Үкіметте кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Жобалық офистің  отырысын өткізді. 

«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелендіру бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындысы, мемлекеттік сатып алудағы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту мәселесі, сондай-ақ аса зардап шеккен салалардағы бизнес субъектілеріне жүргізілген сауалнама нәтижесі мен олардың даму перспективасы қаралды.   

Отырысқа Үкімет мүшелері, өңірлер әкімдері, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ,  «Атамекен» ҰКП, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Даму» КДҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшылығы, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері және т. б. қатысты.

2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы бойынша 504 млрд теңге сомасына 2201 жоба мақұлданды, 292 млрд теңге сомасына 1628 жоба субсидияланды. Субсидияланған жобалар бойынша көш басында Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, сондай-ақ Жамбыл және Қостанай облыстары, ал Павлодар, Қызылорда, Атырау облыстарында төмен динамика байқалды. 

Қазақстанда а.ж. қаңтар-шілде айларында 4,9 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алу өткізілді, оның ішінде 42%-ы «қарапайым заттар экономикасы» саласының отандық тауар өндірушілері арасында өткізілді. Бұл ретте жергілікті қамтудың ауқымды үлесі Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Түркістан, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында қамтамасыз етілді, ал Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында ең төменгі көрсеткіштер тіркелді. 

Үкімет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы бойынша қаражаттың игерілу тиімділігін арттыру мақсатында жобаларды сүйемелдеу бойынша өңірлік жобалық офистердің жұмысын және кәсіпкерлерге қажетті қолдауды көрсетуді, сондай-ақ туындайтын кедергілерд жоюды күшейтуді тапсырды.   

Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттікке Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен бірлесіп, биылғы тамыз айының соңына дейін екінші деңгейлі банктердің кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі реттеуші талаптарын жеңілдету мәселесін пысықтау, сондай-ақ несие беру мәселелері бойынша бизнес субъектілерімен өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.

Реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту мақсатында Премьер-Министр өңірлердің әкімдіктеріне, «Самұрық-Қазына» Қорына нақты жүргізілген сатып алулар бойынша толық есеп беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті қамту жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын жандандыруды тапсырды.

«Самұрық-Қазына» қорына отандық тауар өндірушілермен, оның ішінде әзірленіп жатқан атаулы қолдау тетігі аясында оффтейк-келісімшарттар жасасу жөніндегі жұмысты жалғастыру туралы тапсырма берілді.

Үкімет басшысы «Атамекен» ҰКП-ның ең көп зардап шеккен экономика секторларындағы бизнес субъектілеріне жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша екі апта ішінде аталған санаттағы кәсіпкерлерді одан әрі қолдау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу