АӘК төлемінің түзетілген тетігі аз қамтамасыз етілген адамдарға көмек көрсетудің атаулы сипатын, ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз етуі керек — ҚР ЕХӘҚМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында атаулы әлеуметтік көмек ұсынуды жетілдіру шаралары қаралды. АӘК төлеудің әрекет етіп тұрған тетігін түзеу туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов баяндады. 

Министрдің айтуынша, АӘК төлеу критерийлерін өзгерту оның айқындығын, әділдігін және еңбекке деген ынтаны қамтамасыз етуге, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізуге бағытталған.

«Биылғы 1 сәуірден бастап кедейлік шегі 50%-дан 70%-ға дейін өсті (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін), сондай-ақ, табысы төмен отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек нақты 20 789 теңге мөлшерінде белгіленді. Сонымен қатар, шартсыз ақшалай көмекті тағайындау мерзімі 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылған болатын. Осы жылдың тоғыз айында атаулы әлеуметтік көмек 417 мың отбасыға немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері 2,5 есеге ұлғайтылады», — деді Б. Нұрымбетов.  

Барлық атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жартысынан астамы көп балалы отбасылардың мүшелері. Министр атап өткендей, енгізілген АӘК тетігі оң әрі теріс фактілерге ие. Өкінішке орай, жекелеген азаматтар атаулы әлеуметтік көмектің кеңейтілген мүмкіндіктерін теріс пайдаланған фактілер орын алған. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде 73 000-нан астам отбасы өз табыстарын жасырып, атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз тағайылданғаны анықталған. 

Қазіргі уақытта Министрлікте қолданыстағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесін өзгертетін заң жобасы әзірленді. Ұсынылған іс-шаралар кешенді түрде қарастырылуы керек. Бұл — көп балалы аналарды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакет. 

Аз қамтылған балалардың 60%-ға жуығы көп балалы отбасыдан шыққан балалар (56,5%). Осыған байланысты, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар құрамынан балаларды шығарып, оларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыру ұсынылады. Бұл көп балалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыру жолы болады.

«Көп балалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін сараланған мөлшерде белгілеу ұсынылады. Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға тағайындалуы тиіс», — деді министр.

Осыған байланысты, келесі негізгі тетіктер ұсынылады: атаулы әлеуметтік көмектің тоқсан сайынғы тағайындау тәртібін қайтару және тиісінше шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау.

Ведомство басшысының айтуынша, бұл бір жағынан атаулы әлеуметтік көмек алушылардың өз табысын жасыру жағдайларын барынша төмендететін болады. Екінші жағынан, көмекті тағайындау тәртібі әділ болады, себебі, отбасының жан басына шаққандағы табысы, келесі тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады, яғни атаулы әлеуметтік көмекті тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшері ұлғаюы мүмкін. Барлық отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек орта табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленетін болады.

Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылатын болады.

Сондай-ақ, бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылады.

Бұған қоса, учаскелік комиссиялар жұмысын күшейту қажет. Атаулы әлеуметтік көмек беруге мұқтаж емес отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тарту негіздерін толықтыру ұсынылады. 

«Атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасылар санының артуы, қоғамдық негізде жұмыс істейтін учаскелік комиссиялардың жұмысына әсер еткенін мойындау керек. Сондықтан, учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін мерзімді үш күннен жеті күнге дейін арттыруды ұсынамыз», — деді министр.

Мемлекеттік атаулы көмек туралы заңды табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтаманы енгізумен кеңейту ұсынылады.

Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етілетін болады. Ал, оқушы балалар үшін мектептерде тегін ыстық тамақты, күнделікті мектепке барып-келуге тегін жол жүруді, сондай-ақ мектеп формасы мен оқу құралдарын алуды мемлекет есебінен беру көзделеді.

Б. Нұрымбетовтың айтуынша, осылайша атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы тетігі түзетілетін болады. Көп балалаы отбасылар мемлекеттің қамқорлығында болды және солай қала бермек. 

«АӘК – бұл уақытша қолдау. Отбасының әл-ауқаты үшін жауапкершілік мемлекетпен қатар, еңбекке жарамды отбасы мүшелеріне де жүктелуі керек. Аталған заң жобасы аз қамтылған азаматтарға атаулы, ашық және әділ көмек көрсетуді қамтамасыз етуі тиіс, жұмыс істеуге жаңа ынта беруі керек. Соның нәтижесінде мемлекет тек мұқтаж адамдарға көмектеседі», — деп толықтырды еңбек министрі.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаев АӘК тағайындау өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда тетіктер жетілдіріліп жатыр, қолдау мәселелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жалғасады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу