Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 4,1%-ға дейін жеделдеді — Ұлттық экономика министрлігі

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанның нақты ЖІӨ өсімі 4,1%-ды құрады. Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің жаңа макроэкономикалық көрсеткіштерін ұсынды.

Осы жылғы қаңтар-маусымның қорытындылары  бойынша экономиканың өсуі 4,1%-ды құрап, қаңтар мамырмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеді. Оң динамика нақты сектордағы өсу қарқынының осы жылғы қаңтар-мамырдағы 4%-дан 5,1%-ға дейін ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсу сақталуда – қызметтер көлемі 3,5%-ға ұлғайды. Экономика өсуінің негізгі драйвері мұнайға қатысты емес сектор болып қала беруде.  Осы жылы мұнайға қатысты емес сектордың өсу  қарқыны тұрақты түрде 5%-дан асуда. 

Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс,  өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда көрсетуде. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан  жиынтық үлесі шамамен 85%-ды құрайды. Оң динамика ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтерінде де сақталып отыр.

«Инвестициялар өсу драйвері болып қала беруде. Бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған  инвестициялар 9,5 трлн теңгені құрап, 9,6%-ға өсті. Оның  ішінде жеке инвестициялар 21,4%-ға ұлғайды. Инвестициялардың неғұрлым көп өсуі келесі салаларда  байқалады: ақпарат және байланыста – 2,3 есеге,  құрылыста – 38,7%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 33,3%-ға,  ауыл шаруашылығында – 34,6%-ға, көлік саласында – 11,6%-ға.   Инвестициялардың жоғары өсуі Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Абай облыстарында байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың құрылымы  өзгеруде. Жеке инвестициялардың үлесі 87%-ды құрады», — деді Серік Жұманғарин.

Биылғы қаңтар-мамырда сыртқы сауда  айналымы $56,3 млрд-ты құрады.  Тауарлар экспорты $30,4 млрд-ты құрады,  оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты – $11,8 млрд. Тауарлар импорты $26 млрд-ты құрады. $4,4 млрд-танастам көлемде оң сауда балансы сақталуда. Өңдеу өнеркәсібі өсудің негізгі драйверлерінің бірі болып  қала беруде. Өндіріс көлемінің өсуі 9,8%-ды құрады. Бұл осы жылғы қаңтар-мамырдағы көрсеткіштен 0,8 пайыздық тармаққа жоғары. 17 өңірде өсу тіркелді. 

Премьер-министрдің орынбасары экономикалық өсудің белсенді саясаты жалғасып жатқанын атап өтіп, басымдық берілетін салаларды қаржыландыру үшін  бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне көзделген 1 трлн теңгенің бүгінгі таңда 398 млрд теңгесі бөлінгенін жеткізді. Холдинг жалпы сомасы 5,1 трлн теңгеге жобаларды қаржыландырды. 

Қосымша, Ұлттық экономика министрлігі барлық негізгі  шикізат сегменттері бойынша 10 кеңейтілген салалық талдау  дайындады. Олардың негізінде металлургия, мұнай-газ химиясы,  көмір химиясы және агроөнеркәсіптік кешендегі  231 перспективалық жобаның пулы қалыптастырылды. Әлеуетті стратегиялық серіктестер ретінде  қарастырылатын 200 жетекші шетелдік компанияның тізімі  жасалды. Осы жылдың наурызынан бері жүргізіліп жатқан  жұмыстардың қорытындысы бойынша 40 халықаралық  компания қызығушылық танытты. Алдағы айларда әрбір сегменттегі әлеуетті стратегиялық серіктестермен нақты келіссөздер басталады. Ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешен  экономиканың драйверлеріне айналуда. Ауыл шаруашылығындағы өндірістің өсуі осы жылғы  қаңтар-мамырдағы 3,6%-дан 4,4%-ға дейін жеделдеді. Ең үлкен өсу Түркістан, Қостанай және Павлодар, БҚО, Ақмола облыстарында байқалды. Бүгінгі таңда өткен жылдары өсімдік шаруашылығында  болған проблемалар іс жүзінде шешілді. Өсімдік  шаруашылығы біртіндеп әртараптандырылған және  механикаландырылған салаға айналды.

Экспорт көлемі өсуде және шетелге шығарылатын өнім  номенклатурасы кеңеюде. Осы жылғы қаңтар-сәуірдің  қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімінің  экспорты $3 млрд-ты құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес  кезеңімен салыстырғанда 36%-ға жоғары. Жыл қорытындысы бойынша экспорттың $7,2 млрд-қа дейін ұлғаюы күтілуде. Халықтың нақты табысы төмендеуін тоқтатты. Өткен  жылы үш тоқсан төмендегеннен кейін биылғы бірінші  тоқсанның қорытындысы бойынша нақты табыс өткен жылдың  сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға өсті. Бұған, инфляцияның тұрақты баяулауы да ықпалын тигізді. Биылғы маусымда жылдық инфляция деңгейі 10,3%-ға  дейін төмендеді. Одан әрі оң серпінді сақтау үшін Халықтың табысын  арттырудың кешенді жоспары қабылданады, мұнда басты бағыттардың бірі жаңа өндірістер мен жоғары өнімді жұмыс  орындарын құру болып саналады. Елдегі кәсіпкерлік қызмет оң динамиканы сақтауда және  сыртқы және ішкі экономикалық өзгерістерге тұрақтылық  көрсетуде.

«Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысында кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 2 млн 939 мың субъектіні құрады, бұл 2026 жылдың басымен салыстырғанда 499 мың субъектіге немесе 20,4%-ға артық. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған  адамдардың саны 688 597 субъектіні құрады. Жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың  жиынтық саны 1 млн 860 мыңнан 2 млн 352 мыңға дейін, заңды тұлғалардың саны – 579  756-дан 587 117-ге дейін өсті.  қосылған құн салығын төлеушілер саны 135 845-тен  158 194-ке дейін өсті. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының  өзгеруі салалық бөліністегі өзгерістерге де әсер етті. Келесі салалар бойынша шағын заңды тұлғалар санының өсуі  байқалады: тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2,9%-ға, құрылыс және ауыл шаруашылығында 2,5%-ға, ақпарат және  байланыста 2,4%-ға, сондай-ақ келесі салалар бойынша орта  заңды тұлғалар санының өсуі тіркелді: жылжымайтын мүлікпен  жасалатын операцияларда 5,8%-ға, қаржы және сақтандыруда 3,2%-ға, өзге де қызметтер 3,1% және басқалары», — деді Серік Жұманғарин.

Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2021 жылдан бері тұрақты өсіп 33,5%-дан 2025 жылдың  қорытындысы бойынша 40,9%-ға дейін ұлғайды. Жеке кәсіпкерлердің өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына  ауысуына қарамастан, экономикадағы бір жұмысшыға шаққандағы жалпы қосылған құнның оң өсуі сақталуда. 2026 жылғы I тоқсанда жұмыспен қамтылған бір адамға  шаққандағы жалпы қосылған құн көптеген салаларда өсті. Ең жоғары өсу өңдеу өнеркәсібінде – 25,7%, көлік және қоймалауда – 19,6%, құрылыста – 19,1%  байқалды. Тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 60%-дан астамы сауда, ауыл шаруашылығы және өзге де қызметтер көрсету салаларында шоғырланған. 2020-2025 жылдар аралығында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санындағы жұмыс істеп тұрған субъектілердің үлесі 84,3%-дан 92,2%-ға дейін өсті.

Ұлттық экономика министрінің сөзінше цифрландыру үрдістері мен электрондық коммерцияның дамуы бизнес жүргізу модельдерін өзгертуде. Өткізудің ең ауқымды арналардың бірі сауда жасауға, тауар сатып алуға және оларды жылдам жеткізуге арналған құралдарды бір қосымшада біріктірген Kaspi.kz экожүйесі болды. 2024 жылдың соңындағы жағдай бойынша платформада шамамен 737 мың белсенді сатушы тіркелген, бұл елдің  жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үштен бірінен астамын құрайды. 2025 жылдың  соңына қарай белсенді сатып алушылар саны 7,4 млн адамға жетіп, кәсіпкерлерге өткізу нарығына кең қолжетімділікті  қамтамасыз етті. 2026 жылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша  экономикада жұмыспен қамтылу өсуді жалғастырып, 9,4 млн адамды құрады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлікте тұрақты жұмыспен  қамтылғандар саны – 4,5 млн адам. Жұмыспен қамтуға және жалпы экономикалық  белсенділікке айтарлықтай теріс әсер байқалмайды. Керісінше, еңбек және кәсіпкерлік ресурстарының экономиканың неғұрлым өнімді секторларына қайта бөліну  үрдісі тіркелуде. Жалпы, ағымдағы үрдістер кәсіпкерлік ортаның  ашықтығының біртіндеп артып келе жатқанын, формалды түрде тіркелген субъектілер үлесінің қысқаруын және бизнестің  қазіргі экономикалық жағдайларға бейімделуін көрсетеді.

Өткен жылы бюджеттің кіріс базасын нығайтуға және  фискалдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған  ауқымды салық реформасы жүргізілді. Бүгіннің өзінде оң нәтижелер көрінуде. Осы жылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік  бюджеттің кірісі шамамен 16%-ға өсті. Әсіресе қосылған құн салығы бойынша түсімдердің  динамикасына назар аударғым келеді. Қосылған құн салығы бойынша кірістер өткен жылдың сәйкес кезеңімен  салыстырғанда бір жарым есе өсті. Жұмыс тұрақты бақылауда.   Биыл жалпы ішкі өнімнің өсуін 5%-дан төмен  емес деңгейде қамтамасыз ету мақсатында отандық тау-кен  металлургия кәсіпорындарын жүктеу және оларды шикізатпен  қамтамасыз ету, жоспарланған инвестициялық жобаларды  уақтылы жүзеге асыру, салынып жатқан нысандарды, оның ішінде  инфрақұрылымдық нысандарды пайдалануға беруді  қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін  қайта өңдеу көлемін ұлғайта отырып, егін жинау науқанын  толық көлемде жүргізу бойынша жұмыстар жалғасатын  болады. 

 

#Инфляция #Серік Жұманғарин #Экономика #Құрылыс #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу