22 Қыркүйек 2017, 10:00
«Экспо-2017» көрмесінде ұсынылған технологияларды енгізу Қазақстанда энергия өндіру кезіндегі шығарындыларды азайтып, тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осындай пікірімен ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев бөлісті.
«Әкімдіктер мен жекеменшік компаниялар тарапынан субсидиялау мен қаржыландыру туралы айтар болсақ, жаңа технологияларды енгізу қаражат салуды талап ететіні сөзсіз. Монополистердің су, электр энергиясы, қоқысты қайта өңдеу және т. б. қызметтерінің осыған орай қымбаттауы туралы айтсақ, біз тиімділікті арттырып, энергия өндіру мен жеткізу кезіндегі шығындарды төмендету үшін, сонымен қатар шығарындылар көлемін азайтуға қажетті технологияларды енгізіп жатырмыз. Сол себепті де барлық технологиялар қолданыстағы өндірістерді оңтайландыруға немесе жаңа өндірістерді жоспарлауға бағытталған», — деді М. Мырзағалиев.
Сонымен қатар ол ҚР-ның энергетика секторына жаңа технологиялардың толықтай енгізілуін күту керек, себебі бұл жылдам жүзеге асырылатын процесс емес екенін, осыдан кейін ғана министрлік атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы толық есеп бере алатынын атап өтті.
Айта кеткен жөн, бұған дейін баспасөз конференциясы барысында М. Мырзағалиев Қазақстанның энергетикалық саласына енгізу үшін Экспо-2017 көрмесінде ұсынылған технологиялар ішінен жүзден астам жаңа технологиялар таңдалғанын мәлімдеді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу