Түрік холдингтері Қазақстанға 590 млн доллар инвестиция салуға ниетті

Бүгін Түркиядағы Қазақстан Елшілігі мен «Kazakh Invest» ҰК қолдауымен жалпы сомасы 590 млн АҚШ доллары болатын тоғыз инвестициялық құжатқа қол қойылды. Келісімдер мен меморандумдарға ірі түрік холдингтері – Calik Holding, Yildirim Holding, Yildizlar SSS Holding, Agrobest Group және т. б. қол қойды.

Құжаттар аясында Қазақстанның түрлі өңірлерінде құрылыс материалдарын, машина жасау өнімдерін өндіру, химия өнеркәсібі, тау-кен-металлургия секторы, энергетика саласы бойынша жобаларды іске асыру көзделген.

«Түрік компаниялары Қазақстанда жұмыс істеуге аса жоғары қызығушылық танытуда. Біз өткен жылы олармен жұмыс істеген едік. Бүгін ірі түрік компанияларының басшылары келіп отыр. Олардың Түркия экономикасына ықпалының жалпы жиынтық көлемі ЖІӨ-нің шамамен 15%-ын құрайды. Компаниялардың кейбіреуі бүгінде Қазақстанда жұмыстарын бастап кеткен. Кейбір компаниялар жаңа жобаларды қарап жатыр. Олар ауыл шаруашылығы, энергетика салаларында, жекешелендіру нысандарымен жұмыс істеуге ниетті. Қазіргі таңда нақты жобалар белгіленген. Атқарылатын жұмыстар Қазақстан экономикасына жақсы үлес қосады деген сенімдеміз. Kazakh Invest міндеті — үлкен шетелдік инвесторларға Қазақстанға кіруге, мұнда өндірісті іске қосуға, бизнесті ретке келтіруге көмек көрсету. Олардың Қазақстандағы бизнесі қаншалықты табысты іске асса, еліміздің көркеюіне олардың тигізетін пайдасы да соншалықты мол болады», — деді Kazakh Invest басқарма төрағасы Мақсат Қабашев.

Еске сала кетейік, соңғы бес жылда түрік инвесторлары жалпы сомасы 667,5 млн АҚШ доллары болатын 18 жобаны жүзеге асырған. Таяу келешекте тағы жаңа 10 жобаны іске асыру жоспарда бар.

Айта кету керек, ҚР Президентінің 2016 жылғы сәуір айында Ыстамбұлға ресми сапарынан кейін Түркияның шағын және орта бизнес өкілдері мен трансұлттық компаниялары тарапынан Қазақстанға инвестициялық тұрғыдан қызығушылықтың артқаны байқалады. Түрік компаниялары Қазақстанды кейін дайын өнімдерді ЕАЭО мен Орталық Азия елдеріне экспорттау үшін өз өндірістерін орналастыру алаңы ретінде қарастырады. Бұдан өзге, соңғы үш жылда Түркия инвесторлары белсенді түрде қайта инвестициялап, өздерінің өндірістік қуаттылықтарын Қазақстанда кеңейте бастады.

Жалпы алғанда, бүгінгі таңда қазақстандық-түрік инвестициялық бастамаларының жалпы пакеті жалпы сомасы 2,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 70 жобадан тұрады, олардың 31-і іске асырылған, шамамен 40 жобасы жүзеге асырылуда әрі перспективалық болып табылады. Түркиядан ҚР-ға ТШИ ағымы 2005 жылдан бастап 2017 жылдың 1 тоқсаны аралығында 2,1 млрд АҚШ долларын құраған. 2017 жылдың 6 айындағы сыртқы сауда айналымы 925,1 млн долларды құраған (2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,1% өсім). 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша ҚР-да 4114 заңды тұлға тіркелген, олардың әрекет етіп тұрғандары – 1831.

Сондай-ақ, айта кеткен жөн, ОҚО Ордабасы ауданында Қазақстан-Түркия индустриалды аймағы құрылған. Аумақтың жалпы ауданы 50 га-ды құрайды (250 га-ға дейін ұлғайту мүмкіндігімен). Мұнда биыл ПВХ мен алюминийден жасалған профильдер мен жарық өткізгіш конструкциялар өндіретін «Gold Aluminum» ЖШС зауытын пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан өзге, Merkez Asia Madencilik және Petronet Otomosyon компанияларымен жалпы сомасы 12 млн доллар болатын зауыттардың құрылысын бастау көзделіп отыр.

Сонымен қатар қазіргі таңда сегіз түрік компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, солардың бірі – жиһаз фабрикасының құрылысы бойынша «Madeyra Group» ЖШС-мен инвестиция көлемі - 10,7 млн доллар болатын келісім.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу