Астанада жыл сайынғы шетел инвесторларын марапаттау рәсімі өтті

Бүгін инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен «Kazakh Invest» ҰК-мен бірге Hilton Astana отелінде Қазақстан Республикасындағы инвестициялық белсенділігі үшін төртінші жыл сайынғы инвесторларды марапаттау рәсімі өтті.

Шетел инвесторларын марапаттаудың салтанатты рәсімін ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыров ашты. Сондай-ақ, іс-шараға инвесторлар, шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің, іскерлік қауымдастықтар мен ұйымдардың басшылары қатысты.  

Вице-министр Ерлан Қайыров айтып өткендей, Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап шетел инвесторларына оңтайлы жағдай жасау арқылы экономикалық өсімге баса назар аударып келеді.

«Соңғы 12 жылда мемлекетіміздің инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізген жұмысының арқасында Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағымы $250 миллиардтан асты», — деді Е. Қайыров.

Айта кетер болсақ, бүгін агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі, логистикалық инфрақұрылым, тау-кен металлургия кешені және фармацевтикалық сала сияқты экономика секторларында бес компания марапатталды.

Үздік шетел инвесторлары атағына келесілер ие болды:  

  • АӨК дамытудағы инвестициялық белсенділігі үшін «Маревен Фуд Тянь-шань» кипрлік компаниясы — тамақ өнімдері мен жартылай дайын өнімдер өндірісі;

  • өңдеу өнеркәсібін дамытудағы инвестициялық белсенділігі үшін Tokyo Rope Almaty жапон компаниясы марапатталды —  болат өнімдері өндірісі;

  • логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы инвестициялық белсенділігі үшін Cosco Shipping қытайлық компаниясы марапатталды — «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағындағы құрғақ порт құрылысы;

  • тау-кен металлургиялық кешенді дамытудағы инвестициялық белсенділігі үшін Giessenhaus ресейлік компаниясы марапатталды — қосындыланған алюминий өндірісі;

  • фармацевтикалық саланы дамытудағы инвестициялық белсенділігі үшін «Химфарм» Polpharma поляк компаниясы марапатталды — қатты түрдегі таблеткалар өндірісі.

Анықтама: Kazakh Invest Қазақстанға инвестиция тарту жөніндегі ұлттық агенттік. Ол «бір терезе» қағидасы бойынша идеялардан бастап жүзеге асырылғанға дейін инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетулердің толық спектрін қамтамасыз етеді. Арнайы экономикалық аймақтар бойынша бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде әрекет етеді және инвестициялық жобалардың перспективалары мен іске асыру шарттарын талқылау кезінде ҚР Үкіметінің мүддесін қорғайтын бірыңғай келіссөз жүргізушінің рөлін атқарады. Шетелде өз өкілдіктерінің желісі бар. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу