Серік Жұманғарин «Орталық Азия–Қытай» мемлекеттері басшыларының саммитіне дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді

Өткен сейсенбіде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және ҚХР-дің экономика және сауда министрлері алдағы «Орталық Азия–Қытай» мемлекеттері басшыларының саммитіне дайындық мәселелері бойынша онлайн кеңес өткізді. Аталған іс-шара сол жылдың мамыр айында Сиань қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Кеңес Қытай тарапының бастамасымен ұйымдастырылды. Алты ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және ілгерілетуге көмектесетін онлайн кездесулер тұрақты түрде өткізілетін болады.

Серік Жұманғарин Қытай Қазақстанның да, Орталық Азияның басқа да елдерінің негізгі сауда серіктесі екенін атап өтті. 

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 31,9%-ға өсіп, $32,1 млрд-ты (2021 ж. - $24,3 млрд) құрады. Екі ел арасындағы сауда рекордтық деңгейге жетіп, өткен жылы $24 млрд-тан асты. Қазақстандық өнімдердің Қытайға экспорты үштен бірінен астамға өсіп, $13,2 млрд құрады. Сол сияқты Қазақстанда қытайлық тауарларға сұраныс артып келеді. Импорт 33,5%-ға өсіп, $11 млрд-ты құрады.

«Қытай нарығы – біздің өнімдеріміздің сенімді тұтынушысы. Біз жалпы құны 1 млрд-тан асатын қосымша 135 тауар позициясында өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең ауқымын ұсынуға дайынбыз», — деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер электронды коммерцияны дамытудың, өңірдің көлік байланысын арттырудың және экспорт пен транзит жағдайларын дәйекті жақсартудың, өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Серік Жұманғарин инвесторларды өнеркәсіптік ынтымақтастыққа шақырды. 

Орталық Азия елдерінің бәсекелестік позицияларын ескере отырып, бастапқы кезеңде Қазақстан өнімдерді бірлесіп, оның ішінде қытай нарығында ілгерілетуді ұсынады.

Кеңес қорытындысы бойынша алдағы саммит қарсаңында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, цифрлық сауда саласында және инфрақұрылымдық, инженерлік құрылыс саласындағы ынтымақтастық туралы үш құжатқа қол қоюға келісім білдірді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу