Серік Жұманғарин Кабулда Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумын ашты

Бүгін Кабулда Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Хаджы Нуриддин Азизи жыл сайынғы Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумын ашты. Бұл жолы форум Кабулда өтті. Форумға агроөнеркәсіп кешені, технология, машина жасау, химия өнеркәсібі мен IT саласындағы 50-ден аса компания, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі $541,8 млн-ды құрады. Сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында сауда айналымын қысқа мерзімде $3 мkрд-қа жеткізу міндеті тұр.

Қазақстан Ауғанстанды стратегиялық әріптес және оңтүстік және Орталық Азия өңірінің негізгі логистикалық хабы ретінде қарастырады. Ағымдағы ынтымақтастық шеңберінде жеткізілімдердің тауар номенклатураларын кеңейту, инвестициялар үшін жағдайлар жасау, логистикалық және сертификаттық кедергілерді жою, бизнес пен электрондық сауда алаңдары арасындағы тікелей байланыстарды дамыту жоспарлануда.

«Біздің тарапымыздан біз ауғандық әріптестерімізге астық, ұн, майлы дақыл, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, өнеркәсіптік жабдық және басқа да сұранысқа ие тауар жеткізудің бәсекелестік жағдайын қамтамасыз етуге дайынбыз. Бұл ретте Қазақстан экспортқа ғана емес, сонымен қатар Ауғанстан аумағында, әсіресе тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тоқыма сияқты салаларда бірлескен өндірістерді іске асыруға мүдделі», — деп атап өтті Серік Жұманғарин өз сөзінде.

Бизнес өкілдері мұндай бизнес-форумдар айтарлықтай маркетингтік әсер ететінін атап өтті. Олардың айтуынша, компаниялардың ресми делегациялардың сапарларына қатысуы шетелдік әріптестер тарапынан сенім деңгейін арттырып, іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.

«Біз алғаш рет 2023 жылы осы алаңда өткен бизнес-форумға қатыстық. Осы сәттен бастап күнбағыс майын жеткізу көбейе бастады. Егер 2022-2023 жылдардағы маусымдарды салыстыратын болсақ, жеткізілім көлемі 17 мың тонна. Ағымдағы маусымда 75 мың тоннаға жетті. Үш маусымда біз жеткізілім көлемін төрт еседен аса арттырдық. Келесі маусымдағы біздің келесі міндетіміз-күнбағыс майын жеткізуді 110-120 мың тоннаға жеткізу», — деп атап өтті Қазақстанның май саласы қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов.

Қазақстан-ауған бизнес-форумы барысында Серік Жұманғарин Ауған тарапына «BARK Technology» қазақстандық компаниясының бірегей инновациялық әзірлемесін - «BARK VibroLUNG» өкпе виброакустикалық терапиясының медициналық аппаратын сыйға тартты.

Аппарат виброакустикалық әсер ету арқылы тыныс алу жүйесінің жұмысын жақсартуға және тыныс алу жолдарын тазартуға арналған. Технология медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал ете отырып, тыныс алу органдарының сырқаты бар пациенттерді кешенді терапия мен оңалтуда тиімді қолданыла алады.

Сондай-ақ, форум алаңында «Konsung Technology» ЖШС қазақстандық компаниясы өндіретін HES-7 жүйесімен жабдықталған мобильді диагностикалық кешен таныстырылды. ЖИ көмегімен HES-7 жүйесі ЭКГ және функционалды диагностика жүргізуге, жүрек-қан тамырлары жүйесінің, бауырдың, бүйректің, қан мен өкпенің ауруларын анықтауға, қант диабетін диагностикалауға, зертханалық экспресс-талдаулар жүргізуге және емдеуді жедел тағайындауға мүмкіндік береді. Бизнес-форумның қорытындысы бойынша Ауғанстанға $45 млн сомасына осы мобильді жабдықтың 4500 бірлігін жеткізу келісіміне қол қойылмақ.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу