12 Мамыр 2026, 11:50
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің аграрлық саланы дамыту жөніндегі міндеттеріне сәйкес, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мәселелері қаралды. Жиында Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, «Бәйтерек» холдингінің басшылары, сондай-ақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Жыл басынан бері көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігі ерекше бақылауында ұстап отыр. Барлық проблемалық мәселелер мүдделі тараптардың қатысуымен Жедел штаб отырыстарында қаралуда.
«Министрлік әкімдіктермен бірлесіп егіс алқаптарының құрылымын бекітті. Осылайша, жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрап, өткен жылдың деңгейінен 180 мың гектарға артты. Басымдық жоғары сұранысқа ие дақылдарға берілді. Атап айтқанда, майлы дақылдардың егіс көлемі биыл 4 млн гектардан асады, мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарды құрайды. Сонымен қатар, жүгеріні қайта өңдеу бойынша іске қосылатын инвестициялық жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгерінің егіс көлемі 265 мың гектарға дейін ұлғайтылады.
Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдасқан шаруашылықтарда картоптың алқабын 10 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Бекітілген егіс құрылымы ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті, сонымен бірге нарық конъюнктурасы мен сыртқы сұранысты ескере отырып жасақталған», — деді ол.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша егіс алқаптарын одан әрі әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты, биыл дәнді дақылдар алқабы 127 мың гектарға қысқарады. Оның ішінде бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрайды.
Суды үнемдеу мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректеріне сәйкес күріш пен мақта алқаптарын азайту жұмыстары жүргізілуде. Осылайша биыл алғаш рет егіс құрылымы нақты су лимитіне сәйкес бекітілді. Республика бойынша күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Ал мақта алқабы 162,4 мың гектар. Оның ішінде: тамшылатып суару 29,8 мың гектарға көбейеді, ал дәстүрлі суару 12 мың гектарға қысқарады.
«Бүгінгі таңда егіс жұмыстары барлық өңірлерде басталды. Жалпы 4,5 млн гектар алқапқа егін егілді. Оның ішінде: дәнді дақылдар – 2 млн гектарға жуық, майлы дақылдар – 1 млн гектардан астам, азықтық дақылдар – 388 мың га, көкөніс-бақша және картоп – 206,3 мың га, мақта – 154 мың гектар.
Жалпы, егіс науқаны басталғанға дейін топырақты дайындау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, ылғал жабу, топырақты өңдеу, көктемгі жырту жұмыстары орындалды. Сонымен қатар, министрлік жалпы көлемі 400 мың гектарға жуық күздік дақылдардың жай-күйіне мониторинг жүргізуде. Қазіргі таңда күздік егістердің 94%-ы оңтайлы жағдайда», — деді вице-министр.
Биыл министрлік егіс науқанының барысы жөніндегі деректерді жинау және мониторинг жүргізуге арналған цифрлық құралды іске қосты. Қазіргі уақытта ол пилоттық режимде сынақтан өтуде. Бұл шешім көктемгі дала жұмыстарының барысы, егіс көлемі мен құрылымы туралы ақпаратты жедел форматта алуға, сондай-ақ ағымдағы жағдайды бақылау үшін талдамалық ақпарат қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта функционалды кезең-кезеңмен дамыту, оның ішінде өндірістік процестерді талдау және болжау үшін аналитикалық құралдар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу көзделуде. Бұл деректерді автоматтандыруға, мониторинг дәлдігін арттыруға, шешім қабылдауды жетделдетуге және тиімділікті жоғарылатуға жол ашады.
«Егіс науқанын сапалы жүргізуде ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы мен дизель отынымен қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі таңда техника егіс жұмыстарын жүргізуге толық дайын. Жалпы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 133,9 мың трактор, 5,6 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш, 188,5 мың топырақ өңдеу құралы бар. Одан бөлек техниканы жөндейтін 70 сервистік орталық жұмыс істейді.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2025 жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару деңгейі 6,5%-ға жетті. Ағымдағы жылға жоспарланған көрсеткіш - 8%. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейі 10%-ға төмендеді.
Осы орайда мемлекеттік қолдау шаралары ең алдымен отандық өндірушілерді қолдауға бағытталғанын айта кеткен жөн. Мысалы, отандық техниканы сатып алу кезінде субсидия 30%-ды құраса, импорттық техникаға ол 15-25% көлемінде беріледі. Сондай-ақ жеңілдетілген лизинг бағдарламасында отандық техникаға басымдық беріледі», — деді Азат Сұлтанов.
Осы шаралар отандық машина жасау саласының дамуына оң әсерін тигізді. Бір жылдың ішінде ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 22%-ға артты. Биыл өндіріс көлемін 9,9 мың бірлікке дейін жеткізу, яғни тағы 6%-ға ұлғайту жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Қазақстан нарығына CLAAS, John Deere, Amazone сияқты әлемдік өндірушілер мен олардың серіктестері келуде. Ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңаруы егіс жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімдерде жоғары өнімділікпен жүргізуге, сондай-ақ егіс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы өткізу үшін жалпы 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда оның 204,8 мың тоннасы жөнелтілді.
«Тұқым материалының сапасына мониторинг жүргізуге ерекше назар аударылуда. Тұқымға жалпы қажеттілік 2,3 млн тоннаны құрайды. Тексеру қорытындысы бойынша олардың барлығы егіс стандартының 1 және 2 сыныптарына сәйкес келеді. Тұқым сапасын қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап тұқым құнын субсидиялаудың жаңа механизмі енгізілді. Атап айтқанда, отандық тұқымды сатып алған кезде субсидия көлемі 10%-ға жоғары болады.
Бюджет шығыстарын азайту және мемлекеттік қолдау шараларын қысқарту мақсатында биылдан бастап тұқым сапасын мемлекеттік қаражат есебінен тексеру тоқтатылды. Яғни шаруалар тұқым сапасын өз қаражаты есебінен тексеруі тиіс және бұл мәселе мемлекеттік қаржыландырудың болмауына байланысты тоқтамауы қажет», — деді спикер.
Оның айтуынша, тұқым шаруашылығы саласындағы бақылауды күшейту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекция комитеті құрылымында тұқым шаруашылығы заңнамасының сақталуын бақылау жөніндегі жаңа басқарма құрылды.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың астық және асыл тұқымды мал шаруашылығы инспекторларының қызметіне де бақылауды күшейту жоспарлануда. Бұл өсімдік шаруашылығының негізгі бағыттарында бақылауды күшейтіп, саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Агротехнологиялық іс-шаралардың маңызды элементтерінің бірі – ғылыми негізделген нормаларға сәйкес минералдық тыңайтқыштарды енгізу. Биыл 2,3 млн тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бүгінгі таңда әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес 1,3 млн тоннаға жуық келісімшарт жасалып, оның 1,1 млн тоннасы жөнелтілді.
«Жалпы, отандық тыңайтқыштардың кепілді көлемін қамтамасыз ету мақсатында зауыттардың арнайы шоттарына бекітілген қаржыландыру жоспарларына сәйкес қаражат аударылуда. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен тыңайтқыштарды жоспарланған көлемнен төмен емес деңгейде жөнелтуді қамтамасыз етуді сұраймыз.
Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайға байланысты әлемдік тыңайтқыш нарығында бағаның күрт өсуі байқалуда.
Әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты біздің отандық тыңайтқыштарға да сұраныс артып келеді. Осыған байланысты ішкі нарықтағы тыңайтқыш бағасы жыл басында алдын ала бекітілді. Жалпы, әкімдіктер тұқым таңдау, егіс мерзімдерін сақтау, тыңайтқыштарды пайдалану, топырақты егіс алдындағы өңдеу және басқа да қажетті агротехникалық іс-шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуына ерекше назар аударуы қажет», — деді вице-министр.
Ол егер көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру өткен жылдың қазан айында басталса, министрлік егін жинау науқанына да дайындықты алдын-ала бастап кеткенін атап өтті. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бұршақ және майлы дақылдар өнімінің көлемі айтарлықтай өскені белгілі. Осыған байланысты әр дақылды бөлек сақтау қажеттілігі туындайды.
Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сәуір айынан бастап элеваторлар салу мен жаңғыртуға жеңілдетілген қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Негізгі қаржыландыру критерийлері мен астық сақтау нысандарын салу және жаңғырту көрсеткіштерін қамтитын Жол картасы әзірленді. Қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілген жағдайда элеваторлардың сақтау қуатын 1 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда.
«Жалпы, көктемгі егіс науқанын өткізу мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында. Сонымен қатар, әкімдіктер келесі мәселелерге ерекше назар аударуы тиіс:
- техниканың толық дайындығын, оның ішінде жөндеу және профилактикалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
- жеңілдетілген дизель отынын уақытылы жөнелтуді ұйымдастыру;
- тұқым сапасына сараптама жүргізу мәселесін, соның ішінде шаруалардың өз қаражаты есебінен жүзеге асыруды ерекше бақылауда ұстау;
- фермерлердің тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімшарт жасау жұмыстарын жандандыру;
- шегірткеге қарсы күрес шараларын күшейту және басқа да қажетті агротехникалық жұмыстарды уақытылы жүргізу.
Қазіргі уақытта егіс жұмыстары жақсы қарқынмен жүргізілуде. Осы қарқынды төмендетпей, егіс жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімдерде толық аяқтау қажет», — деді Азат Сұлтанов.
#Ауыл шаруашылығы #Егіс науқаны
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу