Қазақстанда қызметкерлердің дағдыларын сертификаттауды енгізу жоспарлануда  — А. Сарбасов

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Мемлекет басшысының а.ж. 8 ақпанда Үкіметтің  кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шаралары туралы баяндады.

А. Сарбасовтың айтуынша, соңғы он жылда ЖІӨ өсімінің 62%-ға жетуі қызмет көрсету саласы есебінен қамтамасыз етілді. Бұл салада еңбек өнімділігі тауар өндіруші салаларға қарағанда едәуір төмен.

«2015 жылдан бері құрылған жұмыс орындарының 37%-ы еңбек өнімділігі төмен салаларда құрылды. Өнімділігі жоғары салаларға жаңа жұмыс орындарының тек 8%-ы тиесілі. Нәтижесінде жұмыспен қамтылған халықтың 41%-ы табысы мен өнімділігі төмен салаларда жұмыс істейді. Осыған байланысты, негізгі міндет – тұрақты және өнімді жұмыс орындарын құру қарқынын арттыру. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар инвестициялық жобалардың тізбесі мен құрылатын жұмыс орындарының санын көрсете отырып, өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітуі қажет», — деді ол. 

Ал құрылатын жұмыс орындарының мониторингі салық пен зейнетақы жарналарының түсімі және электрондық еңбек шарттарын ақпараттық жүйеде бақылау арқылы қамтамасыз етіледі. Халықтың табысын арттыру жөніндегі шаралар кешені барлық санаттарды қамтитын болады. Азаматтық қызметшілердің жалақысын өсіру және жәрдемақылар мөлшерін инфляция деңгейіне арттырудан басқа бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданады.

Еңбек ресурстарының дағдыларын дамыту үшін экономиканың қажеттіліктеріне орай кәсіптік біліктілікті тану жүйесі және қызметкерлердің дағдыларын сертификаттау енгізіледі. 

«Әлеуметтік кодексті қабылдау азаматтардың мұқтаждылығына қарай проактивті және қолжетімді түрде әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерлер үшін еңбек қатынастарын рәсімдеудің жаңа формалары мен арнайы салық режимдерін енгізу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жұмыспен қамту инфрақұрылымын цифрландыру арқылы халықты жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша шаралар қабылданады», — деді Ақмәди Сарбасов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу