ЕЭК Кеңесі Қазақстанның навигациялық пломбаларды пайдалану мерзімін ұзарту жөніндегі ұсынысын қолдады

Онлайн форматта өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің кезекті отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация тауарларды тасымалдауды бақылау үшін қолданылатын, үшінші елдерде өндірілген навигациялық пломбаларды пайдалану мерзімін ұзарту жөнінде бастама көтерген болатын.

Бұл бастама ЕЭК Кеңесінің 2023 жылғы 4 шілдедегі шешіміне сәйкес 2026 жылдың 7 қыркүйегінен бастап Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің операторлары тек Одақ аумағында өндірілген навигациялық пломбаларды пайдалануға міндетті болуына байланысты ұсынылды.

Қазақстанның жүк тасымалын бақылау жөніндегі Ұлттық операторы -  Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ғарыш техникасы мен технологиялары институты. Қазіргі уақытта оператор өзіне тиесілі құрылғылармен қатар екі жыл мерзімге жалға алынған, үшінші елдерде өндірілген шамамен 10 мың навигациялық пломбаны пайдаланып келеді. Оларды мерзімінен бұрын ауыстыру қосымша қаржылық шығындарды талап етеді. Сонымен қатар, ЕАЭО елдерінің қазіргі өндірістік қуаты Қазақстанның навигациялық пломбаларға деген қажеттілігін әзірге толық көлемде өтеуге мүмкіндік бермейді.

Сонымен бірге елімізде навигациялық пломбаларды отандық өндірісте шығаруды жолға қоятын кәсіпорындар айқындалды. Алайда өндірісті іске қосу үшін қосымша уақыт қажет.

Талқылау қорытындысы бойынша ЕЭК Кеңесі Қазақстанның ұсынысын қолдап, Еуразиялық экономикалық комиссияның тиісті шешімінің күшіне ену мерзімін 2028 жылдың 1 қаңтарына  дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Бұдан бөлек, Кеңес ветеринариялық бақылауға жататын объектілерге бірлескен тексерулер жүргізу және өнім үлгілерін іріктеу тәртібі туралы ережеге енгізілетін өзгерістерді мақұлдады. Енгізілген түзетулерге сәйкес, уәкілетті органдар бес жылдан астам уақыт бойы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағына бақылаудағы өнімді жеткізбеген үшінші елдер кәсіпорындарын тізілімнен шығару туралы бастама көтере алады.

Сондай-ақ Кеңес ЕАЭО-ның «Парфюмериялық-косметикалық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне енгізілетін өзгерістерді мақұлдады. Өзгерістер өнімге қосарланған токсикологиялық сынақ жүргізу жөніндегі міндетті талаптың қолданысқа енгізілу мерзімін бір жылға кейінге қалдыруды көздейді. Бұл шешім аталған зерттеулерді жүргізуге мүмкіндігі бар аккредиттелген зертханалар санының шектеулі болуына байланысты қабылданды.

#ЕАЭО #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық #Экономика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу