06 Наурыз 2019, 12:30
ҚР Үкіметінің алаңында Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде жариялаған «ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМҚОРЛЫҚ» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру мәселелері жөнінде баспасөз конференциясы өтті. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы министрлері БАҚ өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап берді.
Баспасөз конференциясын ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Үкіметтің әлеуметтік блогының алдында адам капиталын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу міндеті тұрғанын, оның ішінде аз қамтылған отбасыларды анықтап, оларға уақытылы мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.

Жаңа әлеуметтік бастамаларды ірі блоктарға бөлуге болады: аз қамтылған азаматтардың табысын арттыру және қолдау, табысы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру мәселелері, сонымен қатар өңірлерді дамыту. Алдағы үш жылда бұл мақсаттарға бюджеттен қосымша 2,3 трлн теңге бөлінетін болады.
Вице-премьердің айтуынша, бұл бағытта түсіндіру жұмыстарына көп көңіл бөлінетін болады.
«Құрамында министрліктер мен ведомстволардың бірінші басшылары болатын топ еліміздің барлық өңірлерін аралап шығуға ниетті», — деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Азаматтарды қабылдау, халық санаттары бойынша жеке кездесулер тәрізді формада өтеді. Мысалы, Күләш Ноғатайқызы (Шәмшидинова – білім және ғылым министрі) ауылда білім өкілдерімен, мұғалімдермен кездеседі. Елжан Амантайұлы (Біртанов – денсаулық сақтау министрі) медицина өкілдерімен жүздеседі.
«Біздің бәріміз түрлі санаттағы адамдармен (еск. – халық) кездесеміз», — деді Г. Әбдіқалықова.

Сонымен қатар ол бұл сапарлар барысында Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы бағаланатынын айтты.

«Қазақстанда 4 млн астам отбасының түрлі табыс деңгейі бар. Әрине, олардың бәрі қолдауға ие болғысы келеді, бірақ бұл тұста көмекті ең қажет ететіндерге жәрдем берілетінін айта кеткен жөн. Ал басқа отбасылар жеке-жеке қарастырылатын болады, бірінші кезекте ол – жұмыспен қамту, бизнесті бастау және жалғастыру үшін несиелер ұсыну, үйде жұмыс істеуге жағдайлар жасау», — деп түсіндірді Г. Әбдіқалықова.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету бойынша негізгі міндеттер туралы айтып берді, оның ішінде бюджет саласындағы төмен жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру, аз қамтылған отбасыларды қолдау, сондай-ақ көпбалалы отбасылардың жұмыспен қамтылуына ықпал ету шараларын арттыру бар.

Сұрақтарға жауап беру сессиясы көпбалалы отбасыларға қолдау және мемлекеттік көмек шараларын түсіндірумен басталды. Атап айтқанда, «Время» газетінің тілшісі Б. Сапарбаевтан атаулы әлеуметтік көмекті белгілеу және оны белгілеу шарттары туралы айтып беруін сұрады.

Алдымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Президент тапсырмасына орай, бірінші кезекте Қазақстандағы ең тұрмысы нашар отбасыларға көмек пен қолдау көрсету керектігін еске салды. Осы мақсатта мұқтаж отбасылардың табысы мен проблемаларын анықтау үшін әр отбасының жеке әлеуметтік картасын әзірлеу жоспарланған.
Отбасының әр мүшесіне шаққанда табыс мөлшері ең төменгі күнкөріс шамасының 70%-ынан аспауы тиіс. Бір адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін АӘК белгілеу критерийі артады, яғни биыл 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін ұлғаяды.

«АӘК белгілеу кезінде отбасының жиынтық табысынан “Күміс алқа” және “Алтын алқа” алқаларымен марапатталған көпбалалы отбасы мен көпбалалы ана жәрдемақылары, сондай-ақ балалардың мүгедектігіне байланысты жәрдемақылар алынып тасталады. Ай сайын аз қамтылған отбасындағы әр балаға ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70% көлемінде кепілдендірілген көмек төленетін болады (20 789 теңге). Отбасының ересек мүшелері үшін АӘК көлемі бұрынғыдай есептеле береді», — деп нақтылады Б. Сапарбаев.
Министр сонымен қатар бұл көмек көлемін орта есеппен 40%-ға арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Нәтижесінде, аталған шаралар 830 мыңнан астам адамды қамтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау сонымен қатар 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі балаларды күтіп-бағып отырған жандарға да қатысты.
«Бұрын бұл сома 31 183 теңге еді, қазір ол 10 мың теңгеге дерлік көтеріліп, 41 578 теңгені құрайды, бұл шарамен кемі 100 мың қазақстандық қамтылатын болады», — деді ол.
Бұдан өзге, сұралған құжаттарды оңтайландыру арқылы АӘК белгілеу рәсімі жеңілдетілетін болады. Мәселен, барлық қажетті құжаттар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы сұралады. Азаматтардан сұралатыны тек жеке куәлік.
«Азаттық» радиосының тілшісі Б. Сапарбаевтан отбасыға «көпбалалы» статусын беру мәселесі жайлы сұрады.

«Мысалы, үш баласы бар аз қамтылған отбасылар әлеуметтік төлемдер ала ала ма, жалпы, егер отбасы аз қамтылған болса, бірақ көпбалалы болмаса, АӘК алуға құқылы ма?», — деп сұрады журналист.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі сұрақтарға жауап бере отырып, егер отбасында 4 және одан көп бала тәрбиеленіп жатса, көпбалалы отбасы деп аталатынын, ал барлық әлеуметтік төлемдер отбасының табысына байланысты болатынын атап айтты.
Б. Сапарбаевтан «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының шарттарын түсіндіруін Хабар 24 және Астана телеарналарының тілшілері сұрады.

Б. Сапарбаев хабарлағандай, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп бұл мәселе пысықталып жатыр, тиісті өзгерістерді енгізу жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер көпбалалы отбасыларға жаңа бизнес-идеялары үшін 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз негізде мемлекеттік гранттарды ұсынуды қарастырады.
«2019 жылы шағын несиелендіру аясында 5 мың шағын несиені ауылдағы көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағыттау ұсынылады. Соның нәтижесінде 15 мың көпбалалы отбасы өз ісімен айналысып, табысын арттыра алады. Біздің басты міндетіміз, денсаулығына байланысты жұмыс істей алатын қазақстандықтардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру, оларға жұмыс орындары ұсынылады, оларды жұмысқа орналастырып, табыс табулары үшін барлық жағдайды жасау керек. Біреу тігін тіксе, енді біреулер ас әзірлейді, ол үшін біз “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз, сөйтіп олардың өз үйлерінде өзі үшін бизнес ашып, әрі, балаларын тәрбиелеп, әрі табыс табуларына мүмкіндік береміз», — деді Б. Сапарбаев.
ҚР Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова өз кезегінде төмен жалақы алатын білім саласы қызметкерлерінің 30%-ның жалақысының дифференциалды ұлғайтылатыны туралы айтып берді.
«Бұл негізінен білім беру мекемелерінің техникалық персоналы және педагог қызметкерлердің кейбір санаттары: балабақшалар тәрбиешілері, тәрбиешілердің көмекшілері, психологтар», — деді білім және ғылым министрі.
31 арна тілшісі білім және ғылым министріне Қазақстан мектептерінде білімді бағалау жүйесінің қалай өзгеретініне (баға қоюды қайтару) және Бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізуге қатысты сұрақ қойды.

Сұраққа жауап бере отырып, К. Шәмшидинова білім ғана бағаланбауы тиіс екенін айтты. Бүгінде педагогтар оқушының қаншалықты білетінін, түсінетінін, қолдана алатынын, талдау жасай алатынын, қорытындылай алатынын, өз қорытындысын шығара алатынын түсінуі керек. Басты міндет (еск. – қазақстандық білім беру жүйесінің алдында тұрған міндет) — оқушының өз бағасын жақсартуға мүмкіндігі болуы керек.
Ол сонымен қатар ведомство ҰБТ сұрақтарының мазмұнын жетілдіру жұмыстарын жүргізетінін айтты. Әзірге ҰБТ-ға қатысты түбегейлі өзгерістер көзделмеген.

«Бүгін біз бірденені өзгертеміз деп айта алмаймыз. Біздің балаларымыз мектеп бітіреді, ертең олар ҰБТ тапсыруға келеді, оларды стрестік жағдайларға итермелеудің қажеті жоқ. Форма бар, бірақ біз олардың біздің мектепте 11 жыл бойы балаларға қандай білім бергенімізді бағалауы үшін сұрақтардың мазмұнын жетілдіру жұмыстарын жүргізетін боламыз», — деп түсіндірді К. Шәмшидинова.
Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық мейірбикелер мен кіші медперсоналдың жалақысы 30%-ға артатыны туралы хабарлады. Сонымен қатар аса сұранысқа ие мамандар бойынша дәрігерлердің жалақысы артатын болады. Осылайша, 225 мыңнан астам медициналық қызметкердің еңбекақысы ұлғайтылады.
Баспасөз конференциясының модераторы мүмкіндікті пайдалана отырып, Рrimeminister.kz сайтының редакциясына келіп түскен, ауылдық елді мекендерде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты сұрақты қойды.

Оған жауап берген Е. Біртанов 2021 жылға дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарланып отырғанын хабарлады, олардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде салынатын болады.
«Біздің міндетіміз – адамдар күн сайын алатын базалық медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл ең алдымен емханалардың қызметтері, учаскелік дәрігерлердің, педиатрлардың, яғни алғашқы көмек қызметтері. Осы мақсатта біз жергілікті атқарушы органдармен жұмыстар жүргіздік, тозған, апатты жағдайдағы медпункттері бар және ондай пункттері жоқ 328 елді мекенде медициналық ұйымдар, АМСК орталықтары, дәрігерлік амбулаториялар құрылатын болады, яғни, 3 жыл бойы ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін 100% қамтамасыз ету міндеті тұр», — деді Е. Біртанов.
31 арна тілшісі Денсаулық сақтау саласының басшысынан тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында емханалардың ашылуына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сұрады. Журналистің пікірінше, бүгінгі таңда елімізде көптеген клиникалар бар әрі олардың көбісі жекеменшік мекемелер, бірақ олар негізінен барлығына қолжетімді емес (еск. – баға саясаты бойынша).
Қойылған сұраққа жауап бере отырып, Е. Біртанов жекеменшік клиникаларда көрсетілетін қызметтерді қолжетімді ету үшін, бірінші кезекте жекеменшік клиникалардың кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі және болашақта медициналық сақтандыру қызметтерін ұсынуға қатысуы қажет екенін атап өтті.
«Адам жекеменшік клиникаларда ем алғанда, өзі төлемей, ол үшін мемлекет төлеуі керек. Ол үшін біз жекеменшік клиникаларды КТМКК көрсетуге тартамыз. Бүгінгі таңда ұсынылған КТМКК қызметтерінің 47% жекеменшік клиникаларға тиесілі, яғни, осындай қызметті көрсететін әрбір екінші клиника жекеменшік формасына жатады», — деді Е. Біртанов.
Министр сонымен қатар бүгінгі таңда тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында жекедара немесе топтық практикаларды құру мақсатында емханаларды шағындау мәселесі тұрғанын айтты.

«Сондықтан біздің міндетіміз – 3 жыл ішінде жүктемені 2 есеге қысқарту. Адамдар қадамдық жерден медициналық қызметтер алу мүмкіндігі болуы үшін шағын формаларды қолдау», — деді денсаулық сақтау министрі.
Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров саланы жаңа жұмыс орындарын ашатын әлеуметтік маңызды сала ретінде дамыту туралы айта отырып, Елбасы тапсырмасы бойынша АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жандандырылғанын айтты. Бағдарламаның басты құралы — зәкірлік кооперация және қосылған құн тізбегін құру. Енді мемлекет әрбір ниет етушіге отбасылық ферма құрып, ет немесе сүт конвейерінің қатысушысы болып, тұрақты табыс табу мүмкіндігін ұсынады.

Сонымен қатар, өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары АӨК-те бизнес-жобаларды іске асыру үшін жылына 6%-дан аспайтын, 7 жылға дейінгі мерзімге шағын несие ала алады.
Баспасөз конференциясының Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау туралы тақырыбын жалғастыра отырып, баспасөз конференциясының модераторы Рrimeminister.kz сайтының аудиториясын қызықтыратын сұрақты қойды, ол жаңғырту және инфрақұрылымдық құрылыс жүргізу үшін келешегі бар ауылдарды іріктеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты болды.
Вице-премьер Г. Әбдіқалықованың айтуынша, бүгінгі таңда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасының аясында 1500 елді мекенді анықтау жоспарланған, олардың дамуына жыл сайын 30 млрд теңгеден бөлініп отырады.
Ауыл шаруашылығы министрі ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша бүгінгі таңда келешегі бар ауылдарды іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Іріктеу көптеген критерийлерді қамтиды, оның ішінде жұмыс орындарымен қамтушылық, салалық тиесілілігі т.б. бар.
Баспасөз конференциясының соңында Алматы және КТК телеарналарының тілшілері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдерінен көпбалалы отбасыларға арендалық тұрғын үй беру мәселесін түсіндіруді сұрады. Журналистер бағдарлама шарттары мен оны іске қосу мерзімі туралы сұрақтар қойды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов тұрғын үй алуға кезекте 28 мың көпбалалы отбасы тұрғанын атап өтті. Осындай отбасылар үшін 7 жыл ішінде жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтер салынады. 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады.
Баспана беру әрбір көп балалы отбасыны жекелеген кезекке анықтауға орай үйлестірілетін болады.
М. Жайымбетов аз қамтылған көп балалы отбасыларға жалдамалы баспана беру бағдарламасы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жылдың екінші жартысында іске қосылатынын айтты.

«Егер пәтер 8 млн теңге тұрса, 800 мыңын тұрғын үй сертификаты арқылы өтеуге болады. 19 жылға екі пайыз: сегіз жыл ішінде займ алды сомасы өтеледі, бұл – айына 42 мың тг, содан кейін келесі тоғыз жылда екі пайызбен тұрғын үй займы төленеді, бұл – шамамен 27 мың тг. Бұл қатты ауырлық түсіретін сома емес деп ойлаймын», — деді М. Жайымбетов.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Hұp Отан» партиясының XVIII кезекті съезіндегі сөзінде еліміздің басты басымдығы — азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту екенін атап өтті. 2019 жылы әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің барлық шығындарының 45% астамы бағытталды. Ұлттық қордан да азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға қаражат бөлінеді. Президент тапсырмаларына сәйкес, Қазақстан Үкіметі қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім және денсаулық сақтау салаларын жаңғырту, сондай-ақ өңірлер мен ауылда тұрмыс сапасын жақсарту шараларын күшейту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу