2024 жылдан бастап қалдықтарды басқару жөніндегі арнайы кәсіпорындарға төлемдер қайта басталады – ҚР ЭТРМ

Министрдің айтуынша, биылғы қыркүйек айында Үкімет отырысында стихиялық қоқыстар үйінділерін жою және қалдықтарды басқару жөнінде нақты тапсырмалар берілген болатын. Соның бірі – 1 желтоқсанға дейін стихиялық қоқыстар үйінділерінің санын екі есе қысқарту.

15 желтоқсандағы жағдай бойынша көрсеткіш 50%-дан 80%-ға дейін жақсарды, атап айтқанда, анықталған 5 543 нысанның 4 388-і жойылды. Алайда жекелеген әкімдіктер тиісті деңгейде жұмыс жүргізбеген. Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары бойынша іс жүзінде динамика жоқ және жою деңгейі 50%-ға жеткен жоқ.

Әрі қарай экология және табиғи ресурстар министрі республиканың аудандары мен қалаларында коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын бекітуге қатысты айтып өтті. Бүгінгі таңда бағдарлама тек Ақтөбе мен Сәтбаев қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысының Сандықтау ауданында бекітілген. 

Бұл ретте Сәтбаев қаласының бағдарламасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген ұсыныстарға сай келмейді. Саланың қазіргі жағдайына талдаудың толықтығына және проблемаларды шешу бойынша шаралар әзірлеуге, сондай-ақ оларды қаражатпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар сақталмаған. Қалған 204 аудан мен қала бойынша Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында бағдарламаларды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. 

«Әкімдерге бағдарламаларды әзірлеу бойынша жұмысты, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұсынымдарын ескере отырып, жандандыруды тапсыруды сұраймын, бұл ретте сапалы құжаттарды бекіту мақсатында бағдарламаларды бекіту мерзімін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту ұсынылады», — деді министр Ерлан Нысанбаев.

Сонымен бірге министр әкімдіктердің қалдықтарды қауіпсіз басқаруды ұйымдастыруы үшін, атап айтқанда, жер учаскелерін беру, инфрақұрылым жүргізу, іс-шаралар мен экономикалық құралдар әзірлеу, бизнес субъектілеріне преференциялар беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу бойынша қажетті құзыреті мен негізі бар екенін атап өтті.

Одан кейін Ерлан Нысанбаев халықаралық тәжірибені ескере отырып, қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауыттарын іске қосу жөніндегі тапсырмаға тоқталды. Министрдің мәлімдеуінше, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Түркия, Испания, Германия, Швеция, АҚШ-тың кейбір штаттары, Норвегия, Канада, Корея және Жапония сияқты елдердің қалдықтарды басқару саласындағы тәжірибесін зерттеді. Халықаралық тәжірибеде қалдықтарды тиімді басқару мақсатында қайталама шикізатты тапсырғаны үшін сыйақы, қалдықтарды шығару қызметіне сараланған тарифтеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту сияқты негізгі шаралар қолданылады.

Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған шараларды енгізу үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту және бизнес субъектілерін осы салаға тарту қажет.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеңілдетілген қаржыландыру тетігі әзірленді – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы сыйақы мөлшерлемесі 3%-бен және 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыру қарастырылған. Жобаларға 3 жылға бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Үкімет қаулысының тиісті жобасы мемлекеттік органдармен келісудің аяқталу сатысында тұр.

Әкімдіктермен бірлесіп, жобалар пулы қалыптастырылуда, бүгінде 60 млрд теңгеге жуық сомаға 11 жоба бар. Іріктеу кезінде өңірлердің қажеттіліктері және жобалардың Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларына сәйкестігі ескерілетін болады. Сондай-ақ 2024 жылдан бастап қалдықтарды басқару жөніндегі арнайы кәсіпорындарға төлемдер қайта басталады. Төлемдерді жүзеге асыру тәртібін бекіту туралы бұйрық қабылданды. Ақшалай төлемдердің мөлшерін бекіту жөніндегі Үкімет қаулысының жобасы мемлекеттік органдармен келісілді және бекіту үшін ҚР Үкіметінің Аппаратына енгізілді.

Одан кейін экология және табиғи ресурстар министрі балабақшадан бастап университетке дейінгі оқу бағдарламаларына қоқыспен жұмыс істеу мәдениеті мәселелерін әзірлеуге және енгізуге қатысты да айтты.

Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен білім берудің барлық деңгейіндегі оқушыларға экологиялық білім беру бойынша кешенді іс-шараларды қамтитын Экологиялық білім беру және тәрбиелеу іс-шараларының 2023-2029 жылдарға арналған жоспары бекітілді. Тапсырмаларды орындау осы жоспар шеңберінде жалғасатын болады. 

Орынсыз жерлерде қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске белгіленген орындардан тыс жерде қоқыс шығарғаны үшін айыппұлдарды ұлғайтуды көздейтін түзетулер әзірленді. Мысалы, жеке тұлғалар үшін 50 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл мөлшері ұлғайды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске осы түзетулерді қамтитын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында қарастырылған, ол бүгінде қоғамдық тыңдаудан өтті және көрсетілген түзетулер бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілуде.

«Өңірлердегі қалдықтарды басқару мәселесінің маңызын, сондай-ақ стихиялық қоқыстарды жою және Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмалардың орындалмауын ескере отырып, көрсеткіштері төмен облыстар бойынша бірінші жетекшінің орынбасарлары деңгейіндегі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды сұраймын», — деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

#ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу