Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесіне трансформация жасалмақ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің және шешуші бағыттар бойынша өзге де – цифрлық даму, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, су ресурстары, еңбек, оқу-ағарту, ғылым, спорт, денсаулық сақтау министрлерінің баяндамалары тыңдалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысының 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін министрлік келесі шараларды жүзеге асырады. Бірінші, Үкіметтің қолдауымен біз әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялауға кірістік. Мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің санаттық қағидатынан мұқтаждықтың ашықтық пен объективтік критерийлеріне көшу жүзеге асырылып жатыр. Министрлік Шымкент қаласындағы және Қарағанды облысындағы пилоттың нәтижелері негізінде бүкіл ел бойынша Бірыңғай цифрлық платформаны толық енгізуді бастады. Жергілікті жерлердегі мемлекеттік қолдау шараларына  байланысты барлық бастапқы бизнес-процестер цифрландырылатын болады. Бұл бірыңғай жүйеде кадрлық іс жүргізуді, бухгалтерлік есепті, материалдық-техникалық базаны есепке алуды, сондай-ақ контингентті тіркеуді жүргізуге мүмкіндік береді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсететін барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар Бірыңғай цифрлық платформа арқылы әл-ауқат деңгейін жаңадан бағалауға қол жеткізе алады. Бұл қызметтердің сапасын жақсартады, әлеуметтік жүйеге кәсіби кадрларды тартуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бірыңғай цифрлық платформа шеңберінде архитектурасы электрондық үкіметтің талаптарына толық сәйкес келетін «бұлтты бухгалтерияны» қолдануды ұсынып отыр. Бұл тәсілді жүзеге асыру үшін қысқа мерзімде бірқатар мемлекеттік органдарды Еңбек министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасымен интеграциялау қажет. Олар:

1) Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, екінші деңгейдегі банктер азаматтардың шоттары карталары бойынша шығыс және кіріс операциялары бөлігінде;

2) Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жасалған сақтандыру шарттары, сақтандыру төлемдерінің мөлшері бойынша мәліметтер бөлігінде;

3) Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлер қызметінің айналымы, сондай-ақ жеке табыс салығы бойынша;

4) Қаржы министрлігі, Қазынашылық комитеті Еңбек министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы төлеу үшін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша төлем тапсырмасын қалыптастыру бөлігінде.

Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыратын органдар жеке тұлғаларға гранттар, субсидиялар және қолдаудың өзге де түрлері бойынша мемлекеттік қолдау көрсету туралы толық мәліметтерді Бірыңғай цифрлық платформаға ұсынуы тиіс. Жаңа тәсілдер заңнамалық бекітуді талап етеді.

«Екінші мәселе көші-қон ағындарын реттеуге қатысты. Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес Еңбек министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығы базасында Көші-қон ағындары мәселелері жөніндегі талдау орталығы құрылды. Қазіргі уақытта, Migration.Enbek.kz көші-қон процестерінің порталы жұмыс істейді. Бұл шетелдік жұмыс күшінің қозғалысын, қандастарды тіркеуді және есепке алуды қоса алғанда, ел ішінде де, одан тыс жерлерде де еңбек ресурстарының қозғалысына байланысты бизнес процестерді автоматтандыруға мүмкіндік берді. Шетелдік азаматтың кәсіптік тәжірибесін қазақстандық жұмысшыларға үйретуді көздейтін тәлімгерлік жүйе енгізілді. Жұмыс орындарын құрудың ашықтығы, сұраныстағы кәсіптерді болжау үшін Жобалардың инновациялық навигаторы енгізілді. 2030 жылға дейін құны 77,3 трлн. теңге болатын 1517 жобамен  229 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар орталықтандырылған есепке алуды қамтамасыз етуге, білікті мамандарды тарту үшін алдын ала бағалау жүйесін енгізуге, көші-қон процестерін басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Министр үшінші мәселе зейнетақы жүйесіне қатысты екенін айтады. Ол министрлік алаңында ұлттық сарапшыларды, Ұлттық банктің, Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігінің, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдерінің басын қосқан  сараптамалық топ құрылғанын хабарлады. Осы жылдың соңына дейін сараптамалық топ жұмысының нәтижелері бойынша ақпарат Үкіметке ұсынылатын болады.

#Жұмысқа орналастыру #Президенттің тапсырмасы #Үкімет отырысы #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу