18 Наурыз 2026, 12:20
Жаңа Конституцияның нормаларын жүзеге асыру шеңберінде Астана мен Алатау қаласы үшін ерекше құқықтық режимді айқындайтын заң жобалары әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Жаңа Конституциядағы экономикалық өсім – ұзақмерзімді дамуға негізделген, болжамды, ашық және тұрақты құқықтық ортаны қалыптастырады.
«Білім беруді, ғылымды, инновацияларды және адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекітілген. Яғни, бәсекеге қабілеттілік интеллект, технологиялар және кәсібилік арқылы қалыптасатын білім экономикасының іргетасын қалайды. Жаңа Конституция барлық меншік нысандарының тең қорғалуын бекітетінін атап өткен жөн. Бұл инвесторлар, кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес үшін ерекше маңызды. Ұлттық валюта – теңге жоғары деңгейде белгіленді. Бұл елдің қаржылық егемендігін нығайтады», — деді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Жаңа Конституцияның нормаларын жүзеге асыру аясында Ұлттық экономика министрлігі «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдардың жобаларын әзірледі. Жаңа Конституцияда жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында конституциялық заңдармен қаржы саласында арнайы құқықтық режим немесе «қарқынды даму қаласының» арнайы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін екендігі көзделген.
Осы орайда Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына сәйкес әзірленген «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы төмендегі бағыттарды қамтиды.
Конституциялық заң жобасы:
- жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен өкілеттіктерін айқындауды;
- озық халықаралық және шетелдік стандарттарды, техникалық регламенттерді және технологиялық нормаларды қолдануды;
- цифрлық активтердің айналымын реттеуді;
- шағын биіктіктегі экономика саласын (Low Altitude Economy) және электронды ұшқыш аппараттарды (Urban Air Mobility) дамытуды;
- инвестицияларды қорғауға және олардың тұрақтылығына кепілдік беруді;
- салық салудың және бюджеттік қатынастардың ерекше режимін қолдануды көздейді.
Қазіргі уақытта Конституциялық заң жобасы Парламенттің қарауында. Осы жылы 20 наурызда заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен отырысының 1-ші оқылымын, ал 27 наурызда 2-ші оқылымын өткізу жоспарлануда. Заң жобасы наурыз айының сонына дейін Мемлекет басшысына қарауына енгізілетін болады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заңның жобасы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мақсатында әзірленді, және ол жекелеген нормаларды нақтылауға, сонымен қатар құқықтық қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған.
Конституциялық заңның жобасы облыс, аудан, қала, ауылдық елді мекендер санаттарын белгілеуді, оларды құру және қайта құру бойынша құзыретті органдардың өкілеттіктерін айқындауды қамтиды.
Осылайша, заң жобасы мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен орнықтылығын көздейді.
Сонымен қатар Конституциялық заң деңгейінде астананың мәртебесі (2-ші бап) айқындалатын болады. Бұл елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді, қалалық ортаның сапасын, қала тұрғындарының өмір сүруінің жайлылық деңгейін және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Бұдан бөлек Конституциялық заң жобасы елордадағы жергілікті басқарудың ерекшеліктерін, мәслихат пен әкімдіктің қала құрылысы, көші-қон, көлік, жер және тағы басқа мәселелерді көздейді. Қазіргі уақытта әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы және астананың мәртебесі туралы конституциялық заң жобаларына реттеуші саясаттың консультативтік құжаттары (КДРП) мемлекеттік органдармен келісілді және «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында орналастырылды. Белгіленген рәсімдерге сәйкес заң жобалары Парламент Мәжілісінің қарауына осы жылдың сәуір айының соңына дейін енгізілетін болады.
Жаңа Конституция елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін тұрақты құқықтық негіз құрып, тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған.
#Президенттің тапсырмасы #Серік Жұманғарин #Экономикалық саясат жөніндегі кеңес #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу