С. Жұманғарин мен Пәкістан Премьер-Министрі Ш. Шариф екі ел ынтымақтастығының перспективаларын талқылады 

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Шахбаз Шарифпен кездесті.

Кездесу қазақстандық делегацияның 23-24 желтоқсанда Исламабадта өткен Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі 11-ші бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысына қатысу үшін Пәкістанға жасаған сапары шеңберінде өтті. 

С. Жұманғарин Пәкістан Премьер-Министріне жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сәлемін жеткізді. Өз кезегінде ПИР Премьер-Министрі Шахбаз Шариф су тасқынынан зардап шеккен Пәкістан халқына көңіл айтып, көрсеткен көмегі үшін Қазақстан Президентіне алғысын білдірді. Ол екі елдің достық қарым-қатынасы күннен-күнге нығайып, сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті, бұған үкіметаралық комиссияның өткізілуі дәлел. Сондай-ақ комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерді, соның ішінде авиациялық, инвестициялық және банктік ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы үш меморандумға қол қоюды жоғары бағалады.

Тараптар агроазық-түлік, фармацевтикалық өнімдерді өзара жеткізудегі, тоқыма өнеркәсібі саласындағы өнеркәсіптік кооперациядағы ынтымақтастық мәселелерін, екі елдің транзиттік әлеуетін, оның ішінде трансафган темір жолының құрылысын талқылады. Серік Жұманғарин Қазақстан бұл жобаны қолдайтынын және оған қатысудың әртүрлі нұсқаларын, соның ішінде материалдарды жеткізуді қарастыруға дайын екенін айтты. Сонымен қатар вице-премьер тоқыма, фармацевтика өнеркәсібі, минералды тыңайтқыштар өндірісі (Engro Corporation) саласында жұмыс істейтін пәкістандық өндірушілерді Қазақстан аумағында бірлескен кооперациялық жобаларды әзірлеуге қатысуға шақырды. Ол екі елдің жемісті өзара іс-қимылы достық және өзара тиімді бағытта жалғасатынын атап өтті.

Пәкістан тарапынан қазақстандық жүктердің Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына транзиті үшін теңіз порттарының әлеуетін қарастыру ұсынылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу