Қазақстан 2017 жылы Doing Business рейтингісіндегі орындарын қайта нықтады

Биыл Қазақстан «Doing Business» дүниежүзілік банкінің рейтингісіндегі орнын кезекті рет жақсартты. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы «Мемлекет басшысы Жолдауының «Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту» екінші басымдығын іске асыру» тақырыбындағы брифинг барысында ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов хабарлады.

Тимур Сүлейменов ҚР Президенті өз Жолдауында басымдықты міндеттердің бірі ретінде бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейтудің қажеттігін айқындағанын еске салды. Бұл үшін Үкімет жүйелі негізде кәсіпкерлік бастамаларды іске асыруға қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Соның нәтижесінде, бүгінде Қазақстан «Doing Business» дүниежүзілік банкінің рейтингісінде 35-орынды иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштерін 16 пунктке жақсартып, жүргізіп отырған жұмысына жақсы халықаралық баға алды.

Аталған жұмыс, сондай-ақ, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингісінде де бағаланды. Қазақстан «Әкімшілік реттеудің ауыртпалығы» индикаторы бойынша өз көрсеткіштерін 8 орынға жақсартып, 38-орынға тұрақтады.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың жалғасы ретінде, бизнес рәсімдерін, мерзімдері мен шығындарының санын қысқартуға бағытталған заңнамалық актілерге түзетулер пакеті әзірленді. Сондай-ақ, бизнес ортаны елдік және еларалық деңгейде зерттеуге бағытталған, әлемдік аналогтардың тәжірибесі ескерілген тиісті әдістеме әзірленді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу