19 Қаңтар 2018, 08:56
Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Қасабек электрондық үкімет порталының киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне түсініктеме берді.
Ботагөз Қасабек атап өткендей, egov.kz порталы тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Жыл сайын ел азаматтарының жартысынан көбі eGov қызметтерін пайдаланады.
Электрондық мемлекеттік қызметтер көрсетілуі кезінде ақпарат қауіпсіздігі және кепілдікті қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс. Атап айтқанда, ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға рұқсатсыз кіруді болдырмау керек.
Мемлекеттік қызметтерді ұсынатын ақпараттық жүйелердің операторлары деректерді сақтауға және пайдалануға қатысты заңнама талаптарын сақтауға міндетті. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ электронды үкіметтің ресурстарын сүйемелдейді және петтабайттарда саналатын үлкен деректер жиынтығы бар ақпараттық ресурстарға үздіксіз және жылдам жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Біз портал жұмысын үзбей, жоспарлы жұмыс жүргізуге тырысамыз. Әдетте біз пайдаланушыларға барынша ыңғайлы болып әрі еш қолайсыздық тудырмау үшін, оларды түнгі уақытта жүргіземіз», — деді Ботагөз Қасабек.
Оның айтуынша, кибершабуылдардан және қауіп-қатерлерден қорғау үшін «ҰАТ» АҚ-ның ақпараттық қауіпсіздік қызметі үнемі мониторинг жүргізіп, барлық киберқауіптерге талдау жасайды. Бұл қызмет күн сайын электронды үкіметтің осал тұстарына бағытталған жүздеген, тіпті мыңдаған шабуылдарды анықтайды.
Ботагөз Қасабек 2017 жылдың басынан бері электрондық үкіметке бір миллионға жуық қауіп-қатердің байқалғанын атап өтті. «Бұл жұмыс тұрақты негізде жүзеге асырылады. Бізге үнемі шабуыл жасалады, бірақ біз үнемі қауіп-қатерлердің алдын алып, оларға жол бермейміз», — деді «ҰАТ»АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Жалпы алғанда, «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы орынбасарының мәлімдеуінше, электронды үкімет құрамына кіретін барлық сервистік бағдарламалық өнімдер мемлекеттік техникалық қызметтің аттестациялауынан өтеді.
«Біз мониторинг жүргізіп, барлық жағдайды қадағалап отыратын Security operations center ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда «ҰАТ» АҚ қарамағында Қазақстан бойынша 16 деректер орталығы қызмет көрсетеді, онда тәулік бойы кибершабуылдарды талдау және зерттеумен айналысатын сарапшылар жұмыс істейді», — деп қорытындылады Ботагөз Қасабек.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу