01 Наурыз 2026, 10:00
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге LRT депосының ғимаратына барып, жеңіл рельсті көлік жобасын жүзеге асыру аясында құрылып жатқан Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысқа дайындық барысымен танысты.
Депо құрамында жалпы ауданы 768 м² болатын Бірыңғай диспетчерлік орталық (процессингтік орталық) қалыптастырылуда. Бұл орталық жүйені басқару мен қаланың жол-көше желісіндегі үдерістерді үйлестірудің негізгі элементіне айналады.
Орталықтың функционалына LRT құрамдарының қозғалысын басқару, интеллектуалды көлік жүйесінің бағдаршам нысандарын үйлестіру, қоғамдық көлікті диспетчерлік сүйемелдеу, велосипедті жалға беру жүйесін диспетчерлеу, сондай-ақ көлік деректерін өңдеу және аналитикалық талдау кіреді. Қалалық қызметтермен интеграция басқаруды орталықтандыруға, штаттан тыс жағдайларға ден қою кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Аралау барысында «Әуежай» (101), «Бәйтерек» (112), «Министрліктер үйі» (113) стансалары да қаралды.
Сынақтық пайдалану бекітілген сынақ бағдарламасына сәйкес бүкіл желі бойынша жүргізілуде. Сынақ кезеңінің міндеттеріне қарай пойыздар тоқтаусыз өтуі мүмкін немесе барлық стансаларда тоқтап, есіктердің синхрондалуын, позициялау жүйелерін, тоқтау дәлдігін және борттық әрі стансалық басқару жүйелерінің өзара әрекеттесуін тексереді. Сынақтық пайдалану тәуліктің кез келген уақытында, соның ішінде түнгі мезгілде де жүзеге асырылады. Сынақтардың ұзақтығы тәулігіне 12 сағаттан асады.тLRT құрамдары пилотсыз режимде (GoA4) қатынайды. Сынақтар инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелерін тексеруді, сондай-ақ персоналды даярлауды және апаттық рәсімдерді пысықтауды қамтиды. Құрамдар Орталық Азияның климатына бейімделген, төмен температура мен мұздануға төзімді.
Технологиялық шешімдер. Қозғалмалы құрам дөңгелектерінің конструкциясында серпімді элементтер қолданылған: бандаж бен дөңгелек дискісінің арасына дірілді оқшаулау қызметін атқаратын резеңке төсем қарастырылған. Бұл шешім динамикалық жүктемелер мен құрылымдық шудың берілуін азайтып, пойыздар қозғалған кездегі акустикалық әсер деңгейін төмендетеді. Болжамды пайдалану параметрлері. Қозғалыс аралығы: 5-тен 10 минутқа дейін (учаскеге байланысты); Стансалар арасындағы жүріп өту уақыты: 1,5–3 минут; «Нұрлы жол» стансасынан «Әуежай» стансасына дейінгі жүру уақыты – шамамен 40 минут.
Сынақтық пайдалануды аяқтау және жолаушылар қозғалысын бастау күні барлық іс-шаралар кешені толық орындалып, жүйенің белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін анықталатын болады. LRT жұмысының басталуы жақын айларда (көктемде) күтіледі.





Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу