22 Сәуір 2026, 20:12
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Климаттың өзгеруі және тұрақты даму мәселелері бойынша Азия даму банкінің бас директоры Евгений Жуковпен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйін және перспективаларын, оның ішінде 2026 жылдың наурыз айында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыруды талқылады.
Құжат Қазақстан экономикасына $5,4 млрд көлемінде инвестиция тартуды көздейді. 2026-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасының басымдықтарына ерекше назар аударылды.
Келіссөздер барысында энергетикалық секторды дамыту мәселелері қарастырылды.
АДБ-нің энергетикалық ауысу механизмін іске асыру, соның ішінде техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу және түрлі өңірлерде пилоттық жобаларды іске қосу талқыланды.
«Таза» көмір негізіндегі қазіргі заманауи технологияларды енгізу арқылы электр энергетикасы саласын жаңғыртуға, сондай-ақ Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуіне айрықша тоқталып өтті.
Сондай-ақ тараптар көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері, оның ішінде АДБ-нің маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және автомобиль жол желісін дамытуға қатысуы бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайту және Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға өзара қызығушылықты растады.


Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу