20,3%-ға өсу және ауқымды теміржол жобаларын іске қосу: көлік саласын дамыту қорытындылары

Президенттің транзиттік әлеуетті нығайту және инфрақұрылымдық даму жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде көлік саласы экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналды. Тау-кен металлургиясы, мұнай-газ және аграрлық секторлардың қажеттіліктерінің өсуі жүк тасымалының тұрақты оң серпінін қамтамасыз етті. Үкімет отырысында 11 ай ішінде саланы дамыту қорытындылары туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров баяндады.

Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша «Көлік және қоймалау» саласы бойынша нақты көлем индексі 120,3%-ды құрады. Саланың өсу қарқынына жүк тасымалының жалпы көлемінің артуы әсер етті. Атап айтқанда, жүк тасымалы 1 056 млн 896 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға өсті. Автомобиль көлігімен жүк тасымалы – 2,2%-ға, құбыржол көлігімен жүк тасымалы – 15,4%-ға, сондай-ақ теміржол көлігімен жүк тасымалы – 7,7%-ға артты. Барлық көлік түрлері бойынша жолаушылар тасымалы 11,9%-ға өсіп, 1 млрд 764 млн жолаушыны құрады. Тасымал көлемі экономиканың жағдайын көрсетеді және негізгі көрсеткіштердің басым бөлігі бойынша өсім байқалады. Жүк тасымалы көлемінің артуы экономиканың базалық салаларының дамуы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда. Аталған салалар көлік қызметтерінің негізгі тұтынушылары болып табылады және есепті кезеңде оң өсу динамикасын көрсетті. Өңірлер бөлінісінде де көліктің барлық түрлері бойынша өсім байқалады.

«Астана қаласында айтарлықтай өсім тіркелді. Бұл қоймалау және қосалқы қызметтер көлемінің, сондай-ақ теміржол және автомобиль көлігімен жүк тасымалының артуымен байланысты. Қостанай облысында автомобиль көлігімен жүк тасымалының және теміржол көлігімен жолаушылар тасымалының өсуі байқалады. Жетісу облысында автомобиль және теміржол көлігімен жүк тасымалының, сондай-ақ автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалы көлемінің ұлғаюы есебінен өсім қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында және Шымкент қаласында көрсеткіштердің аздап төмендеуі тіркелді. Бұл құбыржол, теміржол, әуе көлігі қызметінің, сондай-ақ пошта және курьерлік қызмет көлемінің қысқаруымен байланысты», — деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

Оның сөзінше осы жылы жобалық мерзімдерден бұрын «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші жолдарында ұзындығы 836 шақырым болатын қозғалыс іске қосылды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды теміржол құрылысы. Ақтау әуежайын жаңғырту аяқталды (ұшу-қону жолағы), Балқаш қаласындағы әуевокзал кешенін қайта құру жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен қатар жыл соңына дейін келесілерді қамтамасыз ету жоспарлануда:

– 6,1 мың шақырым автомобиль жолдарында барлық жұмыс түрлерін аяқтау, оның ішінде Қалбатау – Майқапшағай, Қызылорда – Жезқазған жолдары;

– Алматы стансасының айналма теміржол желісінің құрылысын аяқтау, нәтижесінде Алматы теміржол торабындағы жүктеме 40%-ға төмендейді;

– көлік паркін жаңарту.

Жалпы алғанда, аталған шаралар саланың тұрақты өсуі үшін жағдай жасап, оның ел экономикасына қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

#Көлік #Логистика #Экономика #Үкімет отырысы #ӘЭД

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу