Ақша ағындарының ашықтығын арттыруға бағытталған «Digital bazar» жобасы іске асырылуда

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Ол 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда көлемі 8,4%-ға өскенін, ал тауар айналымы 31,4 трлн теңгені құрағанын хабарлады.

«2025 жылдың бірінші жарты-жылдығында сауда көлемі 8,4%-ға өсті, ал тауар айналымы 31,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде көтерме сауда 9,2%-ға өсті, бөлшек сауда 6,6%-ды құрады. Сауданың өсуі көтерме саудада 45%-дан асатын негізгі 9 тауар есебінен қамтамасыз етілді. Бұл мұнай және мұнай өнімдері, газ, тұрмыстық техника, ұялы телефондар, фармацевтика, машина жасау өнімдері, астық және темекі. Аталған тауарлар бойынша жыл соңына дейінгі болжамды сату көлемі 26,4 трлн теңгені құрауы тиіс, оны ең алдымен ішкі өндірістің өсуі есебінен қамтамасыз ету қажет», — деді Арман Шаққалиев.

Министрдің мәліметінше 6 айдың қорытындысы бойынша барлық өңірлер өсуді көрсетіп отыр. Ең үлкен үлесті қамтамасыз еткен 5 өңірге барлық тауар айналымының 72%-ды құрайды. Бұл – Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары. Саудадағы өсімді қамтамасыз етудегі үш негізгі бағыт бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. 

«Бірінші – заманауи сауда форматтарын дамыту. Ынталандыру механизмдері айқындалды және тиісті заңнамалық өзгерістер қабылданды. Ішкі сауда субъектілерін қолдауға биыл 5,2 млрд теңге қарастырылған. Негізгі капиталға инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде Сауда саласындағы 33 нысаннан тұратын, жалпы сомасы 168,4 млрд теңгені құрайтын Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін базарларды жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Екінші – электрондық сауданы дамыту. Жарты жыл ішінде Е-com 10%-дан астам өсті және бізге бөлшек сегментте 1,5 трлн теңге берді», — деді Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар ол екінші жартыжылдықтағы негізгі драйверлер 4 DarkStore-орталықтарын толыққанды іске қосу, 2 фульфилмент–орталықтың құрылысын аяқтау екенін атап өтті.

«Қазпоштаның мультимодальды орталықтар желісінің құрылысы басталды. Сондай-ақ биыл Қазақстан-Қытай бағыты бойынша көтерме электрондық платформаны (В2В) іске қосу жоспарлануда. Үшінші бағыт – жасырын сауданың төмендеуі. Бұл бағытта министрлік тауарларды каталогтау және қадағалау бойынша шараларды іске асыруда. Қаржы министрлігімен және Қазақтелекоммен бірлесіп, Тауарлардың ұлттық каталогы (ТҰК) және Электрондық тауарлардың каталогтарын (ЭТК) біріктіру аяқталуда», — деді Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар министр екінші деңгейдегі банктермен базарлардағы тауар айналымын цифрландыруға және олардың ақша ағындарының ашықтығын арттыруға бағытталған «Digital bazar» жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша сауда саласындағы жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сауда өсімін қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар қабылдануда.

#Сауда #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу