Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 39%-ға артты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және 2021 жылғы қаңтар-шілдедегі республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысы қаралды. Өнеркәсіп пен энергетика секторының дамуы туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев пен энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы туралы ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев баяндады.

Қ. Өскенбаев хабарлағандай, биыл 7 айдың қорытындысында еліміздің өңдеуші өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды, жиынтық көрсеткіш 105,9% құрады. 

Машина жасау саласында автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, машиналар мен жабдықтар өндірісі, өзге де көлік құралдары, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар, электр жабдықтарын жасау, жөндеу және орнату есебінен 22,7% өсім болды. 

Түсті металлургияда нақты көлем индексі 98,2% құрады. Маусымдық төмендеу бірінші кезекте «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның Қосмұрын кенішінде өндірістің технологиялық желісін жоспарлы қайта құруға және «Қазмырыш» ЖШС-да жоспарлы күрделі жөндеу жүргізуге байланысты болды. 

Сонымен қатар құйма алтын (+12%), катодты мыс (+30%), күміс гранулалары өндірісі (+1%) өскені байқалады. Қара металлургияда оң динамика сақталды.

Болат (+25%), шойын (+17%), арматуралық прокат (+11%), көміртекті болат (+21%) және ферросиликомарганец (+29%) өндіру көлемі артты.  

«Фармацевтика өнеркәсібінде халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұранысының артуы есебінен өндіріс көлемі 38,9%-ға артты. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 5,4%-ға өсті. Оған киім (+18,7%) және былғары өнімдер өндірісінің (+7,9%) ұлғаюы оң әсер етті. Дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға сұраныстың артуы химия өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттырды», — деді Қ. Өскенбаев.

Құрылыс материалдары өндірісі 113,2% болды, оған жылу оқшаулағыш материалдар (1,6 есеге), портланд-цемент (+24,7%), гипс (+43,4%), кірпіштер (2,3 есеге) және құрылыс ерітінділері (+26,3%) өндірісінің артуы есебінен қол жеткізілді.

Көлік саласы коронавирус инфекциясы індетінен кейін әлі қалпына келген жоқ. Есептік кезеңде нақты көлем индексі 96,9% құрады.

Транзиттік контейнерлік тасымалда оң динамика сақталды. Көрсеткіш 625,6 мың ЖФЭ құрады, өсім 37% болды.

Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 2 млрд тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96,8% құрады. 

Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2021 жылдың 7 айының қорытындысында 111,1% болды. Барлық өңірде оң динамика байқалады.

«Тұрғын үй құрылысы бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,3%. Бүгінде республика бойынша барлығы 66 014 баспана пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі барлық өңірде артты. Жалпы биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған», — деді Қ. Өскенбаев.

2021 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша отын-энергетикалық кешеннің ағымдағы жағдайы туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндады.  

Ведомство басшысының айтуынша, көрсетілген кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 49,8 млн тоннаны құрап, жоспар 99% орындалды.

Теңіз жобасында аталған кезеңде 15,9 млн тонна мұнай өндірілді, жоспар 100% орындалды. Қарашығанақ жобасының көрсеткіші 6,9 млн тоннаны құрады, ағымдағы жылғы жеті айдың жоспарымен салыстырғанда 95,1% құрады. Орынбор газ өңдеу зауытындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне орай, Қарашығанақ кен орнынан жеткізілетін газды қабылдауды шектеу себебінен, есепті айдың жоспарының көрсеткішінен төмен болуына алып келді.

«Солтүстік Каспий жобасы – Қашағанда мұнай өндіру көлемі 8,7 млн тонна болды, яғни қаңтар-шілде айларының жоспары 100% орындалды. Есепті кезеңде 39,3 млн тонна мұнай экспортталды, ағымдағы жылғы қаңтар-шілде айларының жоспары 100%-ға орындалды. Көрсетілген кезеңде 31,7 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді, бұл ағымдағы жылғы жеті айдың жоспарымен салыстырғанда 98,2% құрады. Аталған көрсеткіштің есепті айдың жоспарынан төмен болуының басты себебі мұнай өндіруде алынатын газ ілеспе газ болып табылады, яғни мұнай өндіру көлемінің төмендеуі, тиісінше, газ өндіру көлеміне әсер етті», — деп түсіндірді Н. Ноғаев. 

Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 10,7 млрд текше метрге жетті, осы көрсеткіш биылғы жылғы қаңтар-шілде айларының жоспарына 112,4% орындалды. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,8 млн тоннаны құрап, бұл есепті кезеңнің жоспарымен салыстырғанда 106,6%-ға орындалды. Есепті кезеңде ел аумағынан  газ транзиті 44,8 млрд текше метрді құрап, жеті айдың жоспарымен салыстырғанда 114,1%-ға жетті.

Биылғы жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша 7,2 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112% құрайды, соның ішінде:

Автобензин бойынша көрсеткіш 2,7 млн тонна, яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 107,3% құрады.

Өндірілген дизель отынының көлемі 2,8 млн тонна, бұл 2020 жылдың жеті айының көрсеткішімен салыстырғанда 109% көрсетті.

Әуе отыны бойынша көрсеткіш 323 мың тоннаны, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 127,7% құрады.

Мазут өндірісіне тоқталсақ, оның көрсеткіші 1,4 млн тоннаны құрады, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңіне 125% құрап отыр.

Сонымен қатар, есепті кезеңде битум өндірісі 556 мың тоннаға жетті, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 102,5% құрап отыр.

Тұтастай алғанда, мұнайгаз-химия өнімдерінің көлемі 84,5 мың тоннаны құрады, бұл есепті айдың жоспарына 100% құрайды.

Есепті кезеңде 66,2 млрд кВт сағат электр энергиясы өндірілді, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 107,7% құрап отыр.

Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздері нысандары өндірген электр энергиясының көлемі 2,03 млрд Квт сағ құрап отыр, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 142% құрап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрінің м. а. Ербол Қарашөкеев хабарлағандай, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,4%-ға ұлғайып, 1 997,3 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,4%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте өсімдік шаруашылығы өнімдері 296,6 млрд теңгеге өндірілді, бұл нақты мәнде өткен жылдың тиісті кезеңі деңгейінен 3,1%-ға аз. 

Белгілі болғандай, ағымдағы жылы бірқатар өңірлерде жауын-шашынның болмауы жоғары атмосфералық температурамен қатар жүрді, сондай-ақ оңтүстік облыстарда су аздығы процесі сақталуда. Бұл мән-жайлар күздік дәнді дақылдардың өнімділігіне теріс әсер етті.

Мәселен, облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша ағымдағы жылдың 1 тамызына дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 12,3 ц/га құрады, бұл өткен жылдың осындай күні қалыптасқан түсімділіктен 35%-ға аз.

Облыстар бөлінісінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикалық деңгейден жоғары өсу қарқыны 6 облыста: Ақмола, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды, Қостанай облыстарында байқалды.  

Мал шаруашылығында барлық түрдегі мал мен құс санының өсуі байқалады. Мәселен, ірі қара мал басы 4,8%-ға артып, 9 млн басты құраса, қой мен ешкі 2,5%-ға, жылқы 9,4%-ға, құс 7,1%-ға ұлғайды.

Сондай-ақ, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,4%-ға, сүт өндіру көлемі 3,3%-ға өсті.

Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 1 228,4 млрд теңгені құрады.

Бұл ретте қант өндіру көлемінің 3,1 есеге, өңделген күріштің 27,3%-ға, жарманың 18%-ға, сары майдың 17,3%-ға, қышқыл сүт өнімдерінің 4,1%-ға, өсімдік майының және ұнның 2,4%-ға, ірімшік пен сүзбенің 2%-ға, өңделген сүттің 1,4%-ға артқаны байқалды.

Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 45,5%-ға ұлғайып, 386,1 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 5,9%-ға артып, 49,2 млрд теңгені құрады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу