Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6%-ды құрады — Ұлттық экономика министрлігі

Биылғы қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша ел экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 5,4%-ға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Ол салалар арасында құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік ең жоғары өсуді көрсеткенін айтты.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 58%-ға, денсаулық сақтауда – 40%-ға, саудада – 38%-ға, білім беруде – 18%-ға, ауыл шаруашылығында – 8,7%-ға, өнеркәсіпте – 8,3%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында байқалды», — деді министр.

Алдын ала жасалған қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 2,4%-ға өсіп, $102 млрд-ты құрады.

Экспорт $57 млрд-тан астам, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты $18 млрд-қа жетті. Ал, тауарлар импорты $44 млрд-тан астам. Жалпы, оң сауда балансы $13 млрд-қа тең.

Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр, өндіріс көлемі 3,2%-ға өсті. Көрсеткіштің өсуі 12 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Қызылорда, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті.

«Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 27%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 42%-ға және электр жабдықтарын жасаудың – 31%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 2,9%, металл бұйымдары – 3,4%, құрылыс материалдары – 1,8%, сусындар өндірісі – 1,7%, пластмасса бұйымдары – 5,5%, жеңіл өнеркәсібі – 12%», — деп атап өтті спикер.

Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 6,1%-ға жоғарылады. Бұл ретте газ өндіру – 9,7%-ға, мұнай өндіру – 9,3%-ға, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 14%-ға өсті. Металл кендерін өндіру – 1,1%-ға, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 2,3%-ға, көмір өндіру – 5,5%-ға төмендеді.

Ұлттық экономика министрі тұрғын үй құрылысы мен алрды пайдалануға беру қарқынына да тоқталды. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ға артты. 18 өңірде оң өсім тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында байқалды.

Биылғы қаңтар-қазанда 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 14%-ға жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Ұлытау және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында тіркелді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімділігі 8,6%-ға төмендеді. Көрсеткіштің төмендеуі дәнді дақылдарды жинау көлемінің азаюынан орын алды. Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсім 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды.

Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында келесі шаралар ұсынылады:

  • Экономика салаларында өсудің оң қарқынын сақтау жөніндегі шараларды іске асыру, егінді тасымалдау және сақтаудағы ықтимал проблемаларды шешуде жедел көмек көрсету;
  • Экспорттаушыларды қолдау шараларын іске асыру арқылы отандық өнім экспортын белсенді ілгерілету; 
  • Осы жылға белгіленген инвестициялық жобаларды тиісті мерзімдерде аяқтау, жаңа инвесторлар тарту және оларды сүйемелдеу бойынша жұмысты жандандыру;
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық өсуіне жол бермеу және Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырудың тиімділігін бақылау;
  • Бизнес өкілдерін кешенді қолдау және олар үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз ету.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Вагапов өңдеу өнеркәсібінде белсенділік азайып, қызмет көрсету саласында өсім баяулағандықтан, жаһандық экономикалық белсенділік бәсеңдей бастағанын айтты.

«Елімізде іскерлік белсенділік индексі қазанда 49-дан 49,6-ға дейін жақсарды. Өндірістегі жақсару көрсеткіші 51,6-ға дейін барды. Бизнес-климат индексі ұлғайды. Оған болашақ бизнес-жағдай бойынша кәсіпорындар тарапынан болған күтулердің жақсарғаны әсер етті. Барлық секторда индекс оң қалпында қалды», — деді спикер.

Оның айтуынша, жылдық инфляцияның баялауына қарамастан, айлық және базалық инфляция таргеттен жоғары қалпында қалған. Сондай-ақ жылдық инфляция 10,8%-ға дейін баяулады. Дегенмен, бағаның өсуі екі таңбалы мәнде қалып отыр. Айлық инфляция өткен айдың деңгейінен және таргеттен жоғары қалыптасып, 0,7%-ды құрады. Бұл инфляцияға қарсы саясатты одан әрі жалғастыруды талап етеді.

Азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде 10,4%-ға дейін баяулады. Ал оның айлық мәні өткен айдағы 0,3%-дан 0,5%-ға дейін қарқын алды. Азық-түлік тауарлары құрылымында қазан айында жұмыртқа, нан, жарма, қант және тәттілер, жаңа піскен жемістер мен ет бағасы өсті. Есесіне, ірімшіктің, жаңа піскен көкөністер мен күнбағыс майының бағасы арзандады.

«Қазан айында азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 11,1%-ға дейін баяулады. Айлық мәнде өсім 0,8%-ды құрады. Қазан айында аудиовизуалды жабдықтар, отын, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар, киім-кешек пен аяқ киім бағасы өсті. Ал тұрмыстық заттардың, жууға және тазалауға арналған құралдарының бағасы түсті», — деп мәлімдеді ол.

Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, қазан айында ақылы қызметтер инфляциясы жылдық мәнде 11%-ды құрады. Ақылы қызметтердің айлық инфляциясы 0,8% болды. Ақылы қызметтер арасында тұрғын үйді жалға беру қызметінің, шаштараз бен жеке қызмет көрсететін мекемелердің, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің бағасы өсті.

Жыл басынан бері теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 469,64 теңгеге дейін 1,5%-ға әлсіреді. Қазан айында 1,1% болды. Теңгенің әлсіреуі бірқатар сыртқы және ішкі факторға байланысты.

Біріншіден, бұл – доллардың жаһандық нығаюы. Оған АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің қатаң ақша-несие саясаты әсер етіп отыр.

Екіншіден, импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы. Оған жобаларды іске асыру және бюджет қаражатын игеру циклінің жандануы мен басқа да факторлар ықпал етуде.

«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету аясында валюта сату теңгеге қолдау көрсетті. Жыл басынан бері 7,5 млрд АҚШ доллары сатылса, ол қазан айында $1,5 млрд-ты құрады. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына бейрезиденттердің капитал ағыны жыл басынан $267 млн-ды құрап отыр», — деп атап өтті банк төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, Ұлттық банк еркін бағам белгілеу режимін ұстана береді және валюталық интервенциялар жүргізбейді. Жалпы халықаралық резервтер қазан айының соңында $90,3 млрд-ты құрады.

Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан $34,0 млрд-қа дейін 3,1%-ға төмендеді. Бұл Ұлттық банктің валюталық шоттарындағы екінші деңгейлі банктер қаражатының азаюына байланысты. Оған Қаржы министрлігінің міндеттемелерін төлеу мақсатында алтын-валюта резервтерін конвертациялау да себеп болды. 

«Ұлттық қордың активтері жыл басынан $56,3 млрд-қа дейін 1,1%-ға өсті. Оған инвестициялық табыстың артуы бірден-бір себеп болды. Ол жыл басынан 3,3% немесе $1,83 млрд. Жыл басынан қорға түскен түсімдердің барлығы 3,6 трлн теңгені құрады. Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттер 3,7 трлн болды», — деді ол.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері оң динамиканы көрсетуде. Олар жыл басынан 17,2 трлн теңгеге дейін 17,6%-ға өсті. Инвестициялық табыс көлемі 1,3 трлн теңгені құрады. Зейнетақы жарналары 1,7 трлн теңге, ал жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы 223 млрд теңге болды.

Сыртқы және ішкі нарықтарда экономикалық жағдай барынша тұрақты. Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және экономиканың өсуіне қолайлы жағдай жасау үшін тиісті шаралар қабылдауды жалғастыра береді.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері туралы баяндады. Ол мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің сомасы 15,5 трлн теңгені құрап, жоспар 98,3%-ға орындалғанын айтты.

«Республикалық бюджетке 10,5 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 92,8%-ға орындалды. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты», — деді вице-министр.

Корпоративтік табыс салығы жөнінде жоспардың орындалмауы – 294 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 23%-ға азаюымен байланысты.

Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері:

  • тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі;
  • Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 8%-ға азаюы.

Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 9%-ға төмендеуімен байланысты болды.

«Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 12%-ға төмендеуі әсер етті. Салықтық емес түсімдер бойынша асыра орындау акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер есебінен қалыптасты. Жергілікті бюджеттердің кірістері 111,7%-ға атқарылды және 5,1 трлн теңгені құрады. Жоспар 534 млрд теңгеге асыра орындалып отыр. Алматы облысынан басқа барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды», — деп мәлімдеді ол.

Вице-министр мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,2%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,4%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,2%-ға орындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, Республикалық бюджет бойынша сомасы 18 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 107 млрд теңгені құраса, оның ішінде үнемдеу – 16 млрд теңге. Игерілмегені – 91 млрд теңге.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары ішкі істер, мәдениет және ақпарат; су ресурстары және ирригация; экология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты.

«Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; өнім берушілердің тауарларды жеткізбеуі; бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру жөнінде нормативтік құқықтық актілерді уақтылы қабылдамауы; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақтылы ұсынылмауы; төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілген; министрліктердің қайта ұйымдастырылуына байланысты», — деп толықтырды сөзін спикер.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 10 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 294 млрд теңге. Осы жылы өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қарашаға 1 трлн 261 млрд теңге бөлінген. Оның 94,4%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 71 млрд теңге, оның ішінде 2 млрд теңге – үнемдеу. Ең көп игерілмеу: Астана және Алматы қалаларында, Маңғыстау және Ақмола облыстарында қалыптасты.

«Осы жылдың 10 айында камералдық бақылаумен 11 трлн теңгеге 370 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 50 591 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит нысандары кемшіліктерді жою туралы хабарламалардың 94%-ын орындады. 1 800-ден астам аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудит арқылы шамамен 1,4 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. Шамамен 230 млрд теңге сомасына қаржылық заң бұзушылықтар анықталды», — деп мәлімдеді Дәурен Темірбеков.

Оның айтуынша, тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 170 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылған.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 658 нысанды сату көзделген. Есепті кезеңде 307 млрд теңге сомасына 374 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 34 нысан сатуға қойылды. 64 – қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 186 – сату алдындағы дайындықта тұр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу