Қазақстан мен Қытайдың Цзянсу провинциясы арасындағы экономикалық және инвестициялық әріптестікті нығайту

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанға алғашқы сапармен келген Цзянсу өлкесі Партия комитетінің хатшысы Синь Чансинмен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар екі мемлекет басшыларының Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы уағдаластықтарын жүзеге асыруға бағытталған өңіраралық және инвестициялық ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Нұрлыбек Нәлібаев Қытайдың Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Қытайда экономикалық даму көрсеткіштері бойынша екінші орында тұрған, жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) $2 трлн-нан асатын Цзянсу өлкесінің экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін жоғары бағалады.

«Цзянсумен сауда-экономикалық қатынастарды дамыту Қазақстан үшін ерекше маңызды. Бұл өлкені өнеркәсіптік кооперация, өндірістерді қондыру, инновациялар, көлік логистикасы және цифрлық экономика салаларындағы әлеуеті зор серіктес ретінде қарастырамыз», — деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары.

Өз кезегінде, Синь Чансин Қытайдың Цзянсу өлкесінің іскерлік топтары мен өңірлері арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруға дайын екенін білдірді. Қазақстанның логистикалық әлеуеті «Қытай – Еуропа» бағыты бойынша үздіксіз халықаралық жүк тасымалдарын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Сонымен қатар қытайлық тарап 2026 жылғы 11 маусымда Астанада ашылған «Орталық Азия – Цзянсу» орталығы технологиялар алмасу және инвестициялар үшін платформа ретінде қызмет етіп, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нығаюына оң серпін беретініне сенім білдірді.

#Инвестициялар #Сауда-экономикалық ынтымақтастық #Халықаралық ынтымақтастық #Экономика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу