Су тасқыны кезеңіне дайындық: Қазақстанда жыл басынан бері 25 км уақытша бөгеттер мен 57 км дуалдар салынды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Каюпов Тлепберген баяндама жасады.

Сырым Шәріпхановтың айтуынша, Мемлекет басшысының Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың алдына қойған басым міндеттерінің бірі – азаматтар мен олардың мүлкін су басудан және су тасқынының салдарынан қорғау. Барлық бағдарламалық-құжаттағы іс-шаралардың орындалуының нәтижесінде 445 мыңнан астам халық тұратын 100 мыңнан астам тұрғын үй орналасқан 607 елді мекенде қауіпті азайтуға және 214 елді мекендерде қауіпті жоюға мүмкіндік берді.

«Осы жылдың басынан бастап өңірлерде 25 шақырым уақытша бөген мен 57 шақырым дуал тұрғызылды, шамамен 5 мың шақырым канал мен 6 мың шақырым арық, 15 мың автомобиль және 3 мыңнан астам шақырым теміржол су өткізу құрылысы тазартылды», — деді төтенше жағдайлар министрі. 

Оның сөзінше, әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар елді мекендердің тізбесіне түзету жүргізілді және нақтыланды, нәтижесінде олардың саны 24-ке өсіп, 1 072-ні құрады. Бұл осы елді мекендерде алдын алу іс-шараларын толыққанды жүргізуге мүмкіндік береді. Су тасқынына қарсы іс-шараларды одан әрі іске асыру үшін ТЖМ-нің бастамасымен өңірлік жоспарларға еріген және жаңбыр суының тасқынынан халықты қорғау деңгейінің индикаторы енгізілді, бұл олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде ТЖМ құзыреті шеңберінде Жол картасының іс-шараларының орындалуын үйлестіреді. Талдау көрсеткендей, 218 іс-шараның 88-і немесе 40%-ы орындалып, оған шамамен 14 млрд теңге жұмсалды. Қалған 130 іс-шараның 58-і бойынша жұмыс жалғасуда, 72-і бойынша уақытылы іске асырылмау қаупі сақталып отыр. Жол картасының іс-шаралары тек Абай облысында 100%-ға орындалған.

«Үкімет басшысы берген тапсырмалардан кейін Түркістан облысының әкімдігімен осы жылы барлық көзделген су тасқынына қарсы іс-шараны іске асыру үшін 1,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сондай-ақ Үкіметтің қолдауымен ТЖМ арқылы мақсатты трансферттер есебінен Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімдіктеріне 15 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді», — деді Сырым Шәріпханов.

Өз кезегінде Жол картасын орындамаудың негізгі себептері мынадай:

  • Іс-шараларды сапасыз жоспарлау, бюджеттік өтінімдерді уақытылы бермеу немесе құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге қаражаттың болмауы. Мысалы, Шымкент қаласында Бозарық каналын күрделі жөндеу жоспарланған, алайда бүгінге дейін техникалық тексеруден басқа ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ. Қызылорда облысы бойынша керісінше, үшінші жыл қатарынан Сырдария өзенінің арнасын тазартуға бөлінген бюджет қаражаты игерілмей отыр. Сондай-ақ биыл игерілмеу қаупі бар.
  • Жобалау-сметалық құжаттаманы уақытылы дайындамау. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы шегінде Жайық және Дерқұл өзендерінің жағалауын нығайту, Малая Быковка өзеніндегі бөгеттерді нығайту және Тасқала ауылындағы Дерқұл өзенінің арнасын түзету жөніндегі іс-шараларды уақытылы іске асырмау қаупі сақталуда.

Сырым Шәріпхановтың айтуынша, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ақмола облысында Есіл контррегуляторының құрылысын кешіктіруде, осыған байланысты осы уақытқа дейін мемлекеттік сараптама рәсімінен өтпеген жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бір жылға жуық жүргізілуде.

«Тәжірибе көрсеткендей, қарастырылған су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамау алапат су тасқынына әкеледі. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұрғын үй, Ақтөбе облысында 89 тұрғын үй, Қостанай облысында 44 тұрғын үй су астында қалды», — деді төтенше жағдайлар министрі. 

Бұл ретте Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 46 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде Ақтөбе облысының әкімдігі 24 үй тұғызса, Батыс Қазақстан облысында 16 үй салынды. Жалпы 1,3 млрд теңге жұмсалды. Министрдің айтуынша, жыл сайын ықтимал қауіп пен үлкен материалдық шығынға ұшырағанша, осы қаражатты күні бұрын алдын ала ескерту үшін пайдалануға болатын еді.

Жоспарлы құжаттардың орындалуына жүргізілген талдауды ескере отырып, бүгінде су басу қаупі сақталып отырған өңірлер:

  • Ақтөбе облысында су басқан екі елді мекеннің қалпына келтіру жұмыстары тек біреуінде ғана аяқталды;
  • Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында су басу фактілері жыл сайын арық жүйелерінің дайын болмауына байланысты тіркеледі;
  • Қостанай облысында жоспарланған Жол картасының 6 іс-шарасының тек үшеуі бойынша ғана жұмыс басталды.

«Жоғарыда айтылғандарды, сондай-ақ жалпы климаттың өзгеруі бойынша әлемдік үрдісті және осы көктемде Батыс өңірінде су тасқыны бір ай бұрын басталғанын ескере отырып, барлық әкімдік ықтимал тәуекелдерге дайын болуы қажет», — деді төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

Осыған байланысты веломство басшысы министрліктерге қолдау көрсетуді ұсынды:

Бірінші. Өткен жылдардағы су тасқыны жағдайының қайталануын болдырмау мақсатында әкімдіктер биылғы су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру үшін барлық қажетті ресурсты тартуы қажет.

Екінші. Биыл Жол картасы аяқталатынын ескере отырып, орындалмаған іс-шаралар тиісті бюджет қаражаты көзделетін Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді және өңірлердің даму жоспарларына ауыстырылуы тиіс.

Үшінші. Экология және табиғи ресурстар министрлігі гидротехникалық құрылыстарды уақытылы жөндеуді қамтамасыз етуі керек.

Төртінші. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су өткізу құрылыстарын, жолдар мен көпірлерді тасқын және еріген сулардың жоғары көлемін өткізуге дайындауы қажет.

Бесінші. ТЖМ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, азаматтардың қауіпсіздік мәдениеті мен сана-сезімін арттыру мақсатында арықтарды тазарту және қарды уақытылы шығару бойынша халықпен тиісті ақпараттық жұмысты жалғастыруы керек.

Әрі қарай Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова ведомствоның су тасқынына қарсы жүргізіп жатқан шаралары туралы баяндама жасады. Министрдің айтуынша, жыл сайын ақпан айында «Қазгидромет» РМК барлық мемлекеттік орган мен өңірлер әкімдігіне көктемгі су тасқыны кезеңіне арналған алдын ала консультациялық гидрологиялық болжамды, ал наурыз айынан бастап негізгі болжамды әзірлеп, жолдап отырады. Аталған болжамдардың негізінде жалпы облыстар бойынша қауіп деңгейі анықталады. Алдағы су тасқыны кезеңінде аталған іс-шаралар қалыпты жалғастырылатын болады.

Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республика аумағында 1 478 тірек гидротехникалық құрылыс бар, оның ішінде республикалық меншікте – 333, коммуналдық меншікте – 895, жеке меншікте – 228, иесіз – 22. 

«Иесіз ГТҚ-ға қатысты біздің министрлікпен жергілікті әкімдіктердің аттарына бірнеше рет меншікке алу қажеттілігі туралы хат жазылып келеді. Сондай-ақ кейбір ГТҚ-ны тіркеуге алғанмен, аймақтарда басқа да иесіз ГТҚ табылып, тізімге алынып жатыр. Қазіргі таңда Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы иесіз ГТҚ бойынша Азаматтық кодекстің 242-бабына сәйкес иесіз мүлікті коммуналдық меншікке қабылдау туралы сот талқылаулары өтуде. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша 510 ГТҚ жөндеуді талап ететіні анықталды», — деді Зүлфия Сүлейменова. 

Сонымен қатар 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында бассейндік инспекциялар вегетациялық кезеңнен кейін ГТҚ-ны қауіпсіз пайдалану мақсатында комиссиялық тексеру ұйымдастыратын болады. Сондай-ақ республикалық баланстағы 206 ГТҚ үшін көп факторлы зерттеу жүргізу және бөгеттердің қауіпсіздік декларациясын әзірлеу қажет. 

2023 жылы республикалық бюджеттен 13 объектіде көп факторлы зерттеу жүргізу мақсатында және 15 объектіде бөгеттердің қауіпсіздік декларациясын жасау мақсатында 652,7 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар 2024-2026 жылдардың бюджетін қалыптастыру кезеңінде аталған жұмыстарды 31 ГТҚ-ға жүргізу мақсатында 1524,3 млн теңге сұраным енгізілді.

«Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын көп факторлы тексеру барлық сынып пен түрлердің және олардың негіздерінің пайдаланылатын, салынып жатқан және консервацияланған гидротехникалық құрылыстарының қауіпсіздігін бағалау мақсатында жүргізілетінін атап өту қажет», — деді министр. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК теңгеріміндегі 206 гидротехникалық құрылыстың 102-сі су тасқыны қаупі бар объекті қатарына жатқызылды. Су басу аймағында 102 объект 296 елді мекенге жақын орналасқан, онда 2 547 649 адам тұрады. Сондай-ақ су тасқыны кезеңінде қанағаттанарлықсыз жағдайға байланысты 87 су қоймасының үшеуі транзиттік режимде болды, қалған су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеді. Су тораптары мен су қабылдағыштардың жағдайы қанағаттанарлық.

Су басу қаупін жою мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі жөндеуді қажет ететін 41 ГТҚ-ны қайта жаңартуа. 2017-2022 жылдары 16 нысан қалпына келтірілді. Нәтижесінде 120 мыңнан астам халқы бар 19 АЕМ-де су тасқыны жойылды. Оның ішінде Алматы облысында жинақтау көлемі 42 млн м3 Қызылағаш су қоймасы қайта жаңартылды. Биыл тағы 2 су қоймасы қалпына келтірілуде. 5 нысанды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, 1 нысанның техникалық қорытындыға сәйкес жай-күйі қанағаттанарлық, бүгінде жобаны апаттық нысандар құрамынан шығару мәселесі пысықталуда.

«Осы жобалар іске асырылған жағдайда 300 мың халқы бар 40 елді мекенді су басу қаупі мәселесі шешілетін болады. Жалпы су тасқыны кезеңіне дайындық «Қазгидромет» РМК болжамды деректерін ескере отырып талданатын болады» , — деді Зүлфия Сүлейменова.

Су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі және оның ведомстволық бағынысты құрылымдары мынадай іс шараларды жүргізеді:

- жыл сайын «Қазсушар» РМК базасында министрліктің жедел штабы құрылады, сондай-ақ «Қазсушар» РМК филиалдарының базасында Облыстық жедел ден қою және талдау штабы құрылады;

- кезекшілік кестесі бекітіледі, су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі;

- республикалық меншіктегі барлық гидротехникалық құрылыста тасқын суларды апатсыз өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарлары әзірленеді және бекітіледі, объектілерді тексеру актілері мен дайындық паспорттары, сондай-ақ ТЖ туындау қаупі дәрежесі бойынша су шаруашылығы объектілерінің тізбелері жасалады;

- гидротехникалық құрылыстарды пайдалану қағидаларына сәйкес әрбір су қоймасы үшін су қоймаларын толтыруға және күтілетін түсімге байланысты режим кестелері бекітілетін болады;

- су тасқыны кезеңі басталғанға дейін пайдалану қызметтері бекітілген кестелерге сәйкес су тасқыны суларын жинақтау үшін су қоймаларындағы бос сыйымдылықтардың қажетті қорын қамтамасыз етеді;

- көрші мемлекеттерде орналасқан трансшекаралық су объектілерінде су жинақтау көлемі талданатын болады;

- төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «Қазсушар» РМК бөлімшелері инертті материалдардың қажетті қорын дайындауда.

Әрі қарай индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабев баяндама жасады. Министрдің айтуынша, жалпы 2023 жылғы су тасқыны кезеңі қалыпты режимде өтті. Жер төсемі мен жасанды құрылыстарының шайылу қаупі болған жоқ. Қазіргі уақытта ведомство көлік және темір жолдарында алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Республикалық автожолдар бойынша су тасқыны қаупі бар 396 учаскі, 68 көпір және 768 су өткізу құбыры анықталған. Автожолдарды реконструкциялау және жөндеу шеңберінде су тасқыны қаупі бар учаскілерінде жасанды құрылыстар қосымша салынуда, су өткізгіш құбырларының диаметрі мен олардың саны ұлғайтылуда, жер төсемі үйіндісінің биіктігін арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі уақытта су тасқыны қаупі бар учаскілерде 6 көпір мен 111 су өткізгіш құбырдың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Павлодар облысында «Қалқаман – Баянауыл» жолының учаскісінде 2 көпірдің құрылысы аяқталады. Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында «Жезқазған – Петропавл» жолының учаскілерінде көпірлер мен су өткізу құбырларын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Осы жылдың төртінші тоқсанынан бастап автожолдарды күтіп ұстауға бөлінген қаражат есебінен қажетті инертті және басқа да материалдарды дайындау жұмыстары басталады. Жалпы жүргізіліп жатқан кешенді шаралар су тасқыны қаупі бар учаскілердің санын қысқартуға, жол учаскілерінің бұзылуын болдырмауға және көлік құралдарының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Соңғы 3 жылда су тасқыны қаупі бар учаскілердің саны 1,2 есеге азайды.

Темір жол саласында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы су тасқыны кезеңінде темір жолдардың сақталуын және тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастыру-техникалық іс-шараларды жүргізуде. Жабдықтар мен материалдарды тиеуге арналған жабық вагондардан, сондай-ақ тау тастарға, рельстік пакеттерге, кондициялық емес темірбетон шпалдарға арналған платформалардан тұратын су тасқынына қарсы пойыздар құрылады.

Биыл жыл сайынғы жоспарға сәйкес шамамен 2 мың 500 текше метр тау тастар мен 8 мыңнан астам кондициялық емес темірбетон шпалы дайындалатын болады. Су тасқыны кезеңінде жедел шаралар қабылдау үшін
17 металл аралық құрылымдар мен 44 рельсті пакеттер әзірленген.

«Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарымен теміржол төсемінен жоғары орналасқан 83 су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйін тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Автомобиль және темір жолдар саласындағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда. Барлық қажетті шара уақытылы қабылданатын болады», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, алдағы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында «Атқарылуы тиіс инженерлік іс-шаралар жоспары» әзірленіп, бекітілді. Жоспарға 24 іс-шара енгізіліп, қазіргі таңда олардың бесеуі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалған іс-шаралар осы тамыз айында басталатын болады.

Сонымен қатар «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың» жол картасындағы 20 іс-шараны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген болатын. Осы жылдың мамыр айынан бастап инженерлік жұмыстары басталып, қазіргі уақытта 15 іс-шара бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қалған 5 іс-шара бойынша жұмыстар тамыз-қыркүйек айларында басталады деп жоспарланып отыр.

Жалпы бүгінде Жол картасы аясында 10 шақырым арна түзету және жаға бекіту жұмыстары жүргізілді, 1,4 шақырым арнаның жағасы тас салынған габион сеткасымен қапталды. Нысандарда күштер мен техникалар саны жеткілікті деңгейде тартылған. Жыл соңына дейін 19 іс-шара аяқталып, 1 іс-шара келесі жылға өтті.

Сонымен қатар облыс аумағындағы су қоймалары мен өзендердің жағдайын бақылау үшін жыл басынан бері визуалды жер үсті шолу жұмыстары 6 рет, әуеден шолу 5 рет жүргізілді. Қауіпті учаскелерде мониторинг жүргізу үшін 42 гидробекет жұмыс жасауда. Сондай-ақ облыс аумағындағы гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі мен жұмыс режимі құзырлы органдардың тұрақты бақылауында.

Қазіргі уақытта «Қараспан» су торабы, Қапшағай су қоймасы күрделі жөндеуден, Майдантал, Ырмақ-өзен су қоймалары ағымдағы жөндеуден өтуде. Аталған гидротехникалық құрылыстардың жөндеу жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал Ащы, Бөген, Қосқорған, Майдантал су қоймалары мен Көксарай су реттегішін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

«Облыста “Көктемгі су тасқынына дайындық іс-шараларының” орындалуы – әкімдіктің тұрақты бақылауында», — деді Түркістан облысныың әкімі Дархан Сатыбалды.

Әрі қарай Ақтөбе облысындағы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша өңір басшысы Ералы Тоғжанов баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша облыстың су тасқыны қаупі бар учаскелері анықталып, жоспар әзірленді.

«Елді мекендерді қорғау бойынша 103 іс-шара жоспарланып, оның 41-і іске асырылды, 62-і шара бойынша жұмыстар жүргізілуде. Барлық іс-шараны аяқтау осы жылдың соңына жоспарланған», — деді Ақтөбе облысының әкімі.

Қобда ауылында су тасқынынан зардап шеккен 30 отбасы үшін 24 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Су тасқынынан зардап шеккен 74 тұрғын үй иелеріне жалпы сомасы 397,5 млн теңге өтемақы төленді. Қобда ауылында 373 млн теңгеге жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын 3 қорғаныс бөгетінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар салдарын жою мақсатында Ойыл ауданындағы Қаратал ауылында ұзындығы 1,4 шақырым болатын қорғаныс бөгетін салу жұмыстары аяқталды. Қаратал ауылына кіреберіс 20 шақырым автомобиль жолының деңгейін биіктете отырып, құны 3,2 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

1,6 млрд теңге автомобиль жолдары бойындағы 23 су өткізу құрылғысын салу, 3,5 шақырым жол жөндеу және 4 көпірдің жөндеу жұмыстары іске асырылуда.

«Ағымдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қалыпты түрде жалғасуда және мерзімінде аяқталатын болады. Барлық іс-шараны іске асыру барысы жеке бақылауымда», — деді Ералы Тоғжанов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу