30 Қараша 2017, 09:41
Осы аптада Үкімет Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жобасын мақұлдады. Бұған дейін құжаттың барлық ережелерін сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқылады. Сарапшы Денис Кривошеев Жоспарда белгіленген міндеттер мен реформалар туралы пікірімен бөлісті.
Үкімет Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын бекітті. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жоспардың басты мақсаты — экономиканың сапалы және тұрақты өсуін қамтамасыз ету және соның нәтижесінде ЭЫДҰ елдерімен салыстыруға болатын өмір сүру деңгейіне жету. Осы жылдардағы экономикалық өсу жылына кем дегенде 4,5-5% деңгейінде болады деп болжанған, бұл халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өсімін 46 мың $ дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Шындығында құжаттың қабылдануы сараптамалық белсенділіктің күшеюімен сипатталды. Мәселен, инвестициялар және даму бұрынғы вице-министрі Рахым Ошақбаев еске салып өткендей,
«Қазақстанда алғаш рет кең ауқымды қазақстандық сараптаманың қолдауымен осындай маңызды құжат әзірленді. 80-ге жуық сарапшы талқылауларға қатысып, стратегияны әзірлеуге атсалысты. Жалпы ол ешқандай да шағымдар тудырмайды».
Келесі сарапшы Олжас Құдайбергеновтің айтуынша,
«ол өзі үшін осы Стратегияда үш негізгі мәселені белгілеп алған. Біріншіден, барлық үдерістер мен салаларды жаппай цифрландыру жүзеге асырылатын болады. Бұл шешімдер қабылдау үшін уақытты едәуір үнемдеуге және еңбек өнімділігін арттыруға тиіс. Екінші мәселе — құжаттың елеулі экономикалық негізі, ол бюджеттің ЖІӨ үлесін 18-ден 25%-ға дейін ұлғайту арқылы және ұлттық валютадағы несиелеу көлемінің 18-ден 50%-ға дейін өсуі арқылы көрінеді. Алдыңғы құжаттарда бұндай көрсеткіштер болмады. Үшінші мәселе — құжатта өңірлердің теңдестірілген дамуын көздейтін бөлім бар».
Елдегі экономикалық жағдайды түбегейлі өзгертетін және барлық сарапшылар қауымдастығы тұтастай қолдайтын бұл өзі қандай құжат?
Жоспар — «Қазақстан-2050» стратегиясының бір бөлігі және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің маңызды құралы болады. Бәсекелестіктің артуы жағдайында жеке инвестицияларды тарту, адам капиталын дамыту, өнімділікті арттыру есебінен экспортқа бағдарланған өндірісті ынталандыруға сүйенген экономикалық өсімнің жаңа моделі осыған негіз. Сонымен қатар, жеке сектордың жетекші рөлін анықтау, сондай-ақ ел өңірлерінің даму әлеуетін іске асыру.
Жалпы алғанда, бар жамандықтың орнына бар жақсылық жасалуы тиіс. Оқығаннан кейін жағымды әсер, таза ойлар қалып, оларға қол жеткізудің айқын қадамдары ойға оралады. Негізінде, бүкіл өркениетті әлем осы жолмен жүріп келеді, сондықтан да аталған бағдарлама оң өзгерістерге жетелейтіні айғақ.
Олар нені өзгерткісі келеді? Бағдарлама авторларының айтуынша, жаңа мемлекеттік саясат:
Бұл үшін өсімнің үш драйвері немесе өсім шапшаңдатқышы ұсынылады. Тиімділікті арттыру арқылы әрекеттегі салалардың өнімділігін өсіру, экспортқа бағдарланған өндіріс көлемдерінің өсімі және жаңа жоғары өндірістік салаларды қалыптастыру есебінен өсіммен қамтамасыз ету.
Бағдарлама символизмге толы, Қазақстан үшін қасиетті жеті санының жиі пайдаланылуы авторлар логикалық тұрғыдағы реформалардың нәтижелерін әзірлеумен қатар, сәттілікті де серік етуге талпынғанын көрсетеді. Жеті жүйелі реформа және жеті басымдықты саясат.
Біріншісі — адам капиталы туралы. Оның мәні қарапайым: білім — бұл экономикалық өсімнің негізі. Бұл табысты адамның дүниеге келуінен экономикалық тиімділік жасына дейінгі барлық аспектілерден тұрады. Әрине логикалық жағынан бұл дұрыс, алайда идеяның келешегі туралы мәселе бар. Ғалымдар әлі күнге дейін білім мен жеке жетістіктер арасындағы байланысты таба алмай келеді. Логикалық тұрғыдан қарасақ, онда КСРО-да өмір сүргендердің бәрі табысты болуы керек, өйткені олар қосымша дағдыларды дамытуға ықпал ететін мектепте және институтта алған іргелі білімдерімен өте жақсы бастамаға ие. Бірақ қайта құрылу мен нарықтың өзгеруі тұрғысынан, өмір сүру және жақсы өмір сүруге талпыну — түрлі түсініктер.
Әлем жылдам өзгеріп отырады және еңбек нарығы мемлекеттің араласуынсыз жаңа мәдениетті қалыптастыруы тиіс. Бұл шын мәнінде эволюция, мұнда бәрі өздігінен орын алады немесе көлемді қаржы шығыны болады.
Мысалға, елге бағдарламашылар қажет және олар мемлекет есебінен оқытылуы керек деп айтады, дегенмен 15 жыл бұрын бізге экономистер мен заңгерлер қажет болды, және оларды барлық институттар мен университеттерде көптеп оқыта бастады, алайда қазір оларға деген сұраныс өте төмен. Сонымен қатар, басқа мамандықтар секілді, барлық жерде қабілеттілік қажет. Білім берудегі ең басты мақсат — бейімделуге икемді болу, ол ең алдымен адамның өзі, оның қалауы мен құлшынысына байланысты.
Екінші реформа — технологиялық жаңару және цифрландыру. Ол қолданыстағы өндірістердің және жалпы экономиканың өнімділігін арттыруға бағытталған. Әрине, жаңа технологияларды пайдалану табысқа жетудің бірден бір жолы, дегенмен оларды қолданудың негізгі дағдылары мен тәжірибесін игеру керек. Мәселен, сіз тіпті үй тұрғыза алмасаңыз, ғарыш кемелерін жасау мүлдем қолыңыздан келмейтіні сөзсіз.
Алдыңғы қатарлы технологиялар шынымен де жаңа кәсіпорындардың пайда болуына негіз бола алады, алайда бұл үшін алдымен тас дәуірінен шығу керек. Төртінші өнеркәсіптік революция туралы немесе «Индустрия 4.0» туралы қалағанымызша ұзақ талқылай аламыз, бірақ бұның не екенін түсіну маңызды. Үлкен деректер экономикасы деген не, ол не үшін қажет, және жасыл экономика дегеніміз не — бұл артық өндіріспен күресе отырып, қоршаған ортаға зиянды әсерді төмендету.
Үшінші реформа — бәсекелестік, бәсекеге қабілетті бизнес және экономикадағы мемлекеттің рөлін азайту туралы. Мұнда кедергілерді азайту және қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдету, сыртқы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелері де бар. Бүгінде мемлекет өте белсенді, оның міндеті — нарық үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету. Қысқаша айтқанда, мемлекет — халықтың игілігі үшін кірісінің бір бөлігін алып әлеуметтік міндеттерді шешуге жұмсайтын төреші, бүгінде оны негізгі бизнесмен деуге де болады.
ЖІӨ-нің жартысынан көбін жеке сектор құрамайды, және бұл үлкен қателік. Осыдан жекешелендіру туралы, МЖӘ, ел есебінен өмір сүретін шығыны көп компанияларды жабу мәселесі туындайды — тұтастай алғанда бизнесті шұғыл түрде жұмылдыру қажет.
Өкінішке орай, бағдарлама Қазақстанда басымдыққа ие иелік етудің ерекше түрін қарастырмайды. КСРО ыдырағаннан кейін сақталған барлық ресурстық кәсіпорындар трансөңірлік мәртебеге ие. Олар өз өнімдерін түрлі нарықтарға жеткілікті және экономикалық тұрғыдан тиімді көлемде жеткізе алатындай етіп салынған, ал барлық жаңа кәсіпорындар аймақтық деңгейге ғана шақталған. Олардың максималды қуаттылығын аймақтың қажеттіліктерімен және қолжетімді көлік мүмкіндігімен салыстыруға болады, сондықтан олардың кез-келгенін бәсекеге қабілетті емес, экспортқа жеткілікті көлемде өнім шығармайтын шағын кәсіпорынға жатқызуға болады.
Бағдарламада жарияланған тексерулердің төмендеуі, қадағалаудың әлсіреуі де даму кезінде үлкен рөл ойнайды, дегенмен үлкен жетістіктерге жету үшін аса маңызды өзгерістер қажет. Мәселен, ішкі тұтынудың өсуі. Менің ойымша, ғылымда ресурстық компанияларды есептемегенде, дереу экспорттық компания ретінде ашылған кәсіпорын жоқ. Бұл тармақта цифрландыру, тікелей байланыстарды азайту, құқықтық мәдениетті дамыту туралы айтылған.
Қалған үш реформа менталдық туралы. Қуатты аймақтар және кенттену. Супер-өңірлерді күшейтудің жалпы саясаты бойынша төңіректі дамыту оңай жұмыс емес. Мұнда жергілікті атқарушы билікті нығайтып, аймақтық элиталардың пайда болуына мүмкіндік пен біраз еркіндік беру керек, әрине, бұл біркелкілік ережелерін бұзбауы тиіс. Қалалар мен ауылдар тек қана жергілікті өңір басшысы жинайтын бейілді актив ғана емес, мұнда көптеген балама бар, оларды ынталандырып отыру қажет.
Бағдарламаның соңғы екі тармағы экономикаға тікелей қатысты емес. Рухани жаңғыру — идеологиялық міндет, бірақ ол да қоғамдық құрылыстың барлық салаларына тікелей әсер етеді. Негізгі басымдық — өмірге деген прагматикалық көзқарасты тәрбиелеу, бұл жауапкершілігі жоғары әрі салауатты азаматтың бейнесін таныту деп саналады. Бағдарлама авторларының пікірінше, прагматизм — ұлттық және жеке ресурстарды түсіну, оларды тиімді жұмсау, болашақты жоспарлай білу қабілеті.
Қазақстандықтар ұтымды өмір сүруге үйренуі керек, өздерінің біліміне, денсаулығы мен кәсіби жетістіктеріне жауапкершілікпен қарауы қажет. Алайда, басты міндет бұл емес. Прагматизм, бұл адамның әлемдегі өз орнын, жеке қабілеттерін бағалай білуі және болашақтан күтетін үміттерінің ақылға қонымды болуы.
Бүгінде халық арасында қамқоршылдық идеологиясы мен қолдауға тәуелділік жағдайы басым. Көпшілік мемлекет қамқорлық жасауы тиіс, жұмысқа орналастырып, тұрғын үймен қамтамасыз етуі қажет, әлеуметтік кепілдіктер беріп, үнемі проблемалардың шешімін табуы керек деп есептейді де, өз тарапынан ешқандай да әрекет жасамайды.
Сондықтан да бірден алтыншы тармақтан бастау керек, ал нәтиже ретінде заңдарды құрметтейтін және өзіне жүктелген міндеттерді орындайтын, өз кезегінде, мұны басқалардан да талап ететін қоғамның жетілуіне қол жеткізу керек. Бұдан кейін мемлекеттік сектор өзгерістер көшбасшысы болуы тиіс деген жетінші реформа да қажет болмай қалар. Егер халық менталды тұрғыдан дамыған болса, онда цифрландыру, процестерді оңтайландыру, шығындарды азайту, сыбайлас жемқорлық секілді мәселелердің өздігінен шешімі табылады.
Тек жеке жауапкершілік, сот төрелігі алдындағы қорқыныш, барлығының заң алдындағы теңдігі, әділеттілік табысты елдің негізін құрайды. Ең бастысы, адам әрдайым әділдікке талпынды. Адамдар өздерінің қорғалғанын сезінген кезде, әділеттілік барлық жерде орнаған кезде тұтастыққа, тұрақтылыққа талпынатын мемлекетті құру әбден мүмкін.
Сондықтан да 2025 бағдарламасы — жақсы жоба, теңгерім жолындағы жол картасы. Оны жүзеге асыру одан әрі жетілуге жол ашады, бірақ түбегейлі серпіліс мемлекетке тәуелді емес. Әркім заңдарды біліп, оларға бағыну арқылы елге жақсылық жасай алады. Сондай-ақ, кәсіпкерліктің табиғи даму жолын жеделдетудің қажет жоқ. Шағын дүкені бар сатушы бірден кәсіпорын қожайыны болып кетпейді, бұған дейін өсіп-даму керек, мұның ең жақсы емі — уақыт пен мүмкіндіктердің зор болуы.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу