2026 жылы тағы 19 сүт-тауар фермасын іске қосу жоспарлануда – Ауыл шаруашылығы министрлігі

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкімет отырысында ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан жоғары екенін атап өтті. Қазақстан негізгі азық-түлік түрлері бойынша жалпы алғанда ішкі қажеттілікті қамтамасыз етеді. Негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан жоғары.

Сонымен қатар құс еті, балық, қант, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері және алма бойынша қамтамасыз ету деңгейін 80%-ға жеткізу мақсатында отандық өндірісті ұлғайту және импортты алмастыру жөнінде нысаналы жұмыстар жүргізілуде.

«Мәселен сүт саласының шикізат базасын нығайту мақсатында тауарлық-сүт фермаларын салуға жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жалпы жылдық қуаттылығы 500 мың тоннадан асатын 95 сүт-тауар фермасы қаржыландырылды, оның ішінде 71 ферма пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін жылдық қуаттылығы шамамен 100 мың тоннаны құрайтын тағы 19 ферманы іске қосу жоспарланып отыр. Құс шаруашылығы саласында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы бес жылда құс етінің өндірісі 58%-ға артты, импорт көлемі 25%-ға қысқарды, ал ішкі нарықты отандық құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 78%-ға дейін өсті. Өсім қолданыстағы кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын кеңейту және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу есебінен қамтамасыз етілді», — деді Азат Сұлтанов.

Вице-министрдің айтуынша бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Жоспарда Алматы облысындағы «Aitas» АҚ-ның және Жамбыл облысындағы «Алель Агро» АҚ-ның ірі жобаларын жүзеге асыру көзделген. Жаңа жобаларды жүзеге асыру өндіріс көлемін едәуір арттыруға және ішкі нарықты отандық құс етімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тамақ өнеркәсібі тұрақты оң серпін көрсетуде. Өсім негізгі азық-түлік өнімдерінің барлық түрлері бойынша байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 4 трлн теңгеге жетіп, 8,4%-ға артты. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сала жоғары өсу қарқынын сақтап, өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға ұлғайды.

Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі де тұрақты оң динамика көрсетіп, 1,6 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың деңгейінен 46%-ға жоғары. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында АӨК-тің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 926 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ға артты.

«Көкөніс қоймаларын салу жөніндегі кешенді жоспар табысты жүзеге асырылды: жалпы сақтау қуаттылығы 745,6 мың тоннаны құрайтын 95 нысан пайдалануға берілді. Бұл өнім шығынын азайтуға, маусымдық баға ауытқуларын төмендетуге және маусымаралық кезеңде көкөністердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Дәнді, майлы және бұршақ дақылдарын сақтау инфрақұрылымын дамыту мақсатында Аграрлық несие корпорациясы элеваторлар мен астық қоймаларын салуды кредиттеу бағдарламасын іске қосты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді кепілдендірудің тиімді тетіктерінің бірі – форвардтық сатып алу механизмі. Бұл тетік Азық-түлік келісімшарт корпорациясы тарапынан болашақ өнімге алдын ала қаржы бөлуді көздейді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражатты алдын ала алып, өндірілген өнімді өткізуді қамтамасыз етеді. 2026 жылғы өнімді форвардтық сатып алу аясында 173 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге шамамен 32 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Келісімшарт жасалған өнімнің жалпы көлемі шамамен 480 мың тоннаны құрады. Оң серпін субсидиялау, жеңілдетілген кредит беру және салықтық жеңілдіктер түріндегі мемлекеттік кешенді қолдау шараларының арқасында қамтамасыз етілді», — деді вице-министр.

Осы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне арналған жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 272 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған қаражат коммерциялық көздер есебінен тартылды. Сонымен қатар саланы субсидиялауға 588,3 млрд теңге бағытталды. Мемлекеттік қолдау құралдары шикізат өндіруден және сақтаудан бастап, қайта өңдеуге, дайын өнімді өткізуге және экспорттауға дейінгі барлық өндірістік тізбекті қамтиды. Аграрлық несие корпорациясы және басқа да қаржы институттары арқылы жеңілдетілген қаржыландыру тетігі оңайлатылды: қарыз алушылар несиені бірден соңғы жеңілдетілген мөлшерлемемен алады. Бұл әкімшілік рәсімдерді қысқартып, кассалық алшақтықтарды болдырмайды және қаражаттың өндірушілер мен қайта өңдеушілерге уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етеді. Осы шаралардың нәтижесінде 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешенде 841 млрд теңге сомасына 255 инвестициялық жоба іске қосылды. 

Вице-министрдің сөзінше биыл 1,3 трлн теңге сомасына 161 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазақстандық өнімнің экспорт географиясын кеңейту, оның ішінде алыс шетел нарықтарына шығу мақсатында терең өңдеуді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Крахмал, аминқышқылдары, глютен, мал азығына арналған қоспалар және жоғары қосылған құны бар өзге де өнімдерді өндіруге бағытталған алты ірі жобамен қатар, «Алатау Сити» әкімшілігі қытайлық «Full Vision Capital» компаниясымен бірлесіп майлы дақылдардан авиациялық отын өндіру жобасын пысықтауда. Осы жылы Қытайдың Fufeng Group компаниясының Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу жобасын іске қосуы ерекше бақылауда тұр. Өндіріс пен қайта өңдеу көлемінің өсуі экспортты кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік беруде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 37%-ға өсіп, $7 млрд-қа жетті. Оның жартысынан астамын қайта өңделген өнім құрайды. Оң динамика осы жылы да сақталуда, бұл ретте АӨК өнімдерінің сыртқы саудасы алғаш рет шамамен $500 млн көлемінде оң сауда сальдосын қалыптастырды.

Фитосанитариялық қызмет жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі – Қытайға жемдік ұн экспортын кеңейту болды. Қойылатын талаптар мен өнімді өткізу тетігінің келісілуі төртінші және бесінші сыныптағы астықты қайта өңдеуге әрі оған тұрақты экспорттық сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жемдік ұн экспорты 2,4 есеге артып, шамамен 3 млн тоннаға жетті. Астық экспорты да едәуір ұлғайды. 2024-2025 маркетингтік жылы астық пен ұнның астық баламасындағы экспорты рекордтық 15,3 млн тоннаға жетті. Экспортты ынталандыру шараларының арқасында қазақстандық өнім Марокко, Алжир, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және бірқатар Еуропа елдерінің нарықтарына шықты, сондай-ақ Әзербайжанға, Грузияға және Түркияға жеткізілімдер қайта жанданды.

«Май-тоңмай саласы да тұрақты дамуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майының экспорты 41%-ға, ал тазартылған күнбағыс майының экспорты 2,1 есеге өсті. Отандық өнімді одан әрі ілгерілету мақсатында ветеринариялық және санитариялық кедергілерді жою бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдері 42 елдің нарығына шығаруға рұқсат алды. 2026 жылғы мамырда еліміздің барлық аумағы вакцинация жүргізілетін аусыл ауруынан қолайлы аймақ ретінде ресми танылды. Бұл тірі мал мен мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді. Өсімдік шаруашылығы өнімдері бойынша Қытайға 21 түрлі өнімді жеткізуге арналған фитосанитариялық талаптар келісілді. Қытай нарығына экспорттауға құқығы бар кәсіпорындар тізіліміне 3 600 қазақстандық кәсіпорын енгізілді», — деді Азат Сұлтанов.

Аталған шаралар Қазақстанға әлемдік азық-түлік экспорттаушылары арасында жетекші орындарды иеленуге мүмкіндік беруде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ұн мен зығыр экспорты бойынша әлемде 2-орынды, жасымық экспорты бойынша – 4-орынды, күнбағыс майы бойынша – 6-орынды, бидай бойынша – 7-орынды, арпа бойынша – 8-орынды иеленді. Сөзсіз басымдық – халықты қолжетімді бағамен сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету болып қала береді. Сонымен қатар отандық өндірушілердің орнықты дамуына қолайлы жағдай жасау, олардың сыртқы нарықтарға қолжетімділігін кеңейту, қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайту, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік нарықтардағы ұстанымын нығайту және кеңейту маңызды міндеттердің бірі. 

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу