Барлық гранттың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген

22 наурыз күні ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінде Баспасөз конференциясы өтті. Онда 2023 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу туралы тақырып аясында ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Асылханұлы Ерғалиев, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Тоқтарбекұлы Емелбаев баяндама жасады.

ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жасаған баяндамасында келтірген мәліметке сүйенсек, биыл 18 мамырда, негізгі ҰБТ-2023 басталды, ол 5 шілдеге дейін жалғасады. 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтініш берген. Оның ішінде тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді. Бұл ҰБТ грант конкурсына қатысу үшін өткізіледі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2023  жылы талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.

Сонымен қатар вице-министр гранттар мәселесіне қысқаша тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес, биыл еліміздегі талапкерлерге қарастырылған гранттың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарды қамтып отыр. Сондай-ақ халық тығыз орналасқан, жаңадан құрылған және батыс өңірлердегі жастар үшін де арнайы грант бөлінген. 2023 жылы өңірлік ЖОО-ларға бөлінетін педагогикалық квотаның саны артып, 6280 грант, ал «Серпін» бағдарламасы бойынша 3653 грант қарастырылғанын ерекше атап өткім келеді», — деді ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Биыл «Серпін» бағдарламасы арқылы оқыған түлектердің міндетті өтеу мерзімі қысқарды. Бұрын 3 жыл жұмыс істеу керек болса, қазір 2 жыл. Сонымен қатар грантты тек оқу аймағында ғана емес, бағдарламаға қатысатын басқа өңірлерде де жұмыспен өтеуге болады.

Білім беру гранттарының жалпы саны – 88 мыңды құрайды. Оның ішінде: бакалавриатта оқу үшін 73 мың грант, магистратураға – 13 мың, докторантураға 1890 грант бөлініп отыр. Грантқа құжаттарды қабылдау және оның иегерлерінің тізімін жариялау күндерінде биыл өзгерістер болмайды.

«Біз 13-20 шілде аралығында грантқа құжаттар қабылдауды, ал грант иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін ұсынуды жоспарлап отырмыз. ЖОО-ға қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады. Өздеріңіз білетіндей, ҰБТ жылына 5 рет өткізіледі: ақылы негізде оқу үшін – қаңтар, наурыз, тамыз айларында, грант конкурсына қатысу үшін – мамыр-маусым айларында, яғни қазір өтіп жатқан негізгі ҰБТ», — деді ол.

Жалпы, қазіргі уақытқа дейін талапкерлер ҰБТ-ны 2 рет қаңтар және наурыз айларында тапсырды. Қаңтардағы ҰБТ-ға 123 мың адам қатысып, оның 83%-ы шекті балл жинады. Наурыз айында – 111 мың бала қатысып, оның 78%-ы шекті деңгейден өтті.

Биылғы негізгі ҰБТ-ның маңызды артықшылықтарының бірі оны тапсыруға екі мүмкіндік  беріліп, тест тапсырушы ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Биыл бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілді. Сонымен бірге екі мүмкіндікте де бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдайды. 

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді тапсыруына қолайлы жағдай қарастырылып отыр. Мәселен, осы санаттағы азаматтар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды және ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Осындай шаралардың нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар тест тапсырушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала өтініш білдірсе, 2022 және 2023 жылдары олардың саны 500-ге жақындаған. 

Вице-министр бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтып өтті. 

Оның мәліметінше, биыл тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны өзгеріссіз қалады, яғни үш міндетті және екі бейіндік пәндер, барлығы 120 тест тапсырмасы. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің  жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут).

ҰБТ-2023-тің басты жаңашылдықтарына келсек, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады, «Оқу сауаттылығынан» 15 тест сұрағы ұсынылады. 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады. 

«Министрлік білімді талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдауға мүдделі. Сондықтан ҰБТ өткізу барысында біз үшін академиялық адалдықты қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта 2022 жылы енгізілген «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталады», — деді Қуаныш Ерғалиев.

ҰБТ тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Жауапты Министрлік тест тапсырмаларында дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар  саны 8-ден 6-ға дейін азайды.

Сондай-ақ өткен жылдан бері тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысында жеке тест нұсқасы болады. Сондай-ақ тестілеуге тыйым салынған заттарды кіргізуге тырысқан, тестте ереже бұзған талапкерлердің нәтижелері жойылады.

Шекті балл өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл; ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек. 

«Жалпы, біз ҰБТ-ның барлық жаңалығын оқу жылының басында жарияладық. Сондықтан ҰБТ алдында балалар үшін ешқандай өзгеріс болған жоқ. Бұл талапкерлердің басты емтиханға алаңсыз дайындалуына өз септігін тигізді деп ойлаймыз. Барлық ҰБТ тапсырушылар мен олардың ата-аналарына сәттілік тілеймін! Тек өздеріңізге және өз білімдеріңізге сеніңіздер», — деп, сөзін түйіндеді ғылым және жоғары білім вице-министрі.

ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың баяндамасында айтылғандай, 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдаған. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілеген. 

Қазіргі таңда талапкерлердің 18%-ы «Математика-Физика», 17%-ы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 10%-ы «Математика-Информатика» пәндерін, жылдағыдай, ең аз таңдалатын «Химия-Физика»  комбинациясын тек 218 бала (0,13%) таңдаған.

Тестілеу алдында талапкерлерге жасалған жағдай туралы баяндаған Руслан Емелбаев, оқу жылының басында ҰТО testcenter.kz cайтының «ЖОО-ға түсушілерге» бөлімінде 2023 жылғы ҰБТ-ға дайындалуға ұсынылған оқулықтардың тізімі, үлгілік тест тапсырмалары, тест спецификациялары және жоспары жарияланғанын атап өтті.

Оның айтуынша, үшінші жыл қатарынан «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша Тарих институтымен бірлесіп, 100 датаны бекітіп, сайтта жариялап отырған. Тестілеу барысында датаға қатысты кездесетін сұрақтар тек осы тізімнен болады. Биыл алғаш рет ҰБТ-да «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндерінен кездесетін шығармалар тізімі (5-11 (12) сыныпта өтетін мектеп бағдарламасынан), сондай-ақ «Информатика» бойынша ҰБТ сұрақтарында кездесетін немесе сұрақтың мазмұнын түсіну үшін қажет терминдер тізімі сайтқа орналастырылды.

«Талапкерлерге ыңғайлы ету мақсатында біз ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн сынақ тестілеуді іске қостық. Бұл жүйе барлық талапкер үшін тегін әрі қолжетімді. Сынақ тестілеуінен өту кезінде талапкер тест тапсырмаларымен танысуға және таңдалған пәндер бойынша өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндігі бар. Негізгі ҰБТ басталар алдында тест базасын тағы бір мәрте жаңарттық, бұл да дайындықты жақсартуға көмек болады деп ойлаймыз», — деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Оның пікірінше,  2023 жылғы түлектер үшін жақсы мүмкіндіктер қарастырылған, мәселен, биыл білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіліп келеді. Сабақтар орталықтардың YouTube арналарында тікелей эфирде өтеді және  сақталады. Талапкерлер кез келген уақытта сабақтарды қайта қарай алады.

ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің тапсырмасы аясында ҰБТ-2023 жаңашылдықтары мен өзгерістерін түсіндіру мақсатында өңірлік университеттермен бірлесіп бітіруші сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылды. Осылайша, еліміздің 13 аймағын аралап, қала-ауыл балаларына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 

Руслан Емелбаев аталған жұмыс алдағы уақытта өз жалғасын табатынын айта келе, тестілеу процесіне тоқталды.

Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ережелерді бұзу мен  тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка және т.б.) алып өтуінің алдын алу үшін қажет.

 Тестілеу барысында аудиторияның (компьютерлік сыныптың) және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады.

«Тестілеу барысында «Информатика» пәнін қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады. Калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экранында көрсетіледі. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, негізгі ҰБТ-да оларға Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесінің қағаз нұсқасы беріледі. Тестілеу аяқталған соң әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау қолжетімді болады. Балалар өз нәтижелерін ғана емес, сондай-ақ қандай тақырыптардан қате жібергендерін көріп, ҰБТ-ның екінші мүмкіндігіне дайындығын жақсарта алады», — деді Орталық директоры.

Тестілеудің электронды форматқа өтуі себепті тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның  шешімінен кейін талапкердің «жеке кабинетінде» қолжетімді болады.

2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда тест тапсырушының ҰБТ нәтижелері жойылады.

Айта кету керек, 18 мамырда басталған ҰБТ штаттық режимде өтіп жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу