Агроөнеркәсіп кешенінде 2,6 трлн теңгеге 700 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы барысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. АӨК-ті дамыту жөніндегі жұмыс жоспарлары туралы ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев баяндады.

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеетің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар жүйелі және жедел шара қабылдайтын болады. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі кешенді түрде шешілетін болады. Осы жылдың соңына дейін 536 млрд теңге сомасына агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 291 инвестициялық жоба іске асырылады.

Жалпы 2023-2026 жылдары 2,6 трлн теңге сомаға 700 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте сүт, құс еті, көкөністер импортын алмастыру жөніндегі ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тираждау есебінен іске асыру жоспарлануда. Ол облыс әкімдіктеріне 10 жыл мерзімге агроөнеркәсіп кешені субъектілерін сенім білдірілген агент арқылы одан әрі кредит беру үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу арқылы айқындалатын жеңілдетілген қайтарымды бюджеттік кредит (0,01% мөлшерлеме) бөлуді көздейді.

«Өз кезегінде агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін кредиттер негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдікті кезеңмен жылдық 2,5 пайызбен 10 жылға дейін берілетін болады. Биыл осы мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді, соның есебінен шамамен 65 тауарлық сүт фермаларының құрылысы қаржыландырылатын болады, бұл сүт өндіру көлемін кемінде 373 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», — деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуцынша, бұл бір жағынан ауылда жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді, ал екінші жағынан импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді.

Сақтау инфрақұрылымын құру және көкөніс сақтау орындарының тапшылығын азайту мақсатында Көкөніс сақтау орындарын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру жалғасып келеді. 2025 жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 135 мың тонна көкөніс сақтау орны, оның ішінде 2023 жылы 105 мың тоннаға 26 көкөніс сақтау орны қосымша іске қосылады. Бұл республиканың көкөніс сақтау орындарына деген қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

Е. Қарашөкеевтің мәліметінше, осы жылдың басынан бастап Тұрақтандыру қорларының жұмысы қайта форматталды, осылайша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тежеудің үш кезеңдік жүйесі енгізілді.

Тұрақтандыру қорлары бойынша жаңа тәсілдер фермерлерге күзгі және ерте пісетін көкөністерді белгіленген бағамен жеткізуге алдын ала аванс беруге және маусымаралық кезеңде көкөністер бағасының өсуіне реттеуші ретінде әсер етуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта өңірлер 2022 жылғы егіннің келісім-шарт жасалған көкөністерін белгіленген бағамен сатуда. Сонымен қатар тауар өндірушілермен осы жылғы егіннен көкөністерді жеткізуге форвардтық шарттар жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ шикізатты сатып алуға қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын беру көзделеді», — деді ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы. 

Оның айтуынша, арзандатылған астықты сату бойынша мемлекеттік қолдау тетігі жеке пысықталды, бұл тек ұн өнімдері бойынша ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларына астық пен жем-шөп беру арқылы мал шаруашылығы өнімдері бағасының өсуін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде жаңа тәсілдерді қаржыландыру үшін облыстардың жергілікті бюджеттерінде шамамен 125 млрд теңге, оның ішінде жеңілдікпен несие беруге 99 млрд теңге және тауар өндірушілерден тікелей сатып алуды жүзеге асыруға 26 млрд теңге көзделген.

Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің жеңілдікпен қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс несие алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына кредит беруді ұлғайту, агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі салаларындағы жобаларды «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының ұйымдары тарапынан қоса қаржыландыру тетіктерін кеңейту жөнінде жұмыс жүргізілуде.

Бұдан басқа осы Жарлыққа сәйкес осы жылдың соңына дейін астық қолхаттарын несие беру мақсаттары үшін квазимемлекеттік сектор субъектілері кепілдік берген тұрақты кепілдер санатына енгізу жоспарланып отыр. Ол үшін Ауыл шаруашлығы министрлігі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен бірлесіп, астық қолхаттарын кепіл ретінде енгізу үшін өлшемшарттар мәселесін пысықтауда.

Саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында 40 млрд теңге көлемінде «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының бюджеттік инвестицияларын тарту бойынша жұмыс жүргізуде.

«Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде азық дайындайтын техниканы және суарудың мобильді жүйелерін сатып алуды қаржыландыру үшін кейіннен лизингке бере отырып, биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінетін болады. Жалпы үш жыл ішінде осы мақсаттарға 79,4 млрд теңге бюджеттік инвестицияны бағыттау жоспарлануда», — деді Ербол Қарашөкеев.

Осы шаралардың барлығы агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің қаржыландыру жағдайларын жақсартуға және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды, оның шеңберінде сенім білдірілген өкіл арқылы 5 жылға дейінгі, мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейінгі мерзіммен жылдық 2,5%-бен микронесиелер берілетін болады. Микронесиенің ең жоғары сомасы 8,6 млн теңгені құрайды, бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін – 27,6 млн теңге.

Жобаны іске асыруға биыл 17 мың микронесие беру жоспарымен 100 млрд теңге көзделген, бұл 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Отбасылық шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету мақсатында өз мүшелеріне өзіндік құны бойынша қызмет көрсететін және оларға азықты нарықтық бағадан төмен бағамен сататын сервистік ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарлануда. Жалпы 7 жыл ішінде жобаға 1 трлн теңгеге дейін бөлу жоспарлануда, ол 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамып, 350 мыңға жуық жұмыс орнын құрады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады. Биыл қосымша 5 млн га ауыл шаруашылығы жерін қайтару жоспарланып отыр. Бұл ретте аталған жерлер бірінші кезекте ауыл халқының мал жаю мұқтаждығын қанағаттандыруға бөлінбек», — деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар, оның мәлімдеуінше, «Аманат» партиясының жанынан «Ауыл Аманаты» арнайы жобалық кеңсесі құрылғанын атап өткім келді, ол Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасының сапалы іске асырылуын бақылап, қадағалайтын болады.

#Ауыл шаруашылығы #Инвестициялар

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу