06 Тамыз 2018, 12:25
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс қоғам өмірінің көптеген салаларын қамтиды және оның әрекет ету ауқымы азаматтардың көп тобына таралған. ӘҚБтК-ті оңтайландыру әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өндіріске қатысатын адамдардың құқықтарын қорғау тәртібін анық реттеуге мүмкіндік берді.
ҚР әділет вице-министрі Наталья Пан PrimeMinistеr.kz сайтына берген сұхбатында негізгі өзгерістер, оңтайландырудың маңыздылығы және түзетулердің әсері туралы айтып берді.
— Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің негізгі өзгерістері туралы айтып берсеңіз. Қандай бағыттар түбегейлі оңтайландырылды?
— 28.12.2017 ж. Мемлекет басшысы «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң Президенттің Қазақстан халқына арнаған 31.01.2017 ж. Жолдауын орындау мақсатында қабылданды, онда әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру шараларын қабылдау тапсырылған.
Заң жеткілікті түрде көлемді және үш негізгі бағыттан тұрады: әкімшілік-деликтілік заңнаманы ізгілендіру (барлық түзетулердің 61%), әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша жекелеген өндіріс институттарын жетілдіру (барлық түзетулердің 8%) және ӘҚБтК процедуралық және процессуалдық нормаларын жүйелеу (барлық түзетулердің 31%), ол істерді қарау тәртібін жетілдіруді қарастырады және «айыппұл төлеудің қажеттігі туралы ұйғарымның» процессуалдық-құқықтық мәртебесін айқындайды.
Бұл заңнамада ӘҚБтК нормаларын күшейту қарастырылмаған. Заң жобасында ізгілендіру мақсатында әкімшілік-деликтілік заңнаманы одан әрі жетілдіру және бірнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылықтарды азаматтық немесе тәртiптiк жауапкершiлiкке аудару, ықтимал жұмсарту және төмендету тұрғысынан әкiмшiлiк іс-қимылдар санкцияларын қайта қарау бағытында репрессивтілікті төмендету бойынша міндеттер қойылған.
Бұдан өзге, заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау процедураларын жетілдіру көзделіп отыр, оның ішінде өндірісті электронды форматқа көшіруді жалғастыру және істерді қарау бойынша соттың және уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретін қайта қарау.
— Қандай елдердің әкімшілік құқық бұзушылықтарды реттеуі жаңа ӘҚБтК-ті әзірлеуге әсер етті?
— Жаңа ӘҚБтК-ті әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибеге сүйендік. Атап айтқанда, Германияның, Ресей Федерациясының, Беларусьтің, Латвияның және т.б. елдердің әкімшілік-деликтілік заңнамасы зерттелді. Қысқартылған өндіріс нормаларын қолдануда Франция мен Италияның тәжірибесі зерттелді және пайдаланылады. Сонымен бірге жаңа ӘҚБтК-тің ережелері Қазақстандағы құқық қолдану тәжірибесіне негізделген.
— Әкімшілік-деликтілік заңнаманы ізгілендіру дегеніміз не?
— Жаңа ӘҚБтК аса маңызды жаңалықтарының бірі — әкімшілік құқық бұзушылық ісі бойынша қысқартылған өндірісті енгізу. Бұл институт жеті тәулік ішінде салынған айыппұлдың 50% ғана төлеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін ол тек жеке адамдарға қатысты әрекет етті. Жаңа институт өзінің практикалық қолданылу жолын тапты. Осыған орай желтоқсанда қабылданған Заңға сәйкес, қысқартылған өндіріс институты лауазымды тұлғалар мен заңды тұлғаларға, сондай-ақ автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы техникалық құралдармен белгіленген құқық бұзушылықтарға қатысты әрекет ете бастады.
Осылайша, бұл институт өз ісін қосымша 673 әкімшілік құқық бұзушылық құрамына дейін таратты. Сонымен қатар, бұған дейін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 810-бабының екінші бөлігінде баптың санкциясында өндіріп алудың басқа да түрлері қарастырылған жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізуді қолдануға тыйым салынды. Бұл шектеу санкциялары баламалы негізде «айыппұлды» немесе «ескертуді» қарастыратын құқық бұзушылықтардың құрамдарына қатысты болды. Заң қабылданғаннан кейін қысқартылған өндіріс осы жағдайларға да қатысты тарала бастады.
— Санкцияларды жеңілдетуге қатысты түзетулер енгізілді ме?
— Иә, санкциялар 339 әкімшілік құқық бұзушылық құрамдары бойынша жеңілдетілді. Атап айтқанда, Заңға сәйкес 158 құрам бойынша айыппұлдар көлемі төмендетілді. 31 құрам «ескерту» түріндегі жазамен толықтырылады. 150 құрамда санкциялар азырақ репрессивті жазалармен ауыстыру арқылы жеңілдетілді. Сонымен бірге, ауырлататын мән-жайлар болмаса, ескерту жасауға міндеттейтін ереже қарастырылған.
Мәселен, белгіленген жылдамдықтан асырғаны үшін салынатын айыппұлдардың көлемі бұрынғысынан жарты есеге қысқартылды. Егер бұған дейін 10-нан 20 км/с-қа дейін жылдамдықты асырғаны үшін салынатын айыппұл 24 мың теңгенің маңайында болса (10 АЕК), ал қазір айыппұл көлемі 12 мың теңгені (5 АЕК) құрайды. Сонымен қатар, дәл осы секілді бағдаршамның тыйым салынған сигналына жүріп өткен кезде салынатын айыппұл көлемі 20 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін төмендетілді, сондай-ақ бұндай өзгерістер жол қозғалысы саласындағы басқа да құқық бұзушылықтарға қатысты енгізілді.
Тағы бір мысал. Бұған дейін күндізгі уақытта автокөлік шамдарын жақпай жүргенге салынатын айыппұл 12 мың теңге (5 АЕК) мөлшерінде болған болса, қазір ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда тек ескерту жасалуы мүмкін. Олай болмаған жағдайда айыппұл 7215 теңгені (3 АЕК) құрайды. Бұл ереже Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің барлық баптарына қолданылады. Яғни, баптың санкциясында ескерту қарастырылған және ешқандай ауырлататын жағдайлар болмаса, ескерту қолданылады.
— Елеусіз құқық бұзушылық жасаған кезде азамат ауызша ескерту ғана алуы мүмкін бе?
— Заңда кішігірім құқық бұзушылық жасаған кезде әкімшілік жауапкершіліктен босату институты жаңартылды. ӘҚБтК-тің 64-1-бабына сәйкес, кішігірім әкімшілік құқық бұзушылық кезінде сот, орган (лауазымды тұлға), уәкілетті әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде әкімшілік құқықты бұзған тұлғаны ауызша ескерту жасаумен шектеліп, әкімшілік жауапкершіліктен босата алады.
Айта кеткен жөн, аталған институт ӘҚБтК-тің 2001 жылғы түзетуінде әрекет еткен еді. Алайда, бұл ережені қолдану кезінде тәжірибеде жемқорлық қауіптері орын алғандықтан, аталған институт әрекет етуін тоқтатқан болатын. Қазіргі таңда сыбайлас-жемқорлық факторларын шектеу мақсатында, ӘҚБтК-тің 64-1 бабында бұл институттың қандай жағдайларда қолданылуына болатыны туралы нақты жағдайлар анықталған. Осылайша, тұлғаны әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы мәселені шешу кезінде, әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың нақты жағдайлары, оның ішінде құқық бұзушының жеке басы, сондай-ақ озбырлық объектісі ескеріледі және егер зиян келтірілген болса —оның мөлшері ескеріледі.
— Әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша өндірістің жекелеген институттарын жетілдіруге қатысты сіз атап өткен бағыт нені көздейді?
— ӘҚБтК-ке бүкіл рұқсат құжатын емес, оның жекелеген түрлерінің күшін жою немесе тоқтатуды қарастыратын түзету енгізілді. Егер қызметті жүзеге асыру барысында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалса, бұл қызметтiң лицензияланған түрiнiң кіші түрi болады, рұқсатты тоқтату немесе одан айыру түріндегі әкімшілік жаза қызметтің лицензияланған түрінің тек нақты бір кіші түріне ғана қолдандылады.
Мысалы, бұған дейін құрылыс-монтаждау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде заңнаманы бұзғаны үшін кәсіпкердің лицензиясы толығымен тоқтатылатын еді. Ал қазір оның барлық лицензияланған қызметі емес, тек бір бөлігі ғана тоқтатылады. Мәселен, жерде бұрғылау жұмыстарын орындауға рұқсатты тоқтата тұру, монолитті нысандар құрылысына рұқсат бермеу және т.б.
Сонымен қатар, тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтарды жойған жағдайда рұқсаттың мерзімінен бұрын қалпына келтірілу мүмкіндігі қарастырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары саласындағы мысалға қайта оралайық. Мәселен, бұған дейін осы саладағы тоқтатылған лицензия сот шешімімен белгіленген мерзім өткеннен кейін қалпына келтірілген болса, жаңа түзетулерге сәйкес, бұзушылықтар жойылғаннан кейін, лицензияны мерзімінен бұрын қалпына келтіруге болады. Мерзімінен бұрын қалпына келтіру механизмі кәсіпорындардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және рұқсатты тоқтата тұру кезінде кәсіпкердің заңсыз жұмыс істеу қаупін азайтуға жол ашады.
— ӘҚБтК-тің процедуралық және процессуалдық нормаларын жүйелеудің маңызы туралы айтып беріңізші. Бізге мәлім болғандай, мемлекеттік органдар мен соттар қарайтын істерді қайта қарау тәртібін айыруға бағытталған бірқатар өзгерістер жасалған.
— Иә, Заң қабылданғанға дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараудың барлық тәртібі уәкілетті органдар үшін де, соттарға да ӘҚБтК-тің бір тарауында — 43-інде реттелді. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша заңды күшіне енбеген қаулыларды қайта қарау мәселелері де Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бір тарауында — 45-інде реттелді.
Осы процедураларды жүйелеу мақсатында, мемлекеттік органдар мен сот инстанциясы қарайтын істерді дербес тараулар реттеді. Бұл ӘҚБтК-тің рәсімдік нормаларын құқық қолданушылардың пайдалануын жеңілдету және ыңғайлы ету қажеттігімен байланысты. Осыған байланысты ӘҚБтК-тің 43 және 45 тараулары дербес алты тарауға бөлінді.
— Айыппұл қандай жағдайларда айыппұл төлеу қажеттігі туралы ұйғарым түрінде рәсімделеді?
— Егер әкімшілік құқық бұзушылық автоматтандырылған режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және аспаптармен белгіленсе, мәселен, «Сергек» жүйесі арқылы, онда айыппұл оны төлеу қажеттігі туралы ұйғарым түрінде рәсімделеді. Заң қабылданғанша осындай құжаттың процедуралық және құқықтық мәртебесі және осындай шешімдер қабылдау тетігі нақты реттелмеген еді.
Ал бүгінде ӘҚБтК-те шағым беру рәсімі, күшіне ену тәртібі, рәсімдеу, орындалу ережесі, сондай-ақ айыппұл төлеу қажеттігі туралы ұйғарымның орындалуынан босату тәртібі нақтыланған.
— Құжатқа сәйкес, Заңда әкімшілік құқық бұзушылықтардың 40 құрамы бойынша әкімшілік айыппұлдардың көлемі қысқартылған. Мұндай шешімді қабылдаудың себебі неде? Мемлекет әкімшілік айыппұлдарды оңтайландыру арқылы нені көздейді?
— Біріншіден, санкцияларды жеңілдету олардың қоғамдық қауіптілік деңгейі мен құқық бұзушылықтың сипатына шамаластық қағидатына мүлтіксіз сай келуге тиісті әкімшілік-құқықтық санкцияларды қалыптастыру қажеттілігінен туындайды. Екіншіден, мәлім болғандай, ӘҚБтК-тің маңызды міндеттерінің бірі — құқық бұзушылықтардың алдын-алу, азаматтарды заңдарды нақты және толық сақтауға тәрбиелеу. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, заңның алдын-алу әлеуеті әлі де жеткіліксіз пайдаланылуда. Бұл көбінесе әкімшілік-деликтілік заңның шынайы мүмкіндіктерін жете бағаламаумен байланысты.
ӘҚБтК қоғам өмірінің көптеген салаларын қамтиды және оның әрекет ету ауқымы қарапайым азаматтардың көп тобын қамтиды. Нәтижесінде, ӘҚБтК-тің шектен тыс репрессивтілігі мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігіне және инвестициялық ортаның тартымдылығына теріс әсер етуі мүмкін. Алғаш рет жасалған əкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаған кезде заңды түсіндіруді, оны сақтау қажеттілігін, шынайы жауапкершілікке тартудың орнына келтірілген зиянды түзету мүмкіндігін беруді тәжірибеде кеңінен қолданған жөн. Бұған қарамастан, жаңа Кодекстің қабылдануымен әкімшілік құқықтың шамадан тыс репрессивтілігі төмендеді, ізгілендіру әлеуеті бар.
Үшіншіден, жоғары айыппұлдар сыбайлас жемқорлық көріністерінің алғышарты болып табылады, құқық бұзушыға оңай құтылып кетуге жағдай жасап, ықтимал айыппұл көлемінен аз пара беру қаупі бар.
— ӘҚБтК нормаларындағы қандай өзгерістер ШОБ субъектілеріне қатысты?
— ӘҚБтК-ке енгізілген жаңалықтар шағын және орта бизнес субъектілерінің мүдделерін де қозғайды.
Біріншісі — заңды тұлғаларға 7 тәулік ішінде айыппұл сомасының елу пайызы көлемінде төлем жасау мүмкіндігі.
Екіншісі — барлық рұқсат құжатының емес, оның жекелеген кіші түрлерін жою немесе тоқтата тұру.
Үшіншісі — қызметті тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтарды жойған жағдайда рұқсатты мерзімінен бұрын қалпына келтіру институтын енгізу.
— Салық заңнамасына енгізілген түзетулер пакеті туралы айтып өтсеңіз.
— 1.01.2018 ж. бастап жаңа ҚР Салық кодексі күшіне енді. Айта кету керек, Салық кодексінің әзірлеушісі — Қаржы министрлігі. Еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту мақсатында 2018 жылдан бастап 2025 жылға дейін әлеуметтік салық мөлшерлемесі 1,5%-ға төмендетілді.
ШОБ дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдерін сақтау қарастырылған. Патент құнының салықтық мөлшерлемесін салық салу объектісіне 2%-дан 1%-ға дейін төмендету көзделген (сауда қызметін қоспағанда — 2%).
Адам саны (30 адам) және шекті кіріс (2044-еселік ЕТЖ) бойынша оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимінің (АСР) шектері қайта қаралды. Оған қоса, ҚҚС бойынша 70% жеңілдіктің орнына (ДСҰ-ға қосылуға байланысты) ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін ҚҚС бойынша есептеуге түзетулер қарастырылған.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту үшін қосымша ерікті негізде, белгіленген шегерім негізінде жаңа баламалы режим енгізілуде. Жылына шекті табыс — 300 млн теңгені құрайды, жалдамалы жұмысшылар саны — 50 адам. 30% растаусыз шегеріледі. Шағын бизнеске жүктемені алып тастау үшін 30 000 АЕК көлемінде ҚҚС бойынша ағымдағы шек сақталады.
— 2019 жылдан бастап ҚҚС бойынша бақылау шотын енгізу арқылы ел ішіндегі сатып алынған тауарлар бойынша дебеттік сальдоны қайтару механизмі қарастырылған, оның қолданылуы ерікті түрде болады. Бұл нені білдіретінін айтыңызшы?
— Ол 2019 жылдан бастап ҚҚС бойынша бақылау шотын енгізу арқылы қарастырылады, оның қолданылуы ерікті түрде болады. Сонымен қатар, электрондық саудадан түсетін табыс КТС-дан және ЖТС-нан босатылады. АЭА-ға қатысты барлық АЭА бойынша кірістерді бөлек есептеу, жер салығы және мүлікке салынатын салық (төлем), әлеуметтік салық және «ИТП» АЭА бойынша экстерриториалдық режим жөнінде, бос қойма аумағында өндірілген дайын өнімнің тауарлар импорты кезінде ҚҚС-дан босату бойынша ережелер айқындалған.
Жер қойнауын пайдаланушылар дивидендтердің КТС-нан және өңдеу көрсеткіштері кезінде құн өсімінен босатылады. 2018 жылдан бастап бұл — 35%, ал 2022 жылдан бастап — өңделген шикізаттың 70%-ы. Барлық келісімшарттар бойынша коммерциялық табылым бонусы жойылады.
Жер қойнауын пайдаланушы бір кен орнын барлауға жұмсалатын шығындарды өндіріс басталған басқа келісімшарт аясында өтеуге құқылы. Теңіз және терең мұнай кен орындарына жер қойнауын пайдалануға баламалы салық енгізілді. Көмірді экспорттауда рента салығына ауыстыру арқылы үстеме пайдаға салынатын салық жойылады. ПҚӨС мөлшері қалайыға қайта қаралды (6-дан 3%-ға дейін). Адалдық принципі енгізілді: Салық кодексінің барлық түсініксіздігі мен дәлсіздіктері кәсіпкерлердің пайдасына түсіндіріледі.
2020 жылдан бастап ШОБ үшін талап қою мерзімін 5-тен 3 жылға дейін қысқарту көзделген, ал қалғандары үшін 5 жыл болып қала бермек. Егер кәсіпкер салық органының түсініктемесіне сәйкес әрекет еткен болса және соған сәйкес ұстаным кейіннен өзгертілсе, айыппұлды және өсімпұлды жою туралы норма енгізілді. Жоспардан тыс салықтық тексерулерді тағайындауға себеп азаяды. 2020 жылдан бастап салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу салық салу мәселесі бойынша бір ғана заңда болуы мүмкін.
— Жаңартылған Кодекс күшіне енген сәттен бастап жарты жылдан астам уақыт өтті, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау туралы статистика және уақытылы төлеу тұрақтылығы қандай?
— Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің статистикалық деректеріне сәйкес, 2018 жылдың І жарты жылдығында 2 295 284 тұлға тартылды, бұл 2017 жылдың ІІ жарты жылдығындағы көрсеткіштен (2 143 027) 7%-ға жоғары. Көрсеткіштің өсімі көлік және жол шаруашылығы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін тартылған адамдардың санының ұлғаюымен байланысты (2017 ж. ІІ жарты жылдығында — 1 418 560 адам, 2018 ж. І жарты жылдығында — 1 461 337 адам).
Сонымен қатар, Заңның қысқартылған өндіріс институтын кеңейтуі де құқықтық статистикаға әсер етті. Мәселен, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2018 жылдың бірінші жартысында қысқартылған өндіріс бойынша өндірілген айыппұл мөлшері 25%-ға артты.
— Жаңартылған ӘҚБтК, сіздің ойыңызша, қоғам мен жалпы мемлекетке қалай әсер етті?
— Елбасы 31.01.2017 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ Парламенттің қазіргі сессиясының ашылуында әкімшілік заңнаманы ізгілендіру қажеттігіне баса назар аударды. Ескерту институтын кеңейту, айыппұл санкцияларының мөлшерін азайту, сондай-ақ бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтарды алып тастау бойынша қабылданған өзгерістер ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасының репрессивтілігін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.
ӘҚБтК-тегі құқықтық кемшіліктер мен қайшылықтарды болдырмау туралы заң ережелері, біздің ойымызша, Қазақстан Республикасының заңнамасының әрекет ету тиімділігін арттыруға жол ашты. Жауапкершілікті жеңілдету бойынша енгізілген тетіктер әрбір құқық бұзушының жеке сипаттамаларын ескере отырып, жаза қолдануға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, ӘҚБтК процессуалдық нормаларын жетілдіру әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысатын адамдардың құқықтарын қорғау тәртiбiн нақты реттеуге мүмкіндік береді.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу