Қазақстанда Отандық ядролық медицинаны дамытудың жол картасы әзірленеді

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен мемлекеттік, жеке құрылымдар мен саланың жетекші мамандарының қатысуымен ядролық медицинаны дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Вице-Премьер Қазақстандағы ядролық медицина істерінің қазіргі жай-күйін, түйткілді мәселелері мен перспективалық бағыттарын көтерді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният баяндама жасады. Ол диагностиканың заманауи әдісін жүргізуді қажет ететін онкологиясы бар пациенттердің саны артып келе жатқанын атап өтті. Қазір Қазақстанда 4 позитронды-эмиссиялық томограф (ПЭТ-орталық) жұмыс жасайды: Нұр-Сұлтан қаласында – 2, Алматыда – 1 және Семейде – 1.

Премьер-Министрдің орынбасары онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспардың "тиімділігі жоғары ерте диагностика" бағыты аясында алдағы 2 жылда зерттеудің инновациялық әдістері үшін Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында тағы 4 ПЭТ-орталық ашу жоспарланғанын атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов ПЭТ-орталықтар желісін кеңейту арқылы отандық ядролық медицинаны дамытудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ МЖӘ шеңберінде ынтымақтастыққа мүдделі жауапты мемлекеттік компаниялар қатарынан ведомствоаралық жұмыс тобын құруды жүктеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу