«Астана Опера» театры «Экспо-2017» аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізді — Т. Әлпиев

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясы барысында Астана опера театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев «Экспо-2017» аясында «Астана Опера» театры өткізген іс-шаралар туралы айтып берді.

Төлеубек Әлпиев «Экспо-2017» халықаралық көрмесін өткізу кезінде «Астана Опера» театрында 46 мәдени іс-шара өткізілгенін, 32 шетелдік делегация келгенін хабарлады.

Көптеген іс-шаралар мәдениет және спорт министрлігімен және «Қазақ әуендері» АҚ-мен бірге өткізілді. Осылайша, «Астана Опера» театры әртістерінің қатысуымен Дж. Вердидің «Аида» операсы, Л. Минкустің «Дон Кихот» балеті, Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы Тәуелсіздік және келісім сарайы алдындағы алаңда ашық аспан астында өткізілді.  

«Мұндай формат кездейсоқ таңдалған жоқ. Біз Астанада қалалық мәдени ортаны құруды мақсат еттік», — деп атап өтті Т. Әлпиев.

Өткізілген мәдени іс-шаралардың арасында «Опералия» опера әншілерінің халықаралық байқауы ерекше орынға ие болды. Байқауға қатысу үшін әлемнің әр түрлі елдерінен 200-ден астам өтінім келіп түсті. Олардың ішінен 40 өтінім іріктеліп алынды. Айта кеткен жөн, іс-шараны өткізуге шығындардың 80%-ын демеушілер қаржыландырды.

«Опералия»-ға музыкалық өнердің жарық жұлдызы Пласидо Доминго қатысты, бұл аталған шараға әлем қауымдастығының назарын аудартты.

«Шетелдік басылымдар Қазақстан туралы көп жазды, және маэстро Домингоның сөздерінен Қазақстанның қысқа уақыттың ішінде қарқынды дамығаны туралы дәйексөздер келтірді. Бұл еліміздің оң имиджінің қалыптасуына сөзсіз әсер етті», — деді спикер.

«Медичи ТВ» халықаралық арнасының тікелей таратылымдары мен «Евроньюс» танымал арнасы көрсеткен бірқатар роликтердің арқасында барлығы «Опералия» байқауын тамашалап, өздері ұнатқан қатысушыларға жанкүйер бола алды.

Т. Әлпиев айтып өткендей, Пласидо Доминго театр сахнасында дирижер ретінде өнер көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ Дж. Пуччинидің «Тоска» операсына қатысты. Бұдан өзге, қазақстандық шығармашылық мамандықтарында оқитын студенттер Пласидо Доминго ұсынған шеберлік сабағына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кеткен жөн, «Опералия»-ның ақтық сынында Қазақстанның намысын төрт қатысушы қорғады. «Астана Опера» солисті Мария Мудряк үшінші орын мен көрермендер көзайымы жүлдесін жеңіп алды.

Т. Әлпиев айтып берген тағы бір ғаламат жоба «Мыңдаған қатысушылар симфониясының» орындалуы болды, ол Қазақстан мен «Карло Феличе» итальяндық театрының ұжымының шығармашылық күштерін біріктірді. Орталық Азияда мұндай жоба алғаш рет жүзеге асырылды.  

Бұдан өзге, «Экспо-2017» бағдарламасы аясында «Астана Опера» театрында аты аңызға айналған «Ла Скала» театрының гастрольдері өтті, ол қазақстандық көреремендерге Дж. Вердидің «Фальстаф» операсы мен Л. ван Бетховеннің №9 симфониясын ұсынды.  

Сөз соңында Т. Әлпиев «Экспо-2017» сияқты осындай ауқымды шараны өткізумен қатар Қазақстан сондай-ақ өзін әлемге дамыған және озық мемлекет ретінде көрсете алғанын атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу