«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдетеді

Бұл туралы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бесінші бағытын іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ төрағасы Абылайхан Оспанов мәлімдеді.

2017 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдету мақсатында электронды үкімет порталында ЭЦҚ-сыз алуға болатын 20 мемлекеттік қызмет қолжетімді болды. Бір реттік sms-пароль арқылы алуға болатын алғашқы қызмет түрі биылғы жылдың сәуірінен бастап сотталмағаны туралы анықтама беруден басталды.

А. Оспанов электронды цифрлық қолтаңбасыз алуға болатын мемлекеттік қызметтердің санын ұлғайту көзделіп отырғанын хабарлады. Сондай-ақ, ол бір реттік sms-парольді пайдалану жеке деректердің қауіпсіздігіне ешбір қауіп тудырмайтынын атап өтті.

«Бір реттік sms-пароль арқылы алуға болатын қызметтер ретінде біз алынуы оңай қызмет түрлерін іріктедік. Азамат бір реттік пароль арқылы қызметтерді алуын бастауы үшін, ол алдымен ХҚКО-на келіп, сәйкестендіруден өтуі тиіс, одан кейін өзінің ұсынып отырған нөмірі тікелей өзіне тіркелгенін растайтын келісімге қол қоюы керек», - деп түсіндіріп өтті А. Оспанов.

Азаматтардан «электронды» анықтамаларды талап етуді шектеу мақсатында түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыруды ұйымдастыру жоспарда бар.

Бұдан өзге, Egov.kz порталында азаматтың келісімімен ол туралы жеке деректерді үшінші адамның, мысалға, жұмыс берушінің алу тетігін енгізу жоспарлаған. А. Оспановтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс және 2018 жылдың басынан бастап аталған қызметті пайдалануға болады.

«Осы жерде айта кеткен жөн, азаматтар ХҚКО-на келіп, өздерінің телефон нөмірлерін ЖСН-деріне байланыстыруы керек. Себебі, сіздің жұмыс берушіңіз сіз туралы ақпаратты сұратқан кезде, сіздің «жеке кабинетіңізге» немесе телефон нөміріңізге біреудің сіз туралы ақпарат сұратып жатқаны туралы хабарлама келеді. Егер сіз келісіміңізді берсеңіз, қажетті ақпарат үшінші тұлғаға жіберіледі», - деді А. Оспанов.

Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын одан әрі дамытуды келесі бағыттар бойынша жүзеге асыру көзделген: мемлекеттік қызметтер ұсынудың проактивті қағидатын енгізу; ЭЦҚ-сыз «электронды» мемлекеттік қызметтер алу және ХҚКО арқылы қағаз түрінде берілетін анықтамалар санын азайту; фронт-кеңселердің инфрақұрылымын дамыту.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу