«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі»: көрмеге 1 млн-нан астам шетелдіктер келді

ҚР Ұлттық музейінде музей қызметі саласындағы шетелдік сарапшылардың қатысуымен 2019 жылы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасын іске асырудың қорытындылары туралы баспасөз конференциясы өтті.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин атап өткендей, халықаралық көрме жобасының мақсаты — шетелдік жұртшылықты қазақ халқының ежелгі тарихы, бай мәдениеті және қайталанбас өнерімен таныстыру.

«Халықаралық жоба 2019 жылы Қазан Кремлі мемлекеттік музей-қорығынан бастау алды. Одан әрі "Ұлы дала: тарих және мәдениет" көрмесі Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грекияның жетекші музейлерінде сәтті өтті. Үш жылда Қазақстанның символы — "Алтын Адам" таяу және алыс шетелдің 12 елінде ұсынылды. Жалпы, біздің жобаны жүзеге асырған жылдар ішінде көрмеге 1 млн-нан астам шетелдік қонақтар келді. Көрме шетелдік көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырды», — деді А. Сатыбалдин.

Оның айтуынша, Қазақстанның Ұлттық музейі бұл арнайы жобаны 2017 жылы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асыра бастаған.

Баспасөз конференциясында әлемнің жетекші музейлерінің жетекшілері сөз сөйлеп, жоба туралы өз ойларымен бөлісті.

Өзбекстанның Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Файзиева бүгінгі іс-шара бүкіл әлем бойынша өткізілетін көрмелерде атқарылған жұмыстарға орай өткізілгенін атап өтті.

«Бұл жәдігердің таныстырылымы көпшіліктің үлкен қызығушылығын тудырды. Өзбекстан Республикасында жоба Ташкентте «Ұлы дала» атауымен жалғасты. Осы көрменің көрермендері арасында үлкен қызығушылық болды. Көрме бір ай ішінде 10 мыңнан астам көрерменді қамтыды. Бұл көрермендердің көпшілігі жастар болды. Өзбекстанның шығармашылық зиялы қауымы бұл көрмеге үлкен қызығушылықпен қарады. Мұндай іс-шаралар Өзбекстан мен Қазақстанның мәдениет және өнер саласындағы өзара қатынастарына үлкен үлес қосады. Мұндай көрмелерді көбірек өткізу керек», — деді В. Файзиева.

Өз кезегінде, Қазан Кремлі (Татарстан Республикасы) Ислам мәдениеті музейінің меңгерушісі Ильнур Низамиев «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрмесінің ерекшелігі ‒ тақырыпты үнемі зерттеу және ежелгі мәдениетті заманауи тілде зерттеу екенін атап өтті.

«Алтын адам ‒ ​​бұл тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мұрасы. Бұл әртүрлі мәдениеттер мен халықтармен диалог орнатудың тамаша мүмкіндігі. Жыл сайын бұл көрме өткізу орнын ескере отырып түрленеді. Зерттеу жұмыстары жүргізілуде, 2,5 мыңнан астам жыл мәдениетті зерттеу жолдары дамуда. Мұнда ежелгі адамдардың көшпелі өмірінің толық циклін байқауға болады. Біздің қалада көптеген туристерді қамти отырып, көрме өте жақсы тамашаланды. Бір айдың ішінде көрмеге шамамен 4 мың адам келді», — деді И. Низамиев.

Кездесуде Малайзия Музейлер департаментінің саяси және стратегиялық жоспарлау бөлімінің кураторы Мастура бинти Мохд Сах, Афина Эпиграфиялық музейі директорының орынбасары Иоанна Вениери, Анадолы өркениеттері музейінің директоры Юсуф Кирач және т. б. сөз сөйледі.

Айта кету керек, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрмесінің жәдігерлері дала өркениеті тарихының, көшпелі империялардың ұлы жеңістері мен өрлеуінің айғақтары. Көрменің орталық экспонаты — Алтын адамның реконструкциясы.

Көрмеде атқа міну мәдениетінің қалыптасуы, ежелгі металлургияның дамуы, сақ кезеңіндегі аң стилінің дамуы мен сабақтастығының ерекшелігі, Ұлы Жібек жолының ортағасырлық қала мәдениетінің дамуына әсері жан-жақты қамтылды. Шетелдік аудиторияға қазақтардың ұсынылған дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерінің бұйымдары арқылы қазіргі Қазақстан аумағында тұратын халықтардың дәстүрлері мен өнерінің сабақтастығы және әр экспонаттың терең мағыналық мәні көрсетілді.

Бұдан өзге, аталған шара аясында атақты қазақстандық ғалым-археолог, Қазақстан ұлттық археология мектебінің негізін салушылардың бірі Кемел Ақышевтың туғанына 95 жыл толуына арналған деректі фильм көрсетілді.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Қазақ Алтайының қазыналары» көрмесі ашылды.

Көрмеде 2018-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан қазақстандық ғалым-археолог З. Самашев басқарған археологиялық экспедиция тапқан «Елеке Сазы» қорғандарынан табылған ежелгі сақ мәдениетінің алтын бұйымдары ұсынылды. Археологиялық олжалар б.э.д. 8-7 ғасырларға жатады.

«Бүгін біздің "Елеке Сазы" жаңа бірегей артефактісін таныстырып отырғанымыз қуантады. К. Ақышев алғаш рет алтын жауынгерді тапқанда, бұл Қазақстан үшін ғана емес, Орта Азия үшін де, әлемдік археологиялық қауымдастық үшін де үлкен сенсация болды. Енді біздің құрметті З. Самашев жыл сайын қайталанбас олжалар табуда, табылған жәдігерлер еліміздің археологиясы мен тарихының дамуына өлшеусіз үлес қосуда», — деді ҚР Ұлттық музейінің директоры А. Мұхамедиұлы.

Көрмеде алғаш рет профессор З. Самашев орындаған «Елеке Сазы» қорғанындағы жетінші Алтын адамның ғылыми реконструкциясы ұсынылды.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу