Серік Жұманғарин Маңғыстау облысындағы Каспий торабының даму барысымен танысты

Бірінші нысан Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы болды. Жоба еліміздің трансшекаралық хабтарын дамытудағы маңызды буын-Каспий көлік торабы шеңберінде іске асырылуда.

«Саржа» терминалы Қазақстан порттары арқылы жүк айналымын жылына 11 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде алғашқы жүк айлақтары мен негізгі инженерлік және көлік инфрақұрылымы салынды, бас жүк терминалынан жүктерді ауыстырып тиеу қызметтері көрсетіледі.

2024 жылдың басынан бастап Саржа терминалы 6 кемені қабылдады, 380-нен астам вагон өңдеді, ал қызмет басталғаннан бері Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша барлығы 51 000 тоннадан астам жүк ауыстырылды. 

«Бүгінде біз 5 трансшекаралық хабты – Қытай шекарасындағы Қорғас торабын, Қырғызстанмен бірлескен  «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешенін, Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» трансшекаралық халықаралық кооперация орталығын, Оралдағы «Еуразия» логистикалық орталығын және Құрық теңіз портын қамтитын Каспий торабын белсенді дамытып жатырмыз. Құрық теңіз порты Қазақстанның эскпорттық әлеуетін дамытуда айрықша маңызға ие.  Мемлекет басшысы елімізді өңірдегі ең ірі көлік-логистикалық хабқа айналдыруды міндеттеді. Бұл ретте маңызды рөлдердің бірі Транскаспий халықаралық көлік бағытына беріледі. Өткен жылдың желтоқсан айында Құрық порты арқылы ал,ашқы жүк, яғни мыс, алюминий өзге елге экспортталды», — деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ компанияның бас директоры Нұржан Марабаев Серік Жұманғаринге теңіз балық шаруашылығын және зәйтүн плантацияларын дамыту жобасын ұсынды. Екі жоба да Маңғыстау облысы аумағында жүзеге асырылуда. Тауарлы балық өсіру бастамалары лосось тұқымды балық өсіруге арналған фермалар құруға бағытталған. Жобаны әзірлеушілердің болжамына сәйкес 2026 жылы  200 тонна өнім өндірілуі мүмкін. Осыған байланысты теңіз бассейніне кешенді зерттеулер жүргізу жоспарлануда.

Сондай-ақ Құрық портының маңында зәйтүн ағаштарын өсіру жобасы аясында өткен жылы 2000 көшет отырғызылды. Жобаның мақсаты – Қазақстан нарығын жоғары сапалы отандық өніммен (зәйтүн және зәйтүн майы) қамтамасыз ету, сондай-ақ оны жақын мемлекеттерге эскпорттау. Вице-премьер Серік Жұманғарин отандық тауар өндірушілердің бастамаларына жоғары баға беріп, теңіз терминалын салу жобасы Үкіметтің бақылауында екенін атап өтті.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысып,  «Азерсун логистика және өндіріс орталығы» ЖШС  кәсіпорнында болып, жеміс-жидек, көкөністерді сақтауға арналған қойма кешенін аралады.

#Жұмыс сапары #Көлік #Логистика #Сауда #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу