03 Наурыз 2026, 12:35
Премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын іске асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды.
Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары туралы, «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол жұмыстарын жүзеге асыру және цифрлық шешімдерді енгізу туралы, Жол активтері сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау туралы баяндады. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Қазақстанда 95 мың шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 25 мыңы республикалық жолдар. Бұл жолдар Көлік министрлігіне қарайды. Нормативтік жағдайы 94% құрайды. Ал 70 мың км облыстық және аудандық жолдар жергілікті органдарға қарайды. Оның нормативтік жағдайы 91%. Республикалық маңызы бар жолдарда нормативтік жағдай шамамен бір деңгейде сақталған. Ал жергілікті жолдар бойынша батыс өңірінде жолдардың нормативтік деңгейі төмендеу.
«Алдағы үш жылдың ішінде жергілікті органдармен бірге өңірлік жолдардың жұмыстарын 5 есе көтереміз. Жұмыстың нәтижесінде 25 мың шақырым өңір жолдарын нормативтік деңгейін 95 пайызға дейін көтереміз. Бұл жұмыстарды атқару үшін ведомстволық нормативтерге тиісті өзгерістер қабылданды. Қазіргі уақытта стандарттарға өзгерістер енгізу жұмысы аяқталып жатыр. Сонымен қатар, өткен аптада әкімшіліктердің өкілдерімен жиналыс өткізілді. Түсіністік бар, жергілікті органдар жұмыстарына кірісіп жатыр.
Республикалық жолдарға келер болсақ, бұл жолдардың екі рөлі бар. Бірінші, өңірлер арасында байланыс жасау. Екінші, халықаралық транзитті дамыту. Бүгінгі кезде Қазақстанда 7 автокөлік коридоры қалыптасты. Атап өтетін болсақ, өткен жылдары 4 үлкен жобаны аяқтадық: «Қалбатау-Майқапшағай», «Талдықорған-Өскемен», «Атырау-Астрахань» және «Қарағанды-Алматы». Бұл жолдардың жалпы ұзындығы – 2000 км. Көлік қозғалысы өсіп жатыр және кейбір дәліздер үлкен жүктемеде жұмыс істейді. Сондықтан, алдымызда жаңа көп жобалар бар», — деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Өз баяндамасында ол әр жобаға қысқаша тоқталып өтті:
Қойылған тапсырмаларға сәйкес Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы учаскесінде жұмыстар жүргізілуде. Бұл жол телемі – Түркіменстан-Ресей дәлізінің бір бөлігі. Сонымен қатар жолды 4 жолаққа дейін кеңейту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу басталды.
Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша жолды шамамен 1000 км-ге және жүк жеткізу уақытын 3 күнге дейін қысқартады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Қазіргі уақытта қаржы тарту рәсімдері жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.
Негізгі транзиттік бағыттармен қатар өңірлік және әлеуметтік маңызы бар жобаларды дамыту да ерекше назарда. Атап айтқанда, Қарағанды – Жезқазған және Орталық – Батыс бағыттары. Аталған жобалар бойынша жұмыстар жүзеге асуда. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың мамыр айында басталмақ.
Қызылорда – Ақтөбе ең маңызды дәліздің ішіне кіреді. Бұл жол телімі Батыс Европа – Батыс Қытай және Ресей мен Орталық Азия бағыттарының қосылатын арнасы болып есептеледі. Қызылорда – Ақтөбе жобасы 3 учаскеге бөлінген. Ақтөбе-Ұлғайсын және Сексеуіл-Қызылорда құрылысы осы жылы, ал Ұлғайсын-Сексеуіл бөлімі келесі жылы басталады. Жоспар бойынша үш учаскінің жұмыстарын бір уақытта бітіру қарастырылған.
Министр, сонымен қатар, бірқатар мәселелерді де атап өтті.
«Жол жабыны туралы бөлек айту керек. Қазіргі уақытта асфальт-бетон жабыны 8 тоннаға дейінгі осьтік жүктемеге есептелген. Көп интенсивті қозғалысқа және қатты ыстыққа шыдамайды. Осыған байланысты жазғы мерзімнің күндізгі уақытында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл транзиттің дамуына кедергі келтіреді. Ал цемент-бетон жабыны ауыр жүктемеге төзімді. Қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді. Осындай жағдайда транзиттік дәліздерде жол жабынын дұрыс таңдау маңызды.
Жөндеу жұмыстарына келер болсақ, жол құрылысымен қатар, үш жылдық жоспар аясында жөндеу жұмыстары да қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін 10 мың шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Қазіргі таңда оның 5 мың шақырымы жөнделіп бітті. Алдағы үш жылда қалған 5 мың шақырым жол жөнделеді. Осылайша қойылған міндет толық орындалады», — деді ол.
Автожол жобаларын іске асыру үшін елімізде негізгі құрылыс материалы бар. Бұл құрылысты толық қамтамасыз етуге және жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Инертті материалдар шектеулі өңірлерде ірі өндіріс орындарының техногендік минералдық қалдықтары (ТМҚ) пайдаланылады.
Битумға келер болсақ, жолдың сапасы осы материалға тікелей байланысты. Біріншіден отандық өндірушілер битуммен толық қамтамасыз етген. Екіншіден, жол сапасын көтеру үшін құрылысшылар мұнай өңдеу зауыттарымен бірігіп жаңа стандартқа көшуді ұсынды. Бұл шешім Үкімет тарапынан қолдау тапты. Енді жаңа жобаларда модификацияланған битум қолданылады. Зауыттар ұлттық стандарттарға сәйкес бұл өнімді кезең-кезеңімен өндіруге көшеді. Айта кетер жайт, Ресей Федерациясы бұл жұмысты 2016 жылдан бастаған болатын.
#Автожолдар #Көлік #Президенттің тапсырмасы #Үкімет отырысы«Автожолдарды дамыту үшін бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды салу керек. Оған мультимодальды логистикалық хабтар мен заманауи өткізу пункттері, жаңа форматтағы жол бойы сервистері, цифрлық шешімдер кіреді. Бұл бағыттар бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Мысалы, халықаралық өткізу пункттерінің құрылысын 2027 жылы толық бітіреді.
Алдағы үш жылдық жоспарда жасалынатын үлкен жобалар бар. Осы кезеңде жалпы ұзындығы 3,25 мың шақырым болатын басым жобалар соғылады. Оған 4,6 трлн теңге қаржы көзделген. Бұл жобалар транзиттік әлеуетті арттырып, елге нақты экономикалық пайда әкеледі. Тартылатын қаражат тікелей және тұрақты макроэкономикалық әсер береді. Оның ішінде мультипликативтік әсер де бар. Материалдар мен қызметтердің 90%-ға жуығы отандық өндірушілерден сатып алынады. Бұл өнеркәсіптің дамуына оң ықпал етеді. Жалпы алғанда, автожол саласына салынған инвестиция экономиканы дамытады. Атқарылып жатқан шаралар еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамытып, транзиттік мүмкіндікті арттырады», — деді министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу