Әлеуметтік саясат адами капиталды дамытуға бағытталған

Мемлекеттік органдардың алдында тұрған басты міндет – жаңа Ата заңымыз негіздеп берген реформаны жүйелі әрі үйлесімді түрде жүзеге асыру. Сонымен қатар заңнаманы және мемлекеттік саясатты жаңартылған конституциялық нормаларға толық сәйкестендіру аса маңызды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады.

Ол ең бастысы Ата заңда айқындалған құндылықтарды қоғамда кеңінен насихаттап, оларды қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналдыру екенін атап өтті.

«Өткен референдум ел тарихындағы маңызды белеске айналды. Күні кеше ел Президенті бүкіл халықтың атынан жаңа Ата заңға қол қою рәсімінде ерекше атап өткендей, бұл уақыттың сұранысымен, көпшіліктің таңдауымен келген шын мәнінде халық Конституциясы. Ол Әділетті қоғам құруға, билік пен халық арасын жақындатуға сол арқылы қоғамдық дамудың жаңа сатысына көтерілуге жол ашты. Ендігі жерде мемлекеттік органдардың алдында тұрған басты міндет – жаңа Ата заңымыз негіздеп берген реформаны жүйелі әрі үйлесімді түрде жүзеге асыру. Сонымен қатар заңнаманы және мемлекеттік саясатты жаңартылған конституциялық нормаларға толық сәйкестендіру аса маңызды. Ең бастысы Ата заңда айқындалған құндылықтарды қоғамда кеңінен насихаттап, оларды қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналдыру», — деді Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. 

Біріншіден. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты бағыттарда салалық заңнаманы жаңарту бойынша бірқатар жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде мәдениет, ақпарат, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы, дін мен жастар, отбасы саясаты салаларын реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

Бұл түзетулер негізгі конституциялық қағидаттарды жүзеге асыруға бағытталған. Атап айтқанда, олар тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, отбасы институтын нығайту және азаматтық қоғамды дамыту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.

Министрдің айтуынша Қазақстанның Халық Кеңесі құрылуына байланысты қоғамдық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыстар күшейтілетін болады.

Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғасуда. Атап айтқанда, сөз еркіндігі, цензураға жол бермеу, азаматтардың ақпаратты алу және тарату құқығы қағидаттарын жан-жақты әрі нақты айқындау көзделіп отыр. 

Сонымен қатар ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғауға бағытталған құқықтық тетіктер күшейтіледі. Бұл пікір білдіру еркіндігі мен адамның конституциялық құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Отбасы саясатына ерекше мән беріліп отыр. Өйткені берік отбасы – қуатты қоғамның іргетасы. Конституцияда неке мен отбасыны, ана мен әкені, балаларды қорғау қағидаты бекітілген. Осыған байланысты мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнаманы, соның ішінде «Неке және отбасы туралы» кодексті жетілдіру бойынша ұсыныстар пысықталуда. Мемлекеттік конфессиялық қатынастарды дамыту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізілмек. Бұл өзгерістер ар-ождан және дін бостандығы, азаматтардың құқықтарын және қоғамдық қауіпсіздікті қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, сонымен бірге мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын сақтауға бағытталған», — деді министр.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінеді. Министрлік нормативтік базаны жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді патриотизм мен азаматтық бірегейлікті нығайтудың маңызды құралы ретінде насихаттау жұмысы жалғасады.

Азаматтық белсенділікті дамыту және волонтерлік қозғалысты қолдау – маңызды бағыттардың бірі. Волонтерлік еңбекті бағалаудың қосымша тетіктері қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, еріктілердің еңбегі «Шапағат» медалімен марапаттау кезінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметке орналасу мен оқу орындарына түсу барысында ескерілетін болады.

Сонымен қатар конституциялық өзгерістерге сай үкіметтік емес ұйымдар саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары да жалғасады.

Үкіметтік емес ұйымдар саласы да жаңаша сипат алмақ. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес әзірленген заң жобасы үкіметтік емес ұйымдардың құқықтық мәртебесін нақты айқындап, олардың қызметінің негізгі қағидаттарын бекітеді.

Бұл құжатта өзін өзі басқару, тәуелсіздік, ашықтық және есептілік сияқты маңызды құндылықтар заңнамалық тұрғыдан айқын көрініс табады.

Екіншіден. Жаңа Конституция Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі негізгі қағидаттарының өзгермейтіндігін тағы бір мәрте айқындады.

Сонымен бірге әлеуметтік саясат жаңа стратегиялық мазмұнмен толықты. Бұған дейін негізгі назар көбіне әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне аударылып келсе, жаңа Конституция әлдеқайда кең тәсілді бекітеді. Атап айтқанда, азаматтардың әл-ауқатының өсуінің негізгі факторлары ретінде адами капиталды дамытуға, білім беруге, ғылым мен инновацияларға басымдық беріледі.

Осыған байланысты Әлеуметтік кодексті жетілдіру жұмысы жалғасады.

Бұл ретте жұмыспен қамтуды дамытуға, сапалы жұмыс орындарын ашуға, азаматтардың кәсіби білім алу мен біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін арттыруға назар аударылады.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, оларды оңалту тетіктерін дамыту және қоғамдық әрі еңбек өміріне толыққанды интеграциялау бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Сонымен қатар еңбек заңнамасын жетілдіру жоспарлануда. Жаңа Конституция әр азаматтың еңбек ету құқығын бекітіп, оны жүзеге асыру үшін мемлекет тиісті жағдай жасауға міндетті екенін айқындайды.

Осыған байланысты Еңбек кодексінің жекелеген нормаларына сапалы жұмыс орындарын арттыруға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізу көзделіп отыр.

Цифрлық экономиканың қарқынды дамуын ескере отырып, еңбек заңнамасы жұмыспен қамтудың жаңа нысандарына, соның ішінде қашықтан және платформалық жұмыспен қамту формаларына бейімделетін болады.

Жалпы алғанда, әлеуметтік салада жаңа Конституцияны жүзеге асыру адамның өзі, оның білімі, кәсіби біліктілігі мен даму мүмкіндіктері басты құндылық саналатын заманауи әлеуметтік мемлекет моделін қалыптастыруға бағытталған.

Үшіншіден. Азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы толық сақталады.

Тегін медициналық көмекті қаржыландыру көздері артады. Яғни, бұрынғыдай тек мемлекеттік бюджетке ғана сүйенбей, бұл іске қайырымдылық қорлар, халықаралық ұйымдар және ірі компаниялар да атсалысады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің рөлі арта түспек. Кезең-кезеңімен енгізілетін бірыңғай базалық медициналық пакет арқылы азаматтар жоспарлы әрі күрделі медициналық қызметтердің басым бөлігіне осы сақтандыру есебінен қол жеткізе алады.

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ медициналық сақтандыру және биологиялық қауіпсіздік салаларын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізіледі.

Осылайша мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің көлемі сақталады. Ең бастысы, азаматтардың құқықтары сақталып қана қоймай, қосымша институционалдық тұрғыдан нығайтылады.

Конституциялық реформаны одан әрі жүйелі жүзеге асыру аясында Конституцияның жаңа редакциясын және Конституциялық комиссия материалдарын басып шығару қамтамасыз етіледі. Бұл құжаттар кейін мемлекеттік органдарға, білім беру және мәдениет мекемелеріне кеңінен таратылып, Ата заңның мәні мен маңызын қоғамда терең түсіндіруге қызмет етеді.

Сонымен қатар конституциялық өзгерістерді түсіндіру және насихаттау бағытындағы ауқымды ақпараттық жұмыс жалғасын табады. Реформаға қатысты жүргізілген ақпараттық науқан кейінгі жылдардағы ең көлемді жұмыстардың біріне айналды. Бүгінгі күні 1 млн 170 мыңнан астам материал жарияланып, бұл азаматтардың жоғары белсенділігіне және реформалардың қоғамда кеңінен талқылануына жол ашты.

«Жаңа Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл – еліміздің болашағына деген ортақ мүдде мен ортақ мақсатты айқындайтын қоғамдық келісім. Біздің міндетіміз – Ата заңда бекітілген қағидаттарды заңнамаларда, мемлекеттік шешімдерде және ең бастысы, адамдардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістер арқылы біртіндеп жүзеге асыру. Сонда ғана конституциялық реформа әділетті, қуатты әрі ашық Қазақстанды қалыптастырудың берік негізіне айналары сөзсіз», — деді министр.

#Заң жобалары #Президенттің тапсырмасы #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу