Роман Скляр Германия делегациясымен Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауытты локализациялау мүмкіндігін талқылады

Дүйсенбі, 24 сәуірде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Тюрингия федералды жерлерінің (ГФР) экономика, ғылым және цифрландыру министрі Вольфганг Тифензимен және Германия бизнесінің өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың бірқатар өзекті мәселелерін, оның ішінде Германияның  ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жетекші «Петкус» компаниясының зауытын локализациялау мүмкіндігін, Кәсіптік оқыту жөніндегі қазақ-герман орталығын (Эрфурт білім беру орталығымен бірлесіп) ашу жайын, сондай-ақ тоқыма өнеркәсібіндегі инновациялық технологиялар трансферін талқылады. 

Қазақстан мен Германия арасындағы тығыз саяси диалогты құптай отырып, Р. Скляр екіжақты тауар айналымының өсу динамикасына және елімізге тікелей тартылатын германдық инвестициялардың артуына назар аударды.

Өз кезегінде Тюрингияның экономика, ғылым және цифрландыру министрі Вольфганг Тифензи ҚР Үкіметі жанындағы Герман бизнесімен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметін жоғары бағалап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына үлес қосуға дайын екенін білдірді.

 Анықтама: Тюрингия – Германияның шығысындағы машина жасау өнеркәсібімен танымал, экономикалық жағынан ең дамыған федералды штаттардың бірі.

#Роман Скляр

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу