2022 жылдан бастап ҚР-да тауарларға арналған декларацияларды шығару және бақылау бөлігінде кедендік функцияларды орталықтандыру жұмысы аяқталды — Қаржы министрлігі 

ҚР Үкіметінің кезекті отырысында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселесі қаралды. Бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдау туралы ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.

Кедендік әкімшілендірудегі проблемалар

«Ең алдымен негізгі проблемаларға тоқталып өтейін. Оларды шешу әкімшілендіру процестерін түбегейлі жақсартуға мүмкіндік береді», — деді қаржы министрі. 

Бірінші. Тауарларды импорттау кезінде дұрыс декларация бермеу және құнын төмендету. Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы $5,7 млрд құрайды.

«Әлемдік тәжірибеде сыртқы сауда статистикасындағы айырмашылықтар көптеген елдерге тән екенін атап өту қажет. Мысалы, Comtrade деректері бойынша 2020 жылы Қытай Халық Республикасының Германиямен алшақтығы $47 млрд, Вьетнам Республикасымен – $30 млрд, Польшамен – $10 млрд, Пәкістанмен – $3 млрд құраған», — деді Е. Жамаубаев.

Қазақстан статистикасының Қытаймен алшақтығының негізгі себептері келесідей:

  • статистиканы қалыптастырудың методологиялық ерекшеліктері;
  • Қытай тауарларының Қазақстан Республикасы арқылы транзитінің бір бөлігі Қытай Халық Республикасының статистикасында Қазақстан Республикасына экспорт ретінде көрсетіледі. Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың жекелеген елдерінің оң алшақтықтарымен расталады;
  • қытай тауар өндірушілері субсидиялар мен қосылған құн салығын қайтарып алатындықтан экспорттық бағаны көтеруге мүдделі;
  • Қазақстандық импорттаушылардың дұрыс декларацияламауы және кедендік құнды кемітуі;
  • «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арқылы өткізілетін пошта тасымалдары мен тауарлар біздің статистикамызда есепке алынбайды.

Бұл жағдайда, жоғарыда аталған $5,7 млрд болған алшақтықтың құрылымы мынадай:

  • $0,3 млрд әдіснамалық аспектілерге байланысты;
  • $2,6 млрд Қазақстан Республикасы арқылы Қытай Халық Республикасы тауарларының транзиті бойынша;
  • $2,8 млрд – дұрыс емес декларациялауға келеді.

Негізгі сауда топтары: киім, аяқ киім, ойыншықтар.

Жалпы, $2,8 млрд дұрыс декларацияламау кезіндегі республикалық бюджеттің болжамды шығындары 150 млрд теңгеге бағаланады.

Екінші. Қытай Халық Республикасымен шекарада әкімшілендіруді күшейтуге байланысты Қытайдан Қырғызстанға тауарлар импортының ағылуы байқалады.

Осы жылдың басынан бастап Қырғызстанға Қытай импортының 5 есеге өсуі, Қырғызстаннан Қазақстанға импорттың 2,5 есеге өсуі тіркелді.

Бұдан басқа, қазір Қытай Халық Республикасымен шекарада 900-ге жуық автокөлік, ал уақытша сақтау қоймаларында 1200-ге жуық автокөлік әкімшілендіруді жеңілдетуді күтуде. 

Жыл басынан бері шекара маңындағы бекеттер бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі 23%-ға, ал көлемі – 26%-ға азайған. 

Үшінші. «Бір күндік фирмалар» болды. Олардың саны 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Халық Республикасынан импорттаушылардың жалпы санының 20%-дан астамын құрайды.

Төртінші. Кейінгі іске асыру кезеңдерінде жалған электрондық шот-фактураларды жазып беру. Айналым сомасы 6 трлн теңгеден асатын 8 мыңнан астам компания анықталды. 

 

Қабылданылып жатқан жедел шаралар

Осы жылдан бастап тауарларға арналған декларацияларды шығару және бақылау бөлігінде кедендік функцияларды орталықтандыру толығымен аяқталды.

«Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан “Электрондық декларациялау орталығы” мен “Ахуалдық орталық” құрылды. Бұл барлық техникалық құралдар қосылған өткізу пункттеріндегі жедел жағдайдың мониторингін жүзеге асыруға және бақылау шаралары бойынша орталықтандырылған шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Аталған орталықтардың жұмысы басталғаннан бері 28 мыңнан астам бұзушылық анықталды, бюджетке қосымша 23 млрд теңге өндірілді», — деді Е. Жамаубаев. 

5 мыңнан астам тауар позициясы бойынша құндық индикаторлар өзектендірілді, оның ішінде 767-сі Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде біріздендірілген. Осы тізбені кеңейту бойынша жұмыс жалғасады.

Қытайдан халық тұтынатын тауарларды әкелу бойынша мемлекет тарапынан оператор болып «KTZ Express» айқындалды. Сондай-ақ бұл компания «Нұр Жолы» өткізу пунктінің ішінде тауарларды тасымалдауды ұйымдастырушы болады.

«Бұл басқа импорттаушылар үшін өзіндік бенчмарк ретінде қызмет етеді. Бұл ретте, адал бәсекелестік сақталады және нарықты монополияландыруға жол берілмейді. Тең нарықтық жағдайларды және дұрыс декларациялауды қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен кездесулер жүргізіледі. Уәкілетті экономикалық операторлар мен Қытай Халық Республикасынан басқа да ірі импорттаушыларға қатысты тексерулер аяқталуда. Соңында тиісті шаралар қабылданатын болады», — деді қаржы министрі.

Экономикалық қауіпсіздікті қорғау мақсатында Қырғыз Республикасынан тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын субъектілерге қатысты тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы ішінара салықтық тексерулер жүргізіледі. Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар 90%-дан астам жағдайда растауда. Жыл басынан бері 538 автокөлік құралы тексерілді, оның 506-сы бойынша мәлімделмеген қытай тауары анықталды.

«Жақында Алматы қаласында Қырғызстан мен Ресейден келген әріптестерімізбен кездесуде электрондық шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттар алмасу арқылы бақылау жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді. Осылайша, ағымдағы жылдың басында Қытай Халық Республикасымен шекарада туындаған мәселелер жоспарлы түрде шешіледі», — деді министр. 

 

Кедендік әкімшілендіруді цифрландыру

Кедендік әкімшілендіруді цифрландыру туралы айтатын болсақ, ең алдымен, АСТАНА-1 және Е-терезе ақпараттық жүйелерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Бүгінгі күні кедендік декларациялардың 100%-ы қашықтан тапсырылады. 4 млн астам кедендік декларация шығарылды, оның 82%-ы 1 минут ішінде автоматты түрде өткізілген. Құжаттарды беру уақыты 2 есеге қысқартылды. Енді кедендік тазарту кезінде оларды қашықтан алуға болады», — деді Е. Жамаубаев.

Бүгінгі таңда 5 мыңға жуық пайдаланушы тіркеліп, мемлекеттік органдармен 15 интеграция жүзеге асырылды. Электрондық шот-фактуралар негізінде тауарларды бақылап отыру жүйесі жұмыс істейді, ол импорттан соңғы тұтынушыға дейінгі өткізудің бүкіл тізбегі бойынша салықтық бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.

Енді тауарлардың құнын төмендету есебінен импорт кезінде толық төленбеген қосылған құн салығы сатудың келесі кезеңдерінде өтеліп алынады.

Қадағалау жүйесін енгізу қосылған құн салығы бойынша түсімдерді 1,5 есеге ұлғайтуға, сондай-ақ көлеңкелі экономика үлесін 2020 жылы 20,2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Тауарларды өткізу бағытын бақылауда навигациялық пломбалар қолданылатын болады.

Министр атап өткендей, тәуекелдерді басқару жүйесіне деректерді интеллектуалдық талдау енгізіледі және субъектіге бағдарланған тәсіл жетілдіріледі. Тасымалдаушыларды категорияларға бөлу жүзеге асырылатын болады. Бұл келісімшарттың, тасымалдауға рұқсаттардың, фискалдық және тіркеу деректерінің, табыстарды көрсетудің және тасымалдаушының сенімділігін растайтын басқа да құжаттардың болуы туралы деректерге негізделеді.

«Декларантты категориялауды жетілдіру сатып алушылар, брокерлер және т.б. бойынша қосымша критерийлерді енгізуді көздейді. Сондай-ақ, санаттауды жүзеге асыру мерзімділігін 1 айға дейін қысқарту жоспарланып отыр, бұл туындаған тәуекелдерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді», — деді Е. Жамаубаев.

 

Кедендік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша

9 автомобиль және 1 теміржол өткізу пунктін реконструкциялау және техникалық жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, оларды автоматтандырылған мониторингтеу үшін бас диспетчерлік басқармасын салу жұмыстары жүргізілуде.

«Өткізу пункттері көлікті сканерлеу және өлшеу бойынша қазіргі заманғы жабдықтармен жарақталады, бақылау рәсімдері бойынша шешімдер қашықтан қабылданатын болады. Жобаны іске асыру өткізу мүмкіндігін 7 есеге дейін ұлғайтуға және өту уақытын 2,5 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаны 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», — деді қаржы министрі.

Сонымен қатар, басқа да жүйелі шаралар қабылдануда.

Қытай Халық Республикасындағы карантиндік шектеулерге қарамастан, екіжақты келіссөздер шеңберінде кедендік статистиканың алшақтықтарының себептерін айқындау үшін деректерді салыстырып, тексеру мәселелері пысықталады. Қытай Халық Республикасымен алдын ала ақпарат алмасу кезінде автомобиль көлігі бойынша да, сол сияқты теміржол бойынша да экспорттық декларациялардан мәліметтер көлемін кеңейту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, қытай тарапымен олардың өткізу пункттеріндегі өткізу мүмкіндігінің төмендігі туралы мәселе пысықталатын болады.

Бұдан басқа, шекара маңындағы теміржол станцияларында Қазақстан темір жолы мен Мемлекеттік кірістер комитеті арасындағы бизнес-процестерді жеңілдету, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті, Қазақстан темір жолы және Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпараттық жүйелерін интеграциялау жоспарлануда.

«Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен қытай тауарларын әкелу мәселесіне жеке тоқталсақ. Қырғыз тарапымен Қазақстанға әкелінетін тауарлар бойынша мәліметтер алмасу және тауарға ілеспе құжаттарда дұрыс көрсетілуі жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Қырғызстан мен Ресейден әкелінетін тауарлардың тізбесін кеңейту жоспарланып отыр. Оларға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен қосылған құн салығы төлеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін бағаның ең төменгі деңгейін бақылау қолданылатын болады. Уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын біліктілік талаптары заңнамалық түрде күшейтілу жоспарлануда. Бұл реестрге сыртқы экономикалық қызметтің тек адал қатысушыларын енгізуге мүмкіндік береді», — деді Е. Жамаубаев.

Сондай-ақ, кеден саласындағы бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілетін болады. Мұнда айлық есептік көрсеткішпен айыппұлдардың орнына декларацияланбаған тауарлар сомасына проценттік қатынастағы айыппұлдар енгізу көзделеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу