Қазақстан дұрыс бағыт ұстанған — Дүниежүзілік банк сарапшысы

Қазақстанда экономиканы дамыту стратегиясы жүзеге асырылуда және елдің жақын арада әрі болашақта дамуының нақты ұстанған бағыты бар. Бұл туралы Астанадағы инвестициялық форумда Дүниежүзілік банк тобының сауда және жаһандық бәсекеге қабілеттілік мәселесі бойынша жетекші экономисі Стефка Славова мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, Қазақстан дұрыс бағытта дамып жатыр: даму стратегиясының айқын көрінісі және экономикалық өсу жолдарының айқын жоспары бар.

Қазақстанға тұрақты экономикалық өсім үшін процестің барлық қатысушыларына, оның ішінде шетелдік инвесторларға тең жағдай жасау керек.

«Дүниежүзілік банк Қазақстанға алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге көмектесуге дайын. Тіпті осы жолда қателіктерге ұрынсаңыздар да, аянбай, талпыныс жасаңыздар», — деді ДБ сарапшысы.

Сонымен қатар, Стефка Славова бүгінгі таңда жаһандық проблемалардың бірі — өмірдің барлық салаларын цифрландыру мәселесі екенін атап өтті. Бәсекеге қабілеттілік алдыңғы қатарға шықты, жаңа технологиялар өмірімізге жылдам енгізіліп жатыр. Аймақтарға ерекше көңіл бөлінуде.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік әрі сын-тегеурін — мұнай саласына тәуелділіктен арылу, өнеркәсіпті әртараптандыру.

«Сіздің елде табысты өсу мен жетістіктерге жетудің барлық мүмкіндіктері бар», — деді Стефка Славова.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу