Павлодар пединститутының ғалымдары шай саңырауқұлағын өнеркәсіптік өндіру технологиясын коммерцияландырды

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Алтынбек Нұхұлы «Экспо-2017» халықаралық көрмесін өткізу кезінде шай саңырауқұлағын өнеркәсіптік өндіру бойынша ірі жоба коммерцияланғанын айтты.

Алтынбек Нұхұлының айтуынша, институтта бірнеше жыл қатарынан «Шай саңырауқұлағының табиғи қалпы негізінде биологиялық байытылған өнімнің өнеркәсіптік өндіріс технологиясын жасау» жобасы іске асырылып жатыр.

2017 жылдың 9 қазанында «Алтын Батыр Company» ЖШС тіркеу туралы куәлік алынды. Бұдан кейін ПМПИ аталған жобаны іске асыру бойынша Павлодар облысының «Крендель» ЖШС, «Мойылды» шипажайы» АҚ секілді кәсіпорындарымен 10-нан астам келісімшартқа қол қойды. Бұдан өзге, «Line Brew Bottlers» ЖШС алматылық компаниясымен келісім бар. Жақын арада отандық өндірістің салқындатқыш сусыны бөлшек сауда желісінде, бірінші кезекте Павлодар облысында, сатылымға шығады.

Ректордың айтуынша, бұл жобадан түсетін нақты қайтарым бар.

«Келешекте басқа түрін шығаруды көздеп отырмыз: ол «Диабеттік Алтын батыр» деп аталатын болады және қант диабетімен ауыратын адамдарға арналады. Жалпы, бұл жобаның ғылым үшін маңызы зор деп ойлаймын», — деп сөзін түйіндеді А. Нұхұлы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу