Сауда-саттық 1,5 млн-нан астам адамды және Қазақстанның жарты миллион кәсіпорнын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр

Бұл туралы «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірінші республикалық форумында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновпен бірге панельдік сессияда сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Серік Жұманғарин депутаттарды сыртқы және ішкі саудамен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау шаралары және әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан қадамдар туралы хабардар етті.

«Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау, сондай-ақ жалпы саладағы проблемаларды шешу Сауда министрлігінің маңызды міндеттері болып табылады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Қазақстандық шикізаттық емес тауарларды сыртқы тректе табысты ілгерілету үшін 20 қаржылық және қаржылық емес құралдардан экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау жүйесі қалыптастырылды. Экспорттық акселерация бағдарламасы іске асырылуда. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушылар шамамен $70 млн-ға экспорттық келісімшарттар жасасты. Ағымдағы жылға арналған бағдарламаға қатысуға өтініш қабылдау аяқталды, оның қорытындысы бойынша 110 жаңа компанияны іріктеу жоспарланған.

2023 жылдың басынан бері 6 сауда миссиясы ұйымдастырылды, оларға 110 қазақстандық және 500-ден астам шетелдік компаниялар қатысты, $330 млн-нан астам экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша шығындарды өтеу шеңберінде 200-ден астам компанияға 8,8 млрд теңгеге қолдау көрсетілді.

Бүгінде экспортты ілгерілету экожүйесін жақсарту бойынша белсенді заңнамалық жұмыс жүргізілуде. «Экспорттық-кредиттік агенттік», туралы заң жобасы әзірленді. Құжат экспорттаушыларға қаржылық ынталандыру бойынша көрсетілетін шаралар желісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған 5 шекара маңы хабы анықталды: «Орталық Азия» ХӨКО  (Қазақстан-Өзбекстан), ИСЛК (Қазақстан-Қырғызстан), «Еуразия» (Қазақстан-Ресей), «Каспий» (Каспий маңы өңірлері), «Қорғас торабы» (Қазақстан-ҚХР).

Ішкі сауда бойынша маусымаралық кезеңде нарықты қамтамасыз ету және бағаның маусымдық құбылуына жол бермеу үшін тұрақтандыру қорлары қызметінің форматы өзгертілді.

Инфляция деңгейін 2 есе төмендету мақсатында түбегейлі жаңа тәсіл әзірленді. Ол ӘМАТ баға индексінде айтарлықтай салмағы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және осы тауарларды өндірушілерді қолдауға бағытталған. Бұл жұмыстар атаулы жүргізілетін болады.

«Өткен аптада Қызылорда облысында күріш жәрмеңкесі өткізілді, оның барысында ӘКК мен өндірушілер арасында 3 млрд теңгеге 7,6 мың тоннадан астам көлемде күріш жеткізу туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Бұл жұмыс елімізде өндірілетін барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша жүргізіледі», — деді Серік Жұманғарин.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға индексі жыл басынан бері 4,3% деңгейінде қалыптасты, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 4 есе аз.

Серік Жұманғарин базарларды жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше назар аударып, барлық қатысушыларды нақты жоспарлау және үйлестіру үшін 2025 жылға дейін сауда базарларын жаңғырту бойынша жол картасы әзірленгенін атап өтті. Алайда, бүгінде жаңғыртудың жаңа мерзімін заңнамалық бекіту арқылы барлық өңір үшін мерзімдерді синхрондау қажет.

Сөз соңында панельдік сессияға қатысушылар кәсіпкерлер мен өндірушілерді қаржылай қолдау, инфляцияны тежеу, ауыл шаруашылығын дамыту және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды.

#Сауда #Серік Жұманғарин #ӘМАТ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу