2018 жылдан бастап жұмыспен қамту орталықтары жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек ұсынады — Еңбек министрлігі

Бұл туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты.

Спикердің айтуынша, Бірыңғай электронды еңбек биржасы негізінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға (12 ЕТЖ-дан төмен кірісі бар) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласын цифрландыру аясында мемлекеттік кіріс органдарына жеңілдетілген тіркеу тетігі енгізілетін болады.

Сондай-ақ, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге арналған еңбек келісімшарттарының бірыңғай есепке алу жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Еңбек келісімшарттарын электронды форматқа көшіру қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан бас тартып, жалпыға ортақ кірістер декларациясын енгізуге негіз болады.

«Бұл біз азаматтардың қолданыстағы жұмыс кітапшаларын цифрлық форматқа аударамыз дегенді білдірмейді. Азаматтар оларды кейін зейнетақыны есептеу кезінде жұмыс тәжірибесін растау үшін сақтайды. 2025 жылға дейін жүйе толығымен енгізіледі», — деді С. Жақыпова.

Мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге арналған кешенді қызметке көшу жүзеге асырылды, яғни, қазіргі таңда адам тиісті әлеуметтік қызметтерді алу үшін үш ұйымның орнына біреуіне ғана жүгінеді.

Сонымен қатар, қызметтер бұдан да қолжетімдірек болады — куәландыру кезінде тікелей қатысудың қажеті жоқ, өтінімді eGov арқылы электронды түрде беруге болады. Тағы бір жоба — мұқтаж азаматтардың әлеуметтік тіркелімі. Келіп түскен өтініштер өтініш берушінің аумақтық байланысынсыз, тәуелсіз сарапшылардың деректер базасында кездейсоқ таңдау тәсілі арқылы анықталады. Соның салдарынан, елдегі медициналық және әлеуметтік сараптама комиссияларының санын қысқарту және шешімдерді қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлық қауіптерін жою күтілуде.

Бұдан өзге, Әлеуметтік қызметтер порталы құрылады, онда мүмкіндіктері шектеулі жандар қызметтердің түрлерін және оларды жеткізушілерді таңдай алатын болады, бұл өз кезегінде жеткізушілер үшін әділ бәсекелестік жағдайды қамтамасыз етеді және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартады.

Бұған дейінгі атаулы әлеуметтік көмек, мемлекеттік балалар жәрдемақысы мен көп балалы отбасыларға мемлекеттік арнайы жәрдемақы орнына 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі, ол үшін азаматтар жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуі тиіс.

Болашақта АӘК көрсетудің проактивті тәсілін пайдалану көзделген, мұнда әлеуметтік қызметтер қиын өмірлік жағдайға тап болған адамның өтінішін күтпестен, мемлекеттік қолдау шараларын ұсынатын болады.

«Аталған мәселелерді табысты шешу үшін Министрліктің ақпараттық ресурстарын дамыту «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалғасын таппақ», — деп сөзін түйіндеді С. Жақыпова.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу