Серік Жұманғарин Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысына қатысты

2022 жылғы 14 желтоқсанда Мәскеуде өткен ЕЭК кеңесінің кезекті отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация көтерген екі маңызды мәселе бойынша оң шешімдер қабылданды.

Бірінші мәселе – ЕАЭО техрегламенті талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу қағидаттары мен тәсілдерін регламенттейтін Келісімде «қауіпті өнім» терминін «техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімге» ауыстыру. Бұл құжатқа 2021 жылғы ақпанда қол қойылды, қауіпті өнім туралы ақпарат алмасу үшін ақпарат жүйесін құруды көздейді. Бұл анықтамаға тауарлардың қауіпсіздігіне әсер етпейтін техрегламенттердің талаптарының кең спектрлі сәйкессіздігі кіреді. Маркировканың жабыспай қалған стикері, этикетка аудармасындағы қателер, құрамы мен энергия тиімділігі және басқа да параметрлер бойынша сәйкессіздіктерді мысалға келтіруге болады. Қазақстандық кәсіпкерлер азық-түлік, бензин «қауіпті» мәртебесі бар ақпарат жүйесіне кіре алатынын бірнеше рет атап өтті, тіпті тауар осы тізілімнен шығарылғаннан соң да мұндай мәртебе кейіннен өндірушінің беделіне теріс әсер етеді. 

Отырыс қорытындысы бойынша ЕЭК кеңесінің мүшелері «қауіпті өнім» терминін «техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнім» деп өзгерте отырып, хаттама жобасы 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін мемлекетішілік келісуге жолдауға қатысты тапсырманы бірауыздан мақұлдады. 

Қазақстандық тарап электрондық паспорттар жүйелерінің жұмысының бірқатар мәселелерін талқылады. Келіссөздер нәтижесінде қазақстандық тарап өздігінен жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлеріне паспорттарды рәсімдеу, электрондық паспорттар немесе олардан үзінді көшірмелер негізінде көлік құралдарын тіркеу мүмкіндігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды көздейтін ЕЭК алқасы тапсырмасының жобасын келісуді ұсынды. Сонымен қатар жеке тұлғалар пайдалану үшін әкелетін көлік құралдарына электрондық паспорттарды рәсімдеу ерекшеліктерін анықтау бар. Сондай-ақ хаттама жобасы алмасуға жататын мәліметтердің құрамы, мәліметтерді ұсыну шарттары мен мерзімдері бойынша ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібіне шарттар әзірлеуді қамтиды. Алқа мүшелері аталмыш құжатты қолдап, келесі жылдың қаңтар айында және Еуразиялық үкіметаралық кеңес деңгейінде ақпарат жүйелерінің өзара іс-қимылының жүйелі мәселелерін талқылауды жалғастыруға уағдаласты.

Шешілген маңызды мәселелердің бірі – ЕАЭО туралы шартқа қатысушы елдерде карантиндік объектілердің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген, бірақ одақтың кедендік аумағы үшін фитосанитариялық қауіп төндіретін зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шараларды енгізу тәртібіне бірыңғай тәсілді белгілеу жөніндегі өзгерістерді мақұлдау. Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасын Кеңес мемлекетішілік рәсімдерге жіберді. Осы өзгерістердің күшіне енуі мүше мемлекеттердің өзара саудасында кедергілердің туындау қаупін барынша азайтуға және Одақтың кеден аумағында фитосанитариялық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу