«Экспо-2017» өткізу нәтижелері Қазақстанда білім беру бағдарламаларын дамытуға серпін береді

ҚР БҒМ ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясы барысында осындай пікір білдірді.

Б. Әбдірасылов «Экспо-2017» көрмесі қазақстандық зерттеушілерге өздерінің шетелдік әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға және бүкіл әлемнен ірі мамандармен ғылым және білім саласында қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндік бергенін мәлімдеді.

«Бізде әлемнің барлық елдерінің өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік болды және біздің ғылыми-зерттеу институттарымыз, жоғары оқу орындары бұл мүмкіндікті толық көлемде пайдаланды. Қазір «Экспо-2017» өткізу кезінде орнатылған байланыстар технологиялар трансфертіне, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге септігін тигізеді, бұл бағытта сәйкес келісімдер жасалған», - деді Б. Әбдірасылов.

Ол «Экспо» көрмесінде білім беру технологияларының үлкен блогі ұсынылғанын баса айтты.

«Көрмеде көптеген қызықты экспонаттар болды, оларды еліміздің мектептерінде пайдалануға болады. Сөзбен айтып түсіндіру қиын қызықты заттардың көбісі визуалды экспонаттар түрінде ұсынылған. Бұл әлемдік деңгейдегі әзірлемелерді біз мектептерде пайдаланамыз», - деп атап өтті Б. Әбдірасылов.

Ол сондай-ақ ҚР БҒМ ақпараттық алаң құрылатынын, онда өзекті білім беру технологияларының үлгілері орналастырылатынын мәлімдеді. Оған қоса, портал Қазақстанның барлық оқу орындарына қолжетімді болмақ. Б. Әбдірасыловтың айтуынша, бұл заманауи отандық білім беру бағдарламалары мен оқулықтарды жетілдіруге көмектеседі. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу