22 Қараша 2017, 08:12
Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, ҚР электронды денсаулық сақтауды дамыту департаменті директорының м. а. Бейбіт Есенбаев пен ҚР ДСМ «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы» ШБҚ-дағы РМК бас директоры Олжас Әбішев қағаз түріндегі құжат айналымынан электрондыға көшу барысы туралы айтты.
А. Цойдың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда денсаулық сақтау саласында электронды құжат айналымына көшудің бірізді үдерісі жүріп жатыр. Дәрігерлер мен мейірбикелер 2008 жылдан бастап науқастар туралы барлық мәліметтерді ақпараттық жүйелерге енгізеді. Осылайша, бүгінгі таңда ҚР ДСМ ақпараттық жүйелерінде науқастар туралы 10 терабайттан астам ақпарат бар.
«Науқастардың өзіне келер болсақ, олар сондай-ақ медицинада көбіне цифрлық әдістерді таңдайды. Мысалға, өңірлерде тұрғындардың шамамен 30% қабылдауға электронды түрде жазылады, 40% – телефон арқылы хабарласады, 30% – әлі де емханаға келіп, тіркеу бөлімі арқылы жазылады. Бірақ, бұл динамиканың өзі тіркеу бөліміндегі жүктемені айтарлықтай азайтады», — деді вице-министр.
2017 жылдың соңына дейін Қазақстанның медициналық мекемелерінің шамамен жартысын автоматтандыру жоспарланған. Келесі жылдан бастап Қазақстанның пилоттық төрт өңірінде қағазсыз құжат айналымына кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылады.
«Яғни, қазіргі қағаз формалар, есептілік журналдары, бланктер, анықтамалар алып тасталады. Жалпы, қазір есеп жүргізуге, медиициналық ұйымдар қызметіне мониторинг жүргізуге пайдаланылатын құжаттар электронды форматқа көшіріледі. Бұл экономикалық әсер береді, медициналық қызметкерлердің жүктемесін азайтады, мәліметтер базасын құрады, оны кейін жасанды интеллект пен талдаушылардың көмегімен өңдей аламыз», — деп атап өтті Алексей Цой.
А. Цой айтып өткендей, 2018 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде медициналық ұйымдарда үдерістерді — фельдшерлік-акушерлік пункттер деңгейіне дейін автоматтандыруды енгізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, спикер келесі жылы Қазақстанда енгізілетін электронды денсаулық паспортының азаматтар үшін артықшылықтары туралы айтты. Онда денсаулық, диагноз, қан тобы, аллергиялық реакция, жасалған оталар, ұсынымдарға қатысты ақпарат жинақталады. Әр науқастың өзінің логині, құпиясөзі, жеке кабинеті болады. Науқастар өзінің емдейтін дәрігерлерімен тілдесіп, екпелер мен алдағы профилактикалық тексерулер туралы хабарландыру ала алады.
«Денсаулық паспортын енгізу арқылы әр науқас орналасқан жеріне тәуелсіз өзінің денсаулығы туралы ақпаратқа қолжетімді болады. Бұл төтенше жағдайларда, сондай-ақ шетелде өте маңызды», — деп түйіндеді вице-министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу