізінен жаман емес», — деді өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы.

Инвестициялар ағынын арттыруға мүмкіндік беретін тетіктердің бірі бес жылдық мерзімге арналған Кешенді даму жоспарын қабылдау болды. Кешенді жоспарды іске асыру басталғаннан бері облыс экономикасына 247 млрд теңге тартылды. Облыс әкімінің айтуынша, кешенді жоспардың орындалуы – тұрақты бақылауда. 2027 жылға қарай экономикаға 1,4 трлн теңге, оның ішінде 1,2 трлн теңге жеке инвестициялар тартылатын болады.

Экономиканың өнеркәсіптік секторына жеке тоқталатын болсақ, тазартылған мыс өндірісінде көрсеткіштердің шамалы төмендеуіне қарамастан, ағаш бұйымдары өндірісі 5,5 есе, тоқыма бұйымдары өндірісі 2 есе, сусындар өндірісі 2,5 есе, электр жабдықтары өндірісі 2,6 есе артқан. Бұл өңір экономикасының біртіндеп әртараптандырылуын және өнеркәсіп өндірісінің осы салаларын дамытудың әлеуетін көрсетеді.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының сөзінше, экономиканы әртараптандыру бағыттарының бірі – инвестициялық қызмет. Негізгі капиталға инвестиция салу 1,2 есеге өсіп, шамамен 153 млрд теңгені құрады. Қуаты жылына 20 млн дана кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды, бұл облыстың сырттан жеткізілетін құрылыс өніміне тәуелділігін 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асатын 3 нысанды іске асыру жалғасып жатыр.

2027 жылға дейін 2 000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 760 млрд теңге сомасына 15 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Бұл ретте өңір жер қойнауын пайдалануға байланысты дәстүрлі қызмет түрлері бойынша ғана емес, сондай-ақ агроөнеркәсіптік қызмет саласында және басқа да бірқатар электр энергиясының жаңартылатын көздерін дамыту сияқты жаңа жобалардың арқасында тартымдылығын арттыруда.

Мәселен, өңір аумағында алдағы 2-3 жылда жел электр станциялары мұнараларының металл конструкцияларын шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Өткен айда қазақстандық инвестормен және олардың қытайлық серіктесі – SinoHydro ірі холдингімен тиісті меморандумға қол қойылды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, логистикалық шығындардың жоғары болуына және ірі аграрлық құрылымдарының жоқтығына байланысты еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең жоғары бағалардың бірі – Ұлытау облысында. Өңір өзін тек үш өнім түрімен қамтамасыз етеді, қалған өнімде көршілес облыстардан әкелінеді. Олардың қатарында ет, ұн, нан бар. Осыған байланысты агроөнеркәсіп кешені саласында 230-дан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жалпы құны 7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықты құс етімен, сүт өнімдерімен, картоппен және көкөніс өнімдерімен 30%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірдегі бағаның өсуін шектеу үшін өңірлік Тұрақтандыру қоры құрылып, 4,5 мың тоннадан астам өнім сатып алуға 1,6 млрд теңге бөлінді. «Ауыл Аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасы бойынша жылдық 2,5% жеңілдікпен несие беруге 3,3 млрд теңге бөлініп, 415 өтінім қабылданды, оның 162-сі (1,3 млрд теңгеге) мақұлданды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша 802 млн теңгеге 62 ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырмалары сатып алынды.

«Шағын және орта бизнесті дамыту – әкімдік қызметінің басым бағыттарының бірі. Мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде Үкімет тарапынан көрсетілген көмек арқасында біз барлық көрсеткіш бойынша өсімді байқап отырмыз», — деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Мысалы, ШОБ нысандары жыл басынан 1,4 есе өсіммен 93 млрд теңгеге өнім шығарды, жұмыс істеп тұрған нысандар саны 1,2 есеге ұлғайып, 19 мыңды құрады. Сондай-ақ жұмыспен қамтылғандар саны да 15%-ға артып, 32 мың адамды құрады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында құны 7,4 млрд теңге болатын 250 жобаға қолдау көрсетілді. Бастапқы бизнесті іске асыру үшін кәсіпкерлер жалпы сомасы 600 млн теңгеге жуық қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алды. 

Логистикалық проблемалардың болуына қарамастан, Ұлытау облысына 6 айда келуші туристер саны 7%-ға өскен, бұл ретте өңірге келген шетелдіктер саны 2 есеге жуық өсті. Қонақүйлер көрсеткен қызметтер көлемі 240 млн теңгеге дейін немесе 32%-ға өсті. 2024 жылы Жезқазған қаласында құны 1,5 млрд теңге болатын жалпы сыйымдылығы 100 орындық 2 қонақүйді іске қосу жоспарланып отыр. «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне дейінгі жаңа жолдың құрылысы аяқталады.

Білім саласында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 2 жыл ішінде 25,6 млрд теңгеге 3 600 орындық 6 мектеп салынады. Мектептердің интернетпен қамтамасыз етілуі 100% болса, жылдамдығы жоғары интернетпен қамту үлесі 60%-ды құрады. «Қазақтелеком» компаниясымен келісімшартқа қол қойылды.

Жезқазған және Сәтбаев қалаларында 320 орындық балабақшалар құрылысы аяқталуға жақын. Биылғы тамыз айында техникалық мамандықтардағы кадрлық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беретін «Ұлытау техникалық университетін» ашу туралы Үкіметтің қаулысы қабылдаған еді. Университетті кезең-кезеңмен ашу бойынша 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы әзірленді.

Денсаулық сақтау саласында барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика байқалады. Халықтың табиғи өсімі 1%-ды құрады, өлім-жітім 3%-ға төмендеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобалары аясында 2 жыл ішінде 25 денсаулық сақтау нысаны салынады. 8 нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, 2024 жылы 4 нысанды жөндеу қарастырылып жатыр. Алғаш рет жаңадан келген медицина қызметкерлерінің әрқайсысына 5 млн теңгеден көтерме ақы төлеу мәселесі шешілді.

Дене шынықтыру және спорт саласында 3 нысанның құрылысы жалғасуда. Үш спорт мектебі күрделі жөндеуден өтті. «Ұлытау» кәсіпқой футбол клубы және екі спорт ұйымы ашылды. Сонымен қатар халықаралық және республикалық жарыстарда өңір спортшылары 24 алтын, 33 күміс және 28 қола медаль жеңіп алған. Жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында 1 500-ге жуық бала тегін спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды.

«Жезқазғанға облыс орталығы мәртебесін беру оның аумағын жоспарлау мен дамытуға жаңа көзқарасты талап етеді. Осыған байланысты қаланың Бас жоспарының жобасы әзірленді, ол – қазір мүдделі мемлекеттік органдарда келісуден өту сатысында. Тұжырымдама бойынша 2037 жылға қарай қала 145 мың адамнан тұратын жаңа экономикалық және туристік орталыққа айналады, шамамен 700 га аумақ игерілетін болады. Қала тұрғындарының демалысы үшін жағалауды қоса алғанда, жаңа рекреациялық аймақтар құрылады», — деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Биыл Жезқазған және Сәтбаев қалаларында тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында 48 тұрғын үйдің қасбеттері жөнделді, 30 балалар ойын және 10 спорт алаңы, 39 заманауи аялдама орнатылды.

Тұрғын үй құрылысы саласында биыл 5 үй салынды: 1 несиелік және 4 коммерцялық. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 100-ге жуық пәтер сатып алынуда. Облигацияларды шығару арқылы 2024 жылы пайдалануға берілетін 7 несиелік тұрғын үй алынады. Сондай-ақ келесі жылы 6 жалға берілетін және 31 коммерциялық үйдің құрылысы жалғасады, бұл – шамамен 3 мың пәтер. «Ulytau Zhastary» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасының арқасында «Отбасы банкімен» бірлесіп, 45 жас өз пәтерлерін алды, жыл сайын облыстық бюджеттен 500 млн теңге қаржы бөлінетін болады.

Одан кейін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аймақтың шешілмей келе жатқан мәселеріне тоқталды. Бірінші мәселе – сапасыз ауыз су. Президенттің тапсырмасын орындау үшін Үйтас – Айдос жер асты су құбырын қайта жаңарту жалғасуда, биыл 4,3 млрд теңге бөлінді, 12,4 км су құбыры салынды. Келесі жылы жұмыстар толық аяқталады.

Биыл ұзындығы 117 км құрайтын сумен жабдықтау және су тарту желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Бұл шаралар сумен жабдықтаудың тозуын 54,1%-дан 51,2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Екінші мәселе – республикалық маңыздағы көлік инфрақұрылымының қанағаттанарлықсыз жағдайы. Жолдардың нашар болуы аймақтың дамуын және инвестиция тартуды шектейді. Сондай-ақ бұл сырттан әкелінетін өнімдердің құнына да әсер етеді.

Логистиканы дамыту үшін 2024 жылы Қызылорда – Жезқазған, Қарағанды – Жезқазған, Жезқазған – Арқалық» автожолдарын реконструкциялау бойынша құрылыс жұмыстары басталады. Жыл басынан бері барлығы 172 шақырым (6,5%) жол қайта жаңартылды және жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 12 млрд теңгеден асатын 45 шақырым және 59 шақырым қала ішіндегі жолдар жөнделді.

Үшінші. Жылумен жабдықтау мәселесі баса назар аударуды қажет етеді. Бүгінгі таңда облыс орталығында жылу энергиясының тапшылығы 120 Гкал/сағ құрайды, қолданыстағы ЖЭО-ның және жылу желілерінің тозуы 58%-ды құрайды.

«Бұл жағдай жаңа тұрғын үй шағын аудандарының құрылысын жүзеге асыруға, өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік бермейді. Бас жоспар аясында қала кеңейіп, болашақта бұл жылу энергиясының одан да үлкен тапшылығына әкеледі. Осыған байланысты біз бірінші кезекте ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде облыс орталығында жаңа 2-ші ЖЭО құрылысына қажеттілік бар. Ол үшін ТЭН әзірлеу мәселесі қарастырылуда», — деді Берік Әбдіғалиұлы.

Ұлытау облысы әкімінің сөзінше, жылумен жабдықтау сапасын жақсарту мәселелері кезең-кезеңмен шешілуде. Жылыту маусымында облыс орталығы 4 қазандықпен және 3 турбинамен кірді, 4 қазандық пен 1 турбинаны жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

ЖЭО иесі – «Қазақмыс Энерджи» кампаниясы. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарының сомасы 2,4-тен 11,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Барлығы 4,2 шақырым жылу желілері жаңартылып, 41 шақырымы жөнделді. Жезқазған қаласында газ тарату желілерінің құрылысы жалғасуда, бүгінгі таңда 2 000-ға жуық үй қосылды. 2024 жылы тағы шамамен осынша үй қосылады.

Төртінші. Күрделі экологиялық жағдай. Металлургиялық өндірістің қалдық газдарын өңдеу және олардың қоршаған ортаға әсерін барынша азайту үшін «Қазақмыс» корпорациясы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мыс балқыту зауытының базасында күкірт қышқылы цехын салу жұмыстарын бастап кетті.

Экологиялық жағдайды анықтау үшін қоршаған ортаның жай-күйіне кешенді бағалау жүргізілуде. Экологиялық жағдайдың нашарлауы мен халықтың көп сырқаттануы, оның ішінде қатерлі ісік ауруларының себептерін «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметімен байланыстыру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Бұл мақсаттарға 640 млн теңге қаралған.

«Жалпы облыста барлық әлеуметтік міндеттеме орындалып, инфрақұрылым нығаюда. Біз халық үшін өзекті мәселелерді шешудеміз, олардың саны әлі де аз емес, дегенмен кезең-кезеңмен шешетін боламыз. Облыстың алдында тұрған барлық қиындық пен міндетті түсінеміз, мақсаттар мен бағыттар белгіленген. Жұмыс әрі жалғаса береді», — деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Әрі қарай өңір басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, облыстың діни ахуалын тұрақты деп бағалайтынын айтты.

«Статистикаға келсек, бізде ақпарат бар. Қазір негізінен ағарту жұмыстарын жүргіземіз. Теологтар, Дін басқармасы тарпынан ағарту жұмыстарын жүргізу шаралары бар. Біреулердің ықпалына түсіп қалған отбасылар бар, келіп жатқан әйелдері, балалары бар. Көптеген іс-шара өткізіліп жатыр. Өткенде Елдос Жұмаділдә деген ұстаз келді. Сол секілді мықты ұстаздар келіп, ағарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ахуал тұрақты деп айтуға болады», — деді аймақ басшысы.

Әкім өңірдегі діни ахуалдың неден шайқалуын болжау қиын екенін айтады. 

«Кезінде неге басталып кеткенін айта алмаймын. Дегенмен, қазір бұрынғыдай емес. Арнайы органдардың тергеу, бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізге берген ақпарат бойынша, ахуал – тұрақты. Тұрғындарымыздың бәрі де қазір ресми дін жолында деуге болады. Өз ұстанымында жүрсе де, қоғамның тәртібін қабылдап, ешқандай заңбұзушылық жасап жатқан жоқ», — деді Берік Әбдіғали.

Сонымен қатар Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазғандағы апаттық жағдайдағы ескі үйлердің мәселесін қалай шешіп жатқанын айтты. 

«Жезқазғанда 1950 жылдан бері келе жатқан көп қабатты ағаш үйлер бар. Осы апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындарын қауіпсіз баспанаға көшіру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр? Бұл мәселе қашан шешіледі», — деп сұрады журналист.

Облыс басшысының айтуынша, Ұлытау жеке облыс болғаннан бері баспана бағасы қымбаттап шыға келген. Бұл апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесін шешуге кедергі келтіріп тұрған көрінеді.

«Өкінішке қарай, бұл біздегі өте үлкен проблемалардың бірі болып кетті. Облыс ажырамай тұрғанда бұл жұмыстар басталған. Реновация аясында оларға басқа пәтер алып беру немесе қаражатын беру ұсынылған. Бірақ Ұлытауға облыс мәртебесін бергеннен кейін бағаны қатты өсіріп жіберді. Келіп жатқан инвесторларға ұсынып жатырмыз. Міне, жаңадан құрылатын Батыс ауданға әлі жылу, су, жол тартылған жоқ. Өйткені бас жоспар әлі бекітілген жоқ. Одан басқа дайын жер жоқ. Сол апаттық жағдайда үйлерді сатып алып, орнына салыңыздар деген ұсыныс айттық. Астанада, Алматыда да осындай тәжірибе бар. Бірақ инвесторлар пәтер иелерімен келісе алмай жатыр – бағаны көтеріп жіберген. Бір үйде сегіз пәтер бар. Сегізі сегіз түрлі баға сұрайды. Біреуі 15 млн теңге дейді, біреуі 20 млн теңге дейді», — дейді әкім.

Аймақ басшысы апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындары ұсынып отырған шарт әлеуетті инвесторлар үшін тиімсіз екенін айтады.

«Сол себепті біз сырттан келгендерді көндіре алмадық. Бірақ арнайы мекеме құрамыз деп жатырмыз. Апаттық жағдайдағы үйлерді бюджет арқылы да алып, инвесторлармен бірге қайтарымды ақшаға жаңа үйлер салмақшымыз. Құрылыс компаниялары кейін бюджеттен берген ақшаны қайтарады. Кейбір тұрғындар уақытша көше тұруға дайын. Жаңа үй салынғанша пәтер жалдап берсеңіздер деп отыр. Солармен қалай келіседі, біртіндеп-біртіндеп шешеміз. Тұрғындарды да түсінуге болады. Бәрі қымбаттап жатқасын көбірек ақша тапқысы келеді, пендешілік қой. Соған байланысты мердігерлердің басын қосып, келістіре алмай жатқанымызға бір жыл болды. Соған қарамастан бюджеттен тетігін қарастырып отырмыз», — дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Сондай-ақ өңір басшысы бұл мәселенің нақты қашан шешілетіні белгісіз екенін мойындады.

«Ол үшін сонда арнайы мемлекеттік мекеме құруымыз керек. Соған рұқсат берсе, жыл аяғына дейін механизм белгілі болады. Келесі бір кездескенімізде нақты мерзімін айтармын. Қазір айта алмаймын», — деді Берік Әбдіғалиұлы.

Оған қоса Ұлытау облысының әкімі «Қазақмыс» өзіне қарасты мыс зауытының күкірт цехын 30 жыл бойы жаңартпағаны үшін тұрғындарға өтемақы төлей ме деген сұраққа жауап берді.

«Олар біздің экологияға жыл сайын 6 млрд теңгедей қаражат бөліп отыр. Оны біз қоқыс шығаруға, кәріз жүйесін жаңалауға, экологияны дұрыстау жұмыстарына жұмсаймыз. Ал күкірт қышқыл цехының мәселесі Экология министрлігінің құзыретінде. Соның ішінде департамент күкірт цехын жаңарту жобасын тездетуді бақылауда ұстап отыр. Олардың берген мәлімдемесі бойынша, 2025 жылы құрылысты аяқтаймыз дейді. Сонда қоршаған ортаға тасталатын шығарынды да азаяды», — деді аймақ басшысы. 

Әкімнің сөзінше, алпауыт компания тұрғындарға өтемақы төлемегенмен, бюджетке айыппұл төлеп отыр.

«Өтемақы дегенде, олар эмиссия төлеп жатыр. Айыппұл беріліп жатыр. Экология министрлігіне қарасты департамент ескерту беріп отырады. Түтіннен басқа өздерінің өндірістік үйіндісі бар. Сол бойынша да міндеттемелері бар. Миллиардтаған қаржы бөліп, сол үйінділердің қоршаған ортаға тарамауын қадағалап отыр. Бұрын экология министрлігінің департаменті Қарағандыда болды. Қазір Жезқазғанда отыр. Сонымен қатар прокуратура жағынан қадағалау бар. Ал жаңа күкірт цехын 2025 жылы қолданысқа береміз», — деді Берік Әбдіғалиұлы.

Сонымен қатар Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірге «экологиялық апат алдындағы аймақ» статусын беру бастамасы қай сатыда екенін айтты.

«Алғашқы ұлттық құрылтайдың алдында Ұлытау облысына “Экологиялық апат алдындағы аймақ” статусын беру туралы мәселе көтеретініңізді айтып едіңіз. Бұл мәселе қашан шешімін табады?», — деп сұрады журналист орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Берік Әбдіғалиұлы Үкіметтің алдына ол бастаманы қойғанын атап өтті.

«Былтыр айтқан сол жұмыс әлі жүріп жатыр. Үкімет “Дәлелдеңдер” деді. Дәлелдеу үшін қаражат бөлдік. “Экосервис” деген компания ұтып алып, сол қаржыға бүкіл облыстың жеріне, суына, ауасына – бәріне зерттеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижесі ендігі жылы ғана шығады. Соның қорытындысы бойынша ғана өңір апатты ма, апатты емес пе дегенді анық айта аламыз. Егер нәтижесі апатты десе, онда біз айрықша мәртебе сұраймыз. Апатты емес десе, негіздеме жоқ. Онсыз ұсынысыңыз негізсіз деп Үкімет қайтарып береді», — деді әкім.

Сондай-ақ Ұлытау облысы әкімінің мәлімдеуінше, Азия даму банкі Қызылорда – Жезқазған жолына бөлетін қаражатты ұлғайтқан.

«Біздің ең үлкен проблемамыз – жолдар. Әсіресе Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жол. Қызылорда жағындағы бөлігі аяқталуға жақын. Ал Жезқазған жағындағы бөлігі бағаның өсуіне байланысты тоқталған болатын», — деп еске алды әкім.

Аталған жолдың Жезқазған бөлігіне деп бөлінген 90 млрд теңгені мердігердің азсынғаны бұған дейін айтылған болатын.

«Қазір үкімет Азия даму банкімен бірлесіп, жоба құнын 145 млрд теңгеге дейін арттырды. Келесі жылға млрд теңгесі бөлінді, конкурс жүргізіліп жатыр», — деді өңір басшысы.

Оған қоса Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жеқазған қаласының қысқа дайындығы туралы мәлімет берді. 

«Жылдың басында “Қазақмыс Energy” жөндеу жұмыстарына 2,5 млрд теңге бөлген болатын. Оның жетпейтіні анық. Сондықтан олар “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасы бойынша қаражат көлемін 11 млрд теңгеге көтерді. Жылу қазандықтарын жөндеп, ауыстыру, жаңғырту жұмыстары жүреді. Қазір төрт қазандық жұмыс істеп тұр. Тағы екі қазандықты биыл жаңартуымыз керек болған. Бірақ қаржы жетпегендіктен келесі көктемге қалды. Бұл – сегізінші қазандық. Ал оныншы қазандық толығымен жаңартылған. Егер 8 қазандықтың екеуі жаңартылса, жылу тапшылығын толығымен жабамыз», — деді өңір басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу