Ауылдарда су құбырларын пайдалану бойынша бірыңғай оператордың құрылуы тұтынушылардың делдалдарға шығындалмауына мүмкіндік береді — ҚР АШМ

Елді мекендердің сыртындағы топтық су құбырларын салу мен реконструкциялауға бірыңғай оператор жауап береді деп жоспарлануда, ол тапсырыс беруші әрі пайдаланушы ұйым болады. Бірыңғай операторды құру нысандарды сапалы салуға ықпал етеді және бюджет қаражаттарын тиімді пайдалануға жол ашады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев хабарлады.

Бірыңғай оператор «Қазсушар» РМК базасында құрылады, оған ауылдарда ішкі ауылдық желілермен топтық су құбырларын пайдалану функциялары жүктеледі. Қызметтер су көзінен түпкілікті тұтынушыға дейін ұсынылады, бұл тәулік бойы әрі үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

«Бұл шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, бірыңғай оператор жобалаумен айналысатын болады. Біз сапалы жобалар аламыз. Адам ресурстары, материалдық-техникалық тұрғыдан мүмкіндік болған жағдайда біз бюджет қаражаттарын айтарлықтай қысқарта аламыз. Делдалдарды шектеудің артықшылығы мол», — деді Е. Нысанбаев.   

Оның айтуынша, бүгінде тарифтің субсидияланатын бөлігі елді мекеннің шекарасына дейін жұмыс істейді, одан әрі құн қосатын делдал пайда болады. Енді тұтынушыға дейін бірыңғай тариф орнатылады. Қызмет топтық су құбырларынан субсидияланған тариф бойынша су сатып алып, халыққа қосылған құнмен сататын делдалдарды шектеп, сумен жабдықтау көзінен түпкілікті тұтынушыға дейін жеткізілетін болады.  

Айта кету керек, бүгінде 6499 елді мекеннің 546-сы «Қазсушар» РМК топтық су құбырларынан ауыз сумен қамтамасыз етілген, қалған ауылдық елді мекендер коммуналдық немесе басқа да меншік түріндегі топтық және жергілікті сумен жабдықтау желілерінен қамтамасыз етілген.

2011–2018 жылдары халық саны 553 мың адамды құрайтын 268 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жағдайы жақсартылды. Жалпы, топтық су құбырларында желілердің тозуы 75%-дан 56%-ға дейін қысқарды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу